Дүлей күшке қарсы ел азаматтарының бірігер шағы келді – Ерлан Қошанов
Жастар рухы жергілікті төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге жұмысқа бел шеше кірісіп, халыққа аянбай қызмет көрсетуде
Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов еліміздегі су тасқыны болып жатқан өңірлерде жастар да төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге жұмысқа бел шеше кірісіп, халыққа аянбай қызмет көрсетіп жатқанын мәлім етті, деп хабарлады turkystan.kz.
Қадірлі ағайын! «Ел басына күн туса, ер етігімен су кешеді» деген. Қазір сондай жағдай туып тұр. Қардың күрт еруі салдарынан еліміздің біраз өңірін су басты. Қарғын су талай ауылды қапы қалдырып, үйлерді, қора-қопсыны шайып, малдарды ағызуда. Дүлей күшке қарсы ел азаматтарының бірігер, ердің сыналар шағы келді.
Осындай сын сәтте «AMANAT» партиясының рухты жастары белсеніп шығып, табиғи апат орын алған өңірлерден табылып отыр.
Жастар рухы жергілікті төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге жұмысқа бел шеше кірісіп, халыққа аянбай қызмет көрсетуде. Тұрғындарды қауіпсіз жерлерге көшіруге, өзен-сулардың арнасын биіктетуге, гуманитарлық көмекті тұрғындарға үлестіруге, су басқан ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарына барынша атсалысуда. Күн-түн демей дамылсыз жұмыс істеп, нағыз азаматтық мінез танытып, қиындыққа ұшыраған жұртқа қарлығаштың қанатымен су сепкендей қолұшын созып жүрген жастарымызға айтар алғысым мол.
Олардың қай-қайсысы да сын сәтте шыңдалған, әрдайым жұрт жанынан табылған болашақ ел тірегі болар отаншыл, рухты азаматтар деп білемін.
Еліміздің күші – бірлікте. Жұдырықтай жұмыла отырып, бұл қиындықты да еңсеретінімізге сенімдімін», - деді Мәжіліс төрағасы.