Павлодарда балабақша директоры мен бас есепшісі 63 млн теңге жымқырған

Олар мемлекетке жалпы сомасы 63 млн теңгеге жуық материалдық шығын келтірді

Павлодарда балабақша директоры мен бас есепшісі 63 млн теңге жымқырған
Pixabay.com
678

Павлодарда 63 млн теңге жымқырғаны үшін балабақша директоры мен бас есепшісі сотталды, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz  сайтына сілтеме жасап.

Павлодар қаласының 62 жастағы тұрғыны балабақша директоры лауазымында жұмыс істеп, есепшісімен бірге өзіне сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыру жолымен ұрлап кеткен.

«Директор мен есепші жеті жыл ішінде заңсыз бірнеше штаттық бірліктерді белгілеп және белгіленген бірліктерден тыс қосымша төлемдерді өз пайдасына заңсыз есептеп отырған. Сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аудармалар жасаған», - делінген хабарламада.

Осылайша олар мемлекетке жалпы сомасы 63 млн теңгеге жуық материалдық шығын келтірді. Сот оларды ҚР ҚК-нің 189 бабында (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұрынғы балабақша директоры бүгінгі күнде Абай облысы ҚАЖД-ға қарасты № 23 мекеменің карантин бөлімшесінде жазасын өтеуді бастады. Мекеме қызметкерлері онымен тәрбиелік-психологиялық сипатта жұмыстар жүргізіп жатыр. Сотталған азамат өз кінәсін мойындады, мемлекет пайдасына және жәбірленушілерге келтірілген борыштың бір бөлігін төледі. Қалған борышты төлеу үшін жазасын өтеу барысында жұмысқа орналасып төлеуге де дайын.

«Ал бұрынғы есепшіге қатысты, сот сотталушының бес жасар қызы бар екенің ескеріп, оған бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді кейінге қалдырды», –  дейді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.
 

Серіктес жаңалықтары