Заң мен тәртіп – қоғам темірқазығы
Заң мен тәртіпке бағынған ел ғана қауіпсіз қоғам, құқықтық мемлекет қалыптастыра алады. Заңды сақтау – әділеттіліктің, теңдік пен тәртіптің кепілі.
Елімізде «Заң және тәртіп» қағидатын қалыптастыру маңызды рөл атқарады.
Бұл – бәріне бірдей бұлжымас қағида. Заңның сақталуы, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру –
маңызды міндет.
Дамыған қоғам жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке, бұзақылыққа жол бермейді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс», – деді Президент жақында өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Өйткені құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады. Көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұру, келеңсіздіктермен қоғам болып күресу өте маңызды. Елімізде кең таралған тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты құқықбұзушылық әрекеттерге мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Өйткені азаматтардың тәртіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне кепіл болмақ. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайтынын уақыттың өзі дәлелдеді.
– Оның бәрі, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді, мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді. Қоғамдық жерлердегі вандализм – соның айқын көрінісі. Халқымыздың дүниетанымына жат идеология да елімізге зор қауіп төндіреді. Әсіресе, жас ұрпақ жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетуі мүмкін. Әлеуметтік желіде жастарды заңсыз іс-әрекет жасауға шақыратын материалдар таралуда. Тіпті, заң бұзған адамдарды үлгі етіп көрсететіндер бар. Біздің азаматтарымыз кез келген заңсыздыққа қарсы болуы керек, яғни бізге заң бұзушылыққа төтеп беретін мықты иммунитет қажет. Ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою керек. Құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуге тиіс. Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет. Қысқасы, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты, – деді Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында сөйлеген сөзінде.
Заң мен тәртіп қағидаты барлық салада, әсіресе мемлекеттік органдарда үстем болуға тиіс. Жалпы, қоғам заңға бағынғанда ғана біз айтып жүрген құқықтық мемлекет қалыптаспақ. Азаматтардың заңға бағынуы олардың құқығын шектеу емес. Керісінше, тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтып, демократияны дамыта түседі. Бүгінгідей күрделі геосаяси жағдайда елімізді сақтап қалу жолында азаматтардың мұны терең түсінгені ләзім. Өйткені заң үстем болмаған елде тұрақтылық болмайды. Ал тұрақтылық жоқ жерде сәйкесінше даму да болмайды.
Жалпы, әрбір азамат өзін қауіпсіз сезіну үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқарады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру қажет екенін айтқан болатын. Бұл, ең алдымен, қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білу деген сөз.
– Халыққа ынтымақтастықтың өзара тиімді формасын ұсынып, кері байланыстың оңтайлы жолдарын реттеу маңызды. Бастамашыл және заңға қайшы әрекеттерге бейжай қарамайтын азаматтарға арқа сүйеу құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатының іс жүзінде сақталуына мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Президент.
Құқық қорғау жүйесін толық реформалау, полициялардың түбегейлі өзгеруі – аса маңызды міндеттердің бірі. Президент полицияны қызмет көрсетуші органға айналдыруды жиі айтып келеді. Алайда Ішкі істер департаменттері атауының ауысуымен, полиция формасының өзгеруімен іс бітпейді. Ең алдымен құқық қорғау органдары кеңестік жүйе мен санадан арылса, халық пен заң арасындағы қарым-қатынас та жаңғыратыны анық.
– Полиция қашан да халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Кейінгі кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек, – деді Президент.
Жақында елімізде «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру, кез келген құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Ішкі істер министрі Мемлекет басшысына есеп берді. Ведомство басшысы құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мәселелеріне баса мән беріп отырғанын баяндады.
– Нәтижесінде, жыл басынан бері қылмыс деңгейі төмендеді. Атап айтқанда, ұрлық, тонау, қарақшылық, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық және көшеде жасалған қылмыстар, кәмелетке толмаған және бұрын сотталған азаматтар істеген қылмыстар айтарлықтай азайды, – деп мәлімдеді министр Ержан Сәденов.
Заң мен тәртіпке бағынған ел ғана қауіпсіз қоғам, құқықтық мемлекет қалыптастыра алады. Заңды сақтау – әділеттіліктің, теңдік пен тәртіптің кепілі.