Люксембургте 5 жылдан бері Наурыз тойланады – Халим мен Нұргүл
«Қазақстан-Люксембург ынтымақтастығы» қауымдастығының негізін қалаушылар
Биыл елімізде Наурыз мерекесі ерекше тойланып жатыр. Осы жылдан бастап 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың дәстүрлі онкүндігі өтпек. Осыған орай еліміздің әр түпкіріндегі көпшілік онкүндікке белсенді атсалысып, ұлтымыздың ұлы мерекесін ұлықтап жүр. Шетелдегі қазақ қауымдастықтары да кенде қалған жоқ. Түрлі чаттарға хабарлама жіберіп, бір-бірін Наурызды бірге тойлауға шақырып жатыр. Осы орайда мереке қарсаңында Аргентина, Чехия және Люксембургтегі қазақ қауымдастықтары өкілдерімен тілдескен едік.
«Қазақстан-Люксембург ынтымақтастығы» қауымдастығының негізін қалаушы ерлі-зайыпты Халим Титсаоуи мен Нұргүл Жәдігерқызы Люксембургте ұлыстың ұлы күнін бесінші жыл қатарынан атап өтетінін айтады.
– Екеуіміздің «Қазақстан-Люксембург ынтымақтастығы» қауымдастығының негізін қалағанымызға биыл наурызда 5 жыл болды. Тиісінше, Наурыз мерекесін тойлатып келе жатқанымызға соншама жыл болды. Жалпы, біз осы бес жылдың ішінде көп шаруа атқардық. Өте белсенді болдық. Осында үлкен бір базарда түрлі ұлт өкілдері өз тағамдарын әзірлеп алып келіп, көпшілікке дәм татқызады. Сол кезде бізде де сондай қазақша стенд болса екен деп ойлайтынмын. Сөйтіп, сол іс-шараға біз де қатысайық деген мақсатпен осы қауымдастықты ашқан едік. Сосын, әлбетте, ар жағында қазақтың қандай ұлт екенін, қандай салт-дәстүріміз бар екенін таныстырғымыз келді. Осы бес жыл ішінде көпшілік біздің қауымдастық арқылы Қазақстан туралы біраз нәрсе білді десек, артық айтпаймыз. Дегенмен Наурыз мерекесі – жүрегімізге ыстық. Өйткені 2019 жылы қауымдастық ашылған кезде өткізген ең бірінші ивентіміз сол мерекеге орайластырылған болатын. Жыл сайын жоғары деңгейде атап өтуге тырысамыз. Былтыр тіпті, бұл мейрамды «Наурыз week» деген атпен бір апта тойладық. Ол кезде Люксембургте беделі биік саналатын концерт залында Астанадағы мемлекеттік академиялық филармонияның «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі шашбауымызды көтеріп, керемет концерт қойған болатын.
Ал биыл Венгриядағы түркітектес халық өкілдерінен құралған Түркі жастары ансамблін шақырып отырмыз. Наурызды түркітілдес мемлекеттер де тойлайды. Сондықтан биыл қонақ ретінде сол ансамбльді Будапешттен арнайы шақырдық. Мұндай мерекеде түркітілдес халықтың басы қосылса қуанамыз. Алайда бұл – оңай шаруа емес. Дегенмен бәрімізге ортақ ұлы мерекені бірге атап өту үшін барымызды саламыз. Наурыз – біз үшін маңызды мереке. Біз оны тойлаудан бұрын, насихаттаймыз. Алдыңғы жылы «Наурыз with friends» деген атпен атап өткен едік. Сол кезде Люксембургте тұратын, біз секілді Наурыз мерекесін ұлықтайтын ирандық, ауған достарымызды шақырған болатынбыз. Ол уақытта стендке «Наурыз» деумен қатар, «Ноуруз», «Навруз» деп жазатын едік. Алайда биылдан бастап тек қазақша әріппен жазамыз деп шешім қабылдадық. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз түркітілдес ұлттардың түгелін жанымызға жақын тартып жүреміз. Жиі араласамыз. Бірақ Наурыз мерекесі жақындағанда оны атап өту бізге «қалып» қояды. Бәрін өзіміз істейтіндіктен, қазақшасын ғана қалдырайық деп шештік.
Мұнда бұл мереке туралы онша ешкім білмейтін. Біз түрлі жерге, әсіресе, радиоға қонақ ретінде қатысып, Наурызды кеңінен насихаттап, бар білгенімізді айтып қайттық. Былтыр Luxembourg Times газетіне Наурызды қалай атап өткеніміз туралы көлемді мақала шықты. Сол кезде қызыққандар жоғарыда айтып өткен беделді концерт залына қалайша концерт қойғалы жүргенімізді сұрап, таңғалған еді. Оларға «Наурыз тойлағалы жатырмыз. Бір аптаға жалғасады. Қазақстаннан 25 музыкант келе жатыр» деп едік. Сосын олар «Онда Наурыз жайлы үлкен мақала жазайық» деп бізден сұхбат алды. Біз «Мұны біз секілді тойлайтын әзербайжан, ауғандардан да сұрасаңдар болады» деп оларды да кіріктіргенін жөн көрдік. Сөйтіп, әр ұлттың бұл мерекені қалай атап өтетіні туралы көлемді мақала шықты. Алайда онда біздің қауымдастықтың іс-шарасына негізгі басымдық берілді.
Биылғы іс-шарамыз «бестің шайы» форматында өтеді. Кешкі бес жарымда концертіміздің бірінші бөлімі басталады. Біздің ивенттерімізге келетін көпшілік домбыра тыңдағысы келеді. Сондықтан алдымен домбырамен ән-күй шырқаймыз. Содан соң Түркі жастары ансамблінің концертін тамашалаймыз. Қазақ достарымыздың баласы жуырда 1 жасқа толады. Соның тұсауын сол іс-шарада кесеміз деп келістік. Содан соң ауызашардың уақытына ыңғайлап ұлттық тағамдардан дәм татқызамыз. Қазақша ет әзірлейміз. Одан бөлек, дастарқанға палау, бауырсақ, самса қоямыз. Әлбетте, Наурыз көже ұсынамыз. Сосын кеш соңы тағы концертке ұласады. Жалпы, осы жылдар ішінде мұндай мәдени ивенттерге жиналғандар шүйіркелесіп, әңгімелескенді айрықша ұнататынын түсіндік. Сондықтан оларға бір-бірімен араласуға мүмкіндік жасап, артынан би билеп, көңіл күйімізді көтеріп, бір марқайып қаламыз. Жалпы, бас-аяғы бес сағатқа жалғасатын іс-шараны Люксембургте осылайша өткіземіз.