Жемқорлықпен күрес...
Шешімі табылмай тұрған күрделі әлеуметтік мәселеге байланысты елімізде арнайы заң қабылданып, түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Әйтсе де, жемқорлықты түпкілікті жою мүмкін болмай отыр.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – Қазақстан саясатындағы негізгі басым бағыттардың бірі. Қоғамның әрбір мүшесі заңға бағынатын, әділдік салтанат құрған қоғам орнату үшін жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Бұл күрделі мәселе шешілмейінше, мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды. Сондай-ақ жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді, елдің әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуын тежейді.
Шешімі табылмай тұрған күрделі әлеуметтік мәселеге байланысты елімізде арнайы заң қабылданып, түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Әйтсе де, жемқорлықты түпкілікті жою мүмкін болмай отыр.
– Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек. Оған қоса заңнамалық шаралар қабылдауға тиіспіз. Сонымен бірге жемқорлыққа қатысты қылмыстарды анықтау және ашу жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет. Сонда ғана жемқорлықпен табанды түрде күресе аламыз, – деген болатын Мемлекет басшысы.
Президент жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық бағытын түбегейлі қайта қарау қажеттігін де ескерткен болатын.
– Сыбайлас жемқорлық – экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағытта біраз жұмыс жасалды, нәтиже де бар. Бірақ солай екен деп, босаңсуға болмайды. Жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, цифрландыруды белсенді түрде қолдану керек, – деді Президент.
Халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту және құқықтық мемлекет құру үшін нақты нәтижеге қол жеткізу маңызды. Сондықтан азаматтар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. «Емі» жоқ дертпен күресте бүкіл қоғам болып жұмылу – тиімді шаралардың бірі. Жемқорлықтың індет, ал онымен күресу міндет екенін көпшіліктің санасына сіңіру маңызды. Бұл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ғана бас ауыртар мәселесі емес, барлық мемлекеттік органдардың ортақ мақсатына айналғанда нәтижелі болмақ. Алайда бұл бірреттік науқан емес, онымен күресу барлық азаматтың қасиетті борышы және адамгершілік міндеті екенін түсінгені дұрыс. Жалпы, жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жерде адам заңға қарсы келетін іс-әрекетке бармайды, жаман қылықтардан бойын аулақ ұстайды, қызмет дәрежесін жеке басының мақсаты үшін пайдаланбайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – адамның жоғары моральдық, құқықтық, саяси мәдениеттер негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін білдіреді. Жеке тұлғаның жемқорлыққа қарсы иммунитеті ол –адамгершілік, зияткерлік, мәдени тұрғыдан дамуы, сондай-ақ белсенді азаматтық көзқарасы. Келеңсіз құбылыстың ең қауіпті тұсы – жас ұрпақ тәрбиесіне зияны. Елдің болашағына, ұлттың қауіпсіздігіне бұлт төндіретін құбылыспен күресу мәдениетін қалыптастыруда отбасының рөлі ерекше.
Отбасы – шағын мемлекет. Баланың тұлға болып қалыптасуында отбасының алар орны ерекше. Адамгершіліктің негізі – имандылық пен ізеттілік те отбасынан бастау алады. Әрбір ата-ана балаларын жан-жақты дамытып, білім беріп, адал еңбектенуге, біреудің ала жібін аттамауға тәрбиелей алса – ұтқаны. Сондай-ақ баланың сана-сезімінің қалыптасуына, құқықтық, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруда ата-ананың рөлі ерекше. Ар-намысты, әділдік пен адалдықты жоғары қоятын адам заңға қайшы әрекет жасамайды, өзінің де құқығы бұзылуына жол бермейді. Осылайша, жастар бәсекеге қабілетті бола отырып өз халқына лайықты қызмет етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың тиімді қағидаттарының бірі – жариялылық. Бұл шараның мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың қоғамда таралуына мүмкіндік бермеу, БАҚ арқылы оның жасырын тетіктерін түсіндіру. Бұқаралық ақпарат құралдары жемқорлық фактілерін жариялап, парақорлардың жазасыз қалмайтынын көрсету арқылы жемқорлықтың жағымсыз құбылыс екенін көрсетеді. Халыққа жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына оң әсер етеді. Сонымен қатар жемқорлық фактілерімен бетпе-бет келген тұлғалардың жауапты органдарға арыз-шағым түсіруі де тиімді шара. Өйткені мемлекетіміздің әрбір азаматы Конституцияны және мемлекетімізде қабылданған заңдарды сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Қоғамның жегі құртына айналған мәселемен түбегейлі күресуде халықтың құқықтық сауатын арттыратын, құқықтық түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы зор.
Еуропа елдерінде азаматтардың ақпаратқа қолжетімдігі, құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі және халықтың этикалық нормаларды сақтауы мемлекеттің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің кепілі болып отыр. Жемқорлыққа қарсы күресте шведтік үлгі тәжірибе алуға тұрарлықтай. Бұл ел мемлекеттік құжаттардың ашықтығын қамтамасыз етіп, тәуелсіз сот жүйесін құрды. Қоғамдағы абырой, тазалық – қалыпты жағдай. Шенеуніктердің жалақысын 12-15 есеге көтеріп тастады.
Германияда жемқорлыққа қарсы күрестің «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың және оған қарсы тұру тұжырымдамасы» деп аталатын федералдық бағдарламасы қабылданған. Оның орындалуын елдің Ішкі істер министрлері, сенаторлар конференциясы бақылап отырады.
Ал Америка Құрама Штаттарының заңнамасында пара үшін оның үш есе мөлшеріндегі айыппұл немесе 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. АҚШ заңдар жинағы 201-бабының бірнеше тармақтарына сәйкес азамат пара беру мен алу, уағдаласу жайттары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. АҚШ-та кез келген шенеунік секілді президент те қылмыстық жауапкершіліктен құтылмайды. Мәселен, АҚШ вице-президенті Спиро Агню жемқорлық үшін айыпталып, қызметінен босатылды және саясаттағы мансап жолы біржола жабылды.
Дамыған мемлекеттер билік органдарындағы жемқорлықтың алдын алуға, онымен күресуге баса назар аударатынын көрдік. Осы ретте шетел тәжірибесін зерттеу жемқорлыққа қарсы қызметтегі қателіктер мен қарама-қайшылықтарды болдырмауға және қарсы күрес стратегиясында дұрыс тәсілдерді таңдауға мүмкіндік береді. Еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте шет мемлекеттердің жағымды тәжірибелерін пайдаланса, ұтылмасы анық.