Ауғанстан қазақтары: Қазақстан бізге ие болса екен

"..Ауғанстан қазақтарын қайтарып алу мін­детті емес. Ол жақта Қазақстанға бүйрегі бұ­ратын үлкен диаспора қалыптастыру ке­рек. Сосын сонда оларды біздің мәдение­ті­міз­ге баулығанымыз жөн. Қазір Түркия түрлі ел­дегі тіл орталықтары, Қытай Конфуций ор­­­талықтары арқылы қалай өз тілі мен мә­де­ниетін насихаттап жатса, біз де солай іс­теуіміз керек".

Ауғанстан қазақтары: Қазақстан бізге ие болса екен
сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
1772

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және эт­нология институты директорының орын­­басары, тарихшы ғалым Жомарт Жеңісұлы былтыр жыл соңында Ауған­стан­дағы қазақтардың хал-жағдайын біліп қайтқан болатын. Содан соң «Қазақтар тұратын біраз жерді аралай алмадым» деген ол биыл жыл басында тағы ауған жеріне барып, он­дағы қазақ көп шоғырланған ауылдарды ара­лап қайтты. Айтары көп ғалымға ха­бар­ласып, әңгімесін жазып алған едік.

Ауғанстан қазақтары. Олар кімдер?

Шығыстанушы әрі тарихшы болған соң бізге ір­гелес жатқан аймақтардың тарихы, сол жерде тұрып жатқан этникалық топтардың тұрмыс-тір­шілігі маған қызық. Соның ішінде Ауғанстан да бар. Екіншіден, Кеңес Одағы кезінде саяси қуғын-сүргін, ашаршылық, бай-бақуаттылар ке­сірінен жерін тастап, Тәжікстан, Қытай, Ауған­стан, Өзбекстанға жер ауып кеткен қазақ­тардың одан кейінгі аяқ алысы туралы білгім келді. Үшіншіден, қазір ел ішінде Ауғанстанда қанша қазақ қалғаны, олардың ол жаққа қашан және қалай көшіп барғаны жиі талқыланып жа­тыр ғой. Мұның бәрін ескеріп, Ауғанстанға ға­лым ретінде барып қайту туралы шешім қа­был­­дадым. Өзіңіз білесіз, Ауғанстанда саяси ахуал қиындау. Санитарлық-эпидемиологиялық жағ­дай да мәз емес. Қай жағынан алсақ та, артта қал­ған ел ғой. Соған қарамастан белімді бекем буып, барып қайтайын дедім. Бірінші рет был­тыр желтоқсан­ның соңында бардым, екінші са­па­рым биыл ақпан айында болды. Жалпы, бізде Ауғанстан туралы ақ­па­рат аз ғой. Екі ел арасында дип­ло­ма­­­­тиялық қарым-қатынас әлі орнаған жоқ. Ол ел туралы деректерді әлемдік басы­лым­дар­дан ғана оқи аламыз. Сондықтан әлбетте, ба­с­ында «Қалай болар екен?» деген қор­қы­ныш болғанын жасырмаймын. Әсіресе, ше­ка­радан өткен кезде бойымды үрей биледі. Қо­нақүй табу, таксиге міну секілді қара­пайым нәрседен бастап, жеке басыңның қауіп­сіздігіңе дейін толғандырады ғой. Алай­да Ауғанстан мәдениеті ирандықтарға жа­қын. Ал мен Иранда жеті жыл оқығанмын. Сон­дықтан «ол жақ Иранға ұқсайтын болар» деп дайындалып бардым. Парсы тілін жетік бі­летіндіктен, «Қанша дегенмен тіл білемін ғой» деп өз-өзімді жұбаттым. Оның үстіне, он­дағы Мазар Шәріп қаласында біздің кон­сул­дық жұмыс істейді. Соған сеніп бардым (кү­ліп). Алғашқы сапарға өз қаржыммен бар­дым ғой. Сондықтан мейлінше үнемдеуге ты­рыстым. Алматы-Қатар-Кабул бағытында әуе рейсі қатынайды екен. Алайда мұны ме­нің қалтам көтермейді. Сондықтан мар­шрут­ты өзім белгілеп, таксимен жетемін деп шеш­тім. Алматыдан Ташкентке, сосын Са­мар­қанға, содан соң Термез қаласына өттім. Тәжікстанға өтіп, ауған шекарасына жеттім. Шекарада мені Ауғанстанда тұратын қазақ, кәсіпкер Қа­ландар Рахым күтіп алды. Онымен әлеу­меттік желі арқылы танысқан едім. Кейін ол «Сіз туралы көп естідім» деп маған ха­барласты. Сөйтіп, онымен байланыс орна­тып, жолға шығарда бәрін, тіпті ауа райына дейін сұрап отырдым. Қаландар қазақшаға судай. Қазақстанға бірнеше рет келген. Ата қо­нысы – Қызылорда облысының Жаңа­қор­ған ауданына ағайындарын іздеп барған. Қа­зақстан туралы білері көп, Түркияда оқы­ған, көзі ашық жігіт. Ол мені көлігіне отыр­ғы­зып алып, Мазар Шәріп қаласындағы үйі­не алып барды. Сосын онда үлкендердің ба­сын қосып, үлкен жиын өткізді. Ақ­са­қал­дармен жеке-жеке сұх­баттасып, мә­де­ниет, діни сенімі туралы кеңінен сөйлестім. Қазақша білетіндері жетерлік. Ал өзгелері өз­бек тілінің қыпшақ диалектісінде сөй­лей­ді. Қазақ тілі қыпшақ-ноғай тармағына жа­та­тындықтан, ноғай, қарақалпақ тілін қалай же­те түсінсек, олармен де сөйлесу оңай бол­ды. Менде басқа ұлттың өкілімен сөй­ле­сіп отырмын деген ой болған жоқ. «Түсінбей қал­дым немесе қайталаңызшы» дегенім жоқ. Бә­рін түсініп отырдым. Олардың мента­ли­те­ті, мінез-құлықтары, мақал-мәтел қосып сөй­лейтіні – бәрі бізге ұқсайды. Ауғанстанда түрлі ұлт өкілдері тұрады. Елдің ата заңы бойын­ша олар Ауғанстанның ұлты болып есеп­теледі. Соның ішінде өзбектер, пуш­тун­дар, тәжіктер және хазарлар – Ауғанстанның нег­ізгі халқы. Ал қалған ұлттар бөлек болып қарастырылмайды. Өзбектердің арасына кіріп кетіп, өзбек болып жүреді. Олардың же­ке куәліктерінде қандай қауымнан шық­қа­ны туралы жазылады. Көп қандасымыз қа­зақ деп жазып алса, біразы өзбек деп жаз­дыртып алған. Ақсақалдардың бар айтқаны мы­надай: Елмен байланыс болса екен, Қа­зақ­стан бізге ие болса екен. Айта кетерлік жайт, онда оларды Қазақстанға міндетті түр­­­де қайтару керек деген әңгіме болған жоқ. Мен оларға ондай уәде бергенім де жоқ. Онда мен тарихшы ғалым ретінде бардым. Олар­дың қайтарып алу ісімен айналысатындай мен шенеунік я дипломат емеспін. Тек «Ауған қазақтары деген кімдер екен? Бізге қандай пайдасы бар? Біз оларға не бере аламыз?» деген сұрақ мазалады. Десе де, оларға «Қа­зақ­ша кітап-оқулықтар жібереміз. Ба­ла­ла­рыңыз­­ды біздегі оқу бағдарламаларына қа­тыс­тырып, қолымыздан келгенше Қазақ­стан­­да оқуына жағдай жасаймыз» деп уәде бер­­­­­дім. «Ойбай, бітті, болды. Біз Қазақстанға ке­теміз» деп отырған олар жоқ. Бар айтқаны – «Бізге ие болатын біреу болса, артымызда Қа­зақ­стан деген ел тұрғанын біліп, көкірегімізді кө­теріп жүрсек дейміз. Арамызда білімді жас­тар баршылық. Оларды елге оқуға жі­бер­сек, сол жақта өсіп-өнсе дейміз». Содан соң ол жақта емхана, дәріхана, мектеп жетіс­пей­ді. Әлеуметтік жағдай төмен. Құдықтар жоқ. Ауызсумен қамтамасыз етілген аймақтар аз. Сон­дықтан қазақтар көп шоғырланған ай­мақ­тарға көмектесіп жіберсе деген тілегі та­ғы бар. 

Радикалды ағымдар жоқ

Мені бәрінен бұрын қызықтырған мы­на бір нәрсе болды. Ауғанстан же­­­рінде қазаққа тән не нәрсе бар екен? Ол жақ­ты қазақтар бұрыннан мекендесе, демек, қа­зақша жер-су, тау атаулары болуы шарт қой. Жан-жағыма зер салып, сондай ерек­ше­лік­терді іздеп жүрдім. Мазар Шәріп қала­сын­да онша байқалмайды, ал ауылдарға барсаң, көп дәстүріміздің сақталғанын байқайсың. Бі­рінші барғанда Ауғанстанның сол­түс­ті­гін­де­гі ауылдарды араладым. Алдымен Қазақлы де­ген ауылға бардым. Ол жердегілер де қып­шақ тілінде сөйлейді екен. Бірақ көбінің тегі – Қазақ. Мысалы, Абдулла Қазақ, Мұхамед Қа­зақ атты қандастарды кездестірдім. Одан кейін Дулат деген тауға бардым. Оның ете­гінде орналасқан Сүлікті деген ауылға бас бұр­дым. Сүліктіде қоңыраттар тұрады екен. Одан соң Әмударияның бір сағасында ағып жат­қан Алшын деген өзенді көрдім. Соның ішін­де бір көпірді Алшын көпір деп атайды екен. Тасқорған деген жерге табаным тиді. Со­сын кейбір ауылдарда тұтас рулас шоғыр­ла­нып тұрады екен. Қаңлылардың ауылына ба­рып, олардың ақсақалдарымен сөйлестім. Байұлы­на кіретін Таз руының ақсақал­дары­мен әңгімелестім. Ашамайлы, Жалайырдан та­райтын ұрпақтармен де таныстым. Ру өкіл­дерімен жеке-жеке сөйлесіп, көп дерекке қа­нық болдым. Жалпы, қазақтар тұратын жер­дің бәрін араладым. Кейбір ауылдарда ру­ластар өздері ғана тұрады. Таз руынан тарайтындар кезінде жан-жаққа шашыраған руластарын бір жерге жинап, бірге күнелтіп жүр. Бір-бірімізге көмектесейік, жетім-же­сір­лерімізге қамқор болайық, бір-бірімізден ха­бар алу оңай болсын деп бір жерде тұрып жа­тыр. Тек өздері тұрады, мал шаруа­шы­лы­ғы­мен, диқаншылықпен айналысады. Қо­лө­нерден де кенде емес. Кілем тоқиды. Ол ауыл­да біздің ауылдардағыдай 4-5 мың адам тұр­майды. Онда шамамен 50-60 үй түтін түте­тіп отыр. Бірақ барлығы олай бір жерге тұ­рақ­тамаған. Шашырай орналасқандар же­терлік. Қалалы жерде бір кварталда, бір ық­шам ауданда бір-біріне жақын тұрады. Най­мандар солай тұрады. Бір көшенің бойын­да тұратын Ашамайлыларды да кез­дес­тірдім.
Байқағаным, олар да негізінен ет жейді. Бірақ олар етті аз тұтынады екен. Ас­тына қамыр, үстіне ет пен басқа жеміс-жи­дек­тер салады. «Онда біздегі дәстүрдің түгелі сақ­талған ба?» дегенге жауап күтуге болмай­ды. Өйткені олардың бізден бөлініп қалға­ны­на соңы бір ғасыр, алды төрт-бес ғасыр бол­ды. Мұндай уақыт аралығында кез келген ұлт ассимиляцияға ұшырайтыны айдан анық. Алайда мені мына нәрсе қатты таң­ғал­дырды. Ақсақалдар мен жастардан киіз үй­дің элементтерін сұраған едім. Олар уық, ке­реге, шаңырақ, босаға деп қазақша іркіл­мей жауап берді. Басқа, басқа мұны біле­тін­деріне таң-тамаша болдым. Оларда да дом­быра деген аспап бар. Біздікі­нен өзгешелеу. Бірақ біздің өнертанушылар бұрын біздің дом­быра осындай болған дейді. Кейін му­зыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов өзгертсе ке­рек. Тағы бір айта кетерлігі, олар­дың өз ауыз әдебиеттері бар. Мен бұрын-соңды есті­ме­ген жыр-дастандардың үзін­ділерін естідім. 
Тағы бір айтарым, ол жақта радикалды ағым­дар жоқ. Оларға Талибан үкіметі, оның ал­дындағы үкімет те қарсы болған. Оларды елге кіргізбейді. Ал бәрі сөз етіп жүрген киім­дері – сол жердегі ауған халқының ұлттық киі­мі ғой. Олар мыңдаған жыл бойы сол киіммен жүр. Қазақтарда да осыдан жүз жыл бұрын басқа киім үлгісі болды ғой. Бірақ біз жақта жаһандану процесі жылдам жүрді де, бәрі бірте-бірте өзгеріп сала берді. Ал олар сол өзгермеген күйі қалып қойды. Сосын бас­қа ұлттың арасында өмір сүрген соң, түбі сол жаққа икемделетіні анық қой. Күн көру ке­рек. Интеграциялану қажет. Сондықтан он­дайға түсіністікпен қарау керек. 1995 жы­лы Ауғанстаннан келген біраз қазақ Түр­кі­стан­ның қасындағы Достық деген ауылға қо­ныстанған болатын. Қазір сол отыз жыл бұрын барған оларды жергілікті халықтан ажы­рата аласыз ба? Ажырата алмайсыз. Сол кел­генде дамбал киген кісілердің бәрі дү­ние­ден озды. Олардан тарағандары ауыл тұр­ғын­дарына еліктеп, икемделді. Сол секілді кез келген нәрсе мәдениет ықпалымен өзгереді. Мінез де, менталитет те. 

Қазақ Ауғанстанға қай кезде барған?

Жалпы, кез келген адам басқа елге көшер кез­де сол елдегі диаспораға иек артатыны сөз­сіз. Кеңес Одағы кезінде Қытайға қашқан қа­зақ­тар онда жоңғарлар, қытайлар тұратын болса аяқ баспайтын еді. Олар сол жерді ме­­кен еткен қазақтарды сағалап барды. Сол се­кілді Ауғанстандағы қазақтар да сол елде бұ­рыннан тұрып жатқан қазақтарды сағалап бар­­ған. Ауғанстандағы қазаққа тән ру-тай­па­лардың тарихын 3 кезеңге бөліп қарауға бо­­лады: ХV–XVI ғасырларда ауған, сосын XIX–XX ғасырлардағы түрлі саяси оқи­ға­лар­ға байланысты көшуге мәжбүр болған жә­не кеңестік жүйенің қуғын-сүргіні, аштық пен кәм­­пескелеу кезінде Ауған жеріне қоныс ау­дар­ғандар. 20-30 жылдары кеткен қазақтар өзінің алдында кеткен, яғни XIX–XX ғасырда қоныс аударған қазақтарды сағалап барды. Бізде бұл жөнінде нақты тарихи деректер бар. «Ауғанстанда қазақтар тұрады екен. Ол жақта күн жылы екен. Онда Әмудария деген өзен бар екен. Аштан өлмейміз» деп, сол жақ­ты бағыт етіп, жағалай жөнелген. Ал ХIХ ға­сырда барғандар оның алдындағы ғасырда кө­шуге мәжбүр болған қазақтарды сағалап бар­ған. Олар онда бостан-бос барған жоқ. Қай жерде өмір жалғасып жатыр, сонда ба­рып, күнелткісі келеді. Енді олар өздерін өлі­мге қиятын жерге бармайды ғой. Бірінші барғандар Дешті Қыпшақ, шайбанидтер, Өзбек ұлысы кезінде өмір сүрген – қаңлы, қоңырат, алшын, қыпшақ тайпалары. Мен қа­зір монография жазып жатырмын. Оның ішінде Ауғанстан қазақтарының қоныс­тануын растайтын тарихи деректер бар. Қас­ым хан, Тәуке ханның кезінде көшіп бар­­­­ғандары, одан кейін де «Біз қазақ деген ел­денбіз» деп барған тайпалар бар.
Жалпы, үш кезеңде барған қазақ­тар­дың қазақилығы жергілікті ха­лық­пен етене араласуына байланысты әртүрлі. Де­генмен соңғы барған қазақтар қай жерден кел­генін, руының қандай, жеті атасының кім еке­нін беске біледі. Сол топпен келгендердің ара­сынан Есентемір, Тама, Божбан, Жетімдер, Ке­рей, Найман, Маңғытай, Шөмекей, Кете, Сар­ғасқа руларынан тарайтындарды кез­дес­тір­дім. Олардың көбі біз секілді көпбалалы. Қы­рықтағы азаматтың 8 баласы бар. Тама руы­нан тарайтын бір азамат мұнда 5-6 от­басы қалдық дейді. Әрбірінің үйінде 10 адам­­­нан болса, бір рудан 60 адам бар ғой сон­да. Бірінші топтағылар аз болса да бар. Ал екінші топтағылар көптеу. Олар өзбекке жа­қындап кеткен, бірақ өздерін қазақпыз деп есептейді. Өздерін өзбектерден бөліп көр­­­сетеді. Айта кетерлік бір жайт, 1979 жыл­дан соң Ауғанстанда статистика жүр­гі­зіл­ме­ген. Қазақтар туралы ешкім мәлімет те жи­на­маған. Қандастар әр таудың етегін, өзен жа­ғасындағы ауылдарды жағалап, күнелтіп жүр­гендіктен оларды ешкім іздемейді ғой. 
Ауғанстан қазақтарын қайтарып алу мін­детті емес. Ол жақта Қазақстанға бүйрегі бұ­ратын үлкен диаспора қалыптастыру ке­рек. Сосын сонда оларды біздің мәдение­ті­міз­ге баулығанымыз жөн. Қазір Түркия түрлі ел­дегі тіл орталықтары, Қытай Конфуций ор­­­талықтары арқылы қалай өз тілі мен мә­де­ниетін насихаттап жатса, біз де солай іс­теуіміз керек. Олар біздің рухани, мәдени, тіп­ті саяси бір базамыз болуы керек. 1926 жы­лы санақ жүргізілгенде Өзбекстанда өз­бек­тер бөлек көрсетілген, қыпшақ пен қоңы­рат­тар құрама тайпалар ретінде бөлек жа­зыл­ған. Содан бері бір ғасыр өтті. Қазір олар­дың бәрі өзбек болып кетті. 1926 жылғы са­нақ бойынша онда 130 мың қыпшақ тір­келген. Ал қазір олар ала шапан киіп, өзбек бо­лып жүр. Оларға қазір барып «Сендер қа­зақ­сыңдар ғой» десең, «Әрі жүр» дейді. Егер олар­ды санақ жүргізілген кезде шақырып, ор­та­мызға икемдеген кезде Өзбекстандағы қа­зақтар саны қазір ел айтып жүргендей 1 млн емес, 5 млн болатын еді. Дәл сол жағдай қа­зір Ауғанстан қазақтарының басына туып тұр. Бірақ олар мынадай, олар анадай деп олар­дан да бас тартамыз ба? 

Қазақ байларының дені – жастар!

Ауғанстан қазақтарының арасында бай тұ­ратын қазақтар көп. Тағы бір қызы­ға­ты­ным, ол байлардың дені – жастар. Жеке кәсіп дөң­гелетіп отыр. Дүкендері, сауда орындары, қой­малары бар. Еңбекқор. Жастары елге бар­­ған күннің өзінде бізге қарап қал­май­ты­ны сөзсіз. Бір кәсіпкермен сөйлескенімде ол «Маған Қазақстаннан бір тиын керек емес. Бар болғаны Солтүстік Қазақстанға тұрақ­тау­ға рұқсат берсе болғаны. Ондағы бір ауыл­дағы үйлерді сатып алатын едім. Бала­лар­ға мектеп аштыратын едім. Ол жерден жер алып, бидай, арпа егіп, оны элеваторда сақ­тап, ұн қылып, басқа елдерге экспорт­тай­тын едім. Маған көпшіліктің көмегі қажет емес. Жұмысшы ретінде туыстарым мен ру­лас бауырларымды жұмысқа алып кетемін. Оларға бір-бір үй алып беремін. Еш жәрдем ке­рек емес» дейді. Олар қазір де солай өмір сү­ріп жатыр. Онда біздегідей әлеуметтік кө­мек, жәрдемақы, шәкіртақы, зейнетақы деген жоқ. Тегін емделу, білім алу мүмкіндігі де жоқ.
Жоғарыда көзі ашық жастар бар еке­нін атап өттім ғой. Сондай жас­тар­дың бірі – Рамазан Батыр. Ол Тахар қала­сы­нан Тұран деген атпен академия ашқан. Он­да тіл мамандары 500 баланы ағылшын, не­міс, француз және орыс тіліне үйретеді. Ра­мазан «Маған елден мамандар жіберсе, оқу­лықтар әкеп берсе, осы орталықта қазақ ті­лін үйретер едім» дейді. Ауғанстанда Ра­ма­зан секілді жан-жақты, ағылшыншаға судай, па­расатты жігіттер көп. Журналист бауыр­ла­­рымыз да бар. YouTube-та өз арнасын жүр­­­­гізетін жігіттер де бар. Осы ретте ол жас­тарға біздің тараптан куратордың жұ­мы­сын атқаратын бір жетекші керек. Әсіресе, мәдени құндылықтарымызды дәріптеуге сеп­тігін тигізетін бір жан табылса дейсің. Алдымызда Наурыз мерекесі келе жатыр. Ауғанстан қазақтарына Наурыздың қалай тойланатынын, ол мереке кезінде не іс­те­лінетінін айтып түсіндіру керек. Олар бізбен бай­ланысы болмағандықтан ұлттық мереке ту­ралы ештеңе білмейді. Ауғанстан қазақ­тары бізден ақша сұрап отырған жоқ. Олар бізден рухани қолдау сұрап отыр. Мен олар «қа­зақтың көсегесін көгертеді, оларды кө­шіріп алып келсек керемет болады» де­меймін. Тағы да қайталап айтамын, мен олар­­дың түгелін дерлік Қазақстанға алып келуге қарсымын. Қазір біз Ауғанстан қазақтарын көшіріп алуды емес, оларды диас­пора ретінде тануға бас қатыруымыз керек. Әлбетте, мұның адамгершілік жағы да бар. Кезінде ата-бабасы мекен еткен біздің жерде олардың да тұрғаны дұрыс. Туған то­пырақ, тарихи Отаны – біз басып жүрген жер. Дегенмен мұның саяси-экономикалық жағы және бар. Біз – астық, пайдалы қаз­ба­лар­ды экспорттаушы елміз. Әсіресе, бізде өсе­тін бидайға сұраныс өте көп. Ауған­стан­нан Пәкістанға, ары қарай Үндістанға шы­ғып, біздің шикізаттарды таратуға болады. Сол кезде Ауғанстандағы диаспораның пай­­­­­дасы көп тиеді. Себебі олар осы жолдың то­рабында тұрып жатыр. Баяғы Әмудария­ның бойымен өткен Жібек жолы іспетті ғой. Сондықтан осылайша Ауғанстанмен жақсы қа­тынас орнатуға болады. Жетісайдан Мазар Шәріпке дейін 700 шақырым. Алматы мен Шым­кенттің арасы секілді. Ары қарай Пәкі­станға дейін тағы 700 шақырым. Сосын Үн­ді­стан, Үнді мұхиты, Оңтүстік-Шығыс Азия­ға шығуға мүмкіндік бар. Сондықтан Үкі­мет осы тиімді жағын да қарастырса де­ген тілек бар.

Арнайы экспедиция жіберу керек

Талибандардың қазіргі саяси күрес­терін­де көп қарсылас бар екенін бі­ле­тін боларсыз. Ал біздің қазақтардың қақ-соқпен шаруасы жоқ, саяси күреске еріп кет­пейді. Бейтарап. Өзбектерді, тәжіктерді де қолдамайды. Өзімен өзі жүрген бауырлар. Бұл жағы да бізге тиімді. Талибандармен бай­ланыс орнатуға септігін тигізеді. 
Тағы бір қосарым, Ауғанстанда мәдени ор­талық ашу керек. Мен өткенде он шақты та­қия алып барғам. Алғандардың бәрі қы­зы­ғып, басына киіп алды. Сосын арасындағы біреуі «Жомарт аға, осындайдан тағы бір елу шақтысын жіберіңізші. Киіп жүрейік» деп өті­ніш айтты. Расымен олардың біздің ұлт­тық құндылықтарымыз десе, елең етіп тұра­тын­дар жетерлік. «Ауғанстандағы ахуал қиын. Соғыс болған соң Қазақстанға қарай қа­шып жатыр» дегенді көп естимін. Алайда біз олай ойламауымыз керек. Дегенмен ара­ларын­да туған жеріне, туыстарына жете ал­май, аңсары ауып жүрген қазақтар бар. Мен оларды жіті бақылап, «Осылардікі шын ба, әлде өтірік пе екен?» деп зерттеп көрдім. Мен сөйлескендердің көбі «Мен – қазақпын!» деп кеуделерін ұрып отыр. Ешқандай арам пи­ғылы жоқ. Бауырлас екенімізді анық сез­дім. Дегенмен ол жаққа құрамында линг­вист­тер мен этнографтар кіріктірілген үлкен экспедиция баруы керек. Ауылдарды бір ай ара­лап, мәдени, этнографиялық зерттеу жүр­гізілуге тиіс. Сол кезде ондағы қазақ бауыр­лары­мызды басқалардан ажырата білеміз. Олар­дың түгелін өзбек деп те айтуға бол­май­ды. Қыпшақ тілінде сөйлеп тұр ғой. Біздің сол­түс­тік аймақта тұратын қазақтар орысша шүл­дірлеп, шашын сарыға бояп алады. Олар­ды қазақ емес деп айта алмайсың ғой. Мұнда да солай. 
Мен бірінші барғанда көп жерді көре алмай кеткен едім. Қыпшақтардың ауы­лына, Тарих провинциясына барғым кел­ді. Қазақ ауылындағы Қазақ деген мек­теп­ті көргім келді. Екінші рет барғанда осы діт­теген жерлердің бәрін араладым. Мә­де­ние­тімен таныстым, кілемді қалай тоқи­ты­нын көрдім. Алайда Ауғанстанда көп уақыт жү­руге тағы болмайды. Қатерлі. Екі ел ара­сындағы қарым-қатынас толық орна­ма­ған­дықтан, емін-еркін жүре алмайсың. Турис­тер жүретін жер емес. Сондықтан аз күн­нің ішінде ұйықтамай, 24 сағат жұмыс істедім десем болады. Бәрін білемін, көремін, жинай­мын деген мақсат қойдым. Ал ұйқыны жолға «қалдырдым». Елге келген соң Қаскелең, Алматыда тұратын бірнеше кісі «Ауғанстанда нағашым, туыстарым қалып қойған еді» деп хабарласты. Екінші барғанда «Туыстарыңнан қа­лайша қалып қойдыңдар?» деп сұрасам, «Ол жылдары елге көшу туралы мәлімет бізге кеш жетті. Ақырында бағдарлама жабылып, біз үлгермей қалдық» дейді.
Өткенде «Отандастар қорының» кеңсе­сін­де бір топ ғалымдар мен депутаттардың ба­сы қосылып, Ауғанстанға жіберілуі керек үл­кен экспедицияны қаржыландыру, ке­шенді зерттеу жүргізу мәселесі көтерілді. Расы­мен онда арнайы экспедиция жіберуіміз ке­рек. Оларға Ауғанстанда көмектесетін бел­сенді жастар бар. Қазір олар топ-топқа бө­лініп, ауылдарды аралап, кімнің қашан кел­генін, атасы кім, әкесі кім екенін анықтап, де­ректер жинап жүр. Бұл іске белсенді түрде кіріс­кеніне бір ай болды. Бізді тегі мықты ха­лық деп бекер айтпайды ғой. Ауғанстанда түр­лі жаман нәрселер бар. Әсіресе, жасөс­пірім ұлдарды мәжбүрлейтін небір қитұрқы әрекеттер істелінеді. Алайда ол жақтағы қазақтардың арасында мұндай жоқ. Мұнда қан тазалығы бар. Бір өкініштісі, кей рулар бір-бірімен қыз алысып кеткен. Ақсақалдар «Біз мұны реттейміз, мұны білместікпен іс­тедік, енді олай қайталанбайды» деп отыр. Қазақстанда үнемі бас қосып, әр рудың шежіресін талқылайтын бейресми ұйымдар белсенді жұмыс істейді. Ауғанстан қазақтары алдымен солармен байланыс орнатуы керек. Әлгі ұйымдар қыруар шаруа атқарады. Ше­жі­­­­ресіне кіргізу үшін өз адамдарын жіберіп, бұл іске бейжай қарамайды. Ауғанстан қа­зақ­тары бәленбай ғасыр бұрын шежіреден шы­ғып қалған ғой. Сол олқылықты толтыру үшін олар зерттеу жүргізуге дайын отыр. Сол кезде жұмыс жеңілдейді деп сенемін. Мен ол жақтан келген соң біраз ру басыларымен кез­десіп, қолда бар мәліметті табыстадым. Олар қызу жұмысқа кірісіп кетті. Бұйырса, біз­дің көздегеніміз осылайша іске асады деп үміттенемін.

Жазып алған 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары