Мұстафа Шоқай атындағы халықаралық сыйлық тағайындау ұсынылып еді...

«Асықпаңдар! Артымызда қазы бар...» Ахмет Байтұрсынұлы

Мұстафа Шоқай атындағы халықаралық сыйлық тағайындау ұсынылып еді...
1093

Мынау уақыт дейтін ағысы қатты дарияға ес­кек­сіз қайықпен  жолға шыққан көп пенденің мен де бірі едім. Дәл бүгін артыма бұрылып қараға­ным­да, зулап өте шыққан 30 жылдың  бел-белестері көз ал­дымнан өте бастады. Сонда «өткен өмірдің бәрі  өмір емес, тек есте қалғандары ғана өмір» деген аталы сөзге тоқ­­тар болсам, есіме алдымен 1993-1994 жылдарда, хал­қы­мыздың ардагер азаматы, белгілі драматург, қоғам қай­рат­кері Қалтай Мұхамеджанов ағамызбен  еларалық «Zaman-Қазақстан» және Túrkistan газеттерінде бірге істеген кездегі айтулы оқиғалар орала берді.

Қазақ елінің егемендігін бірінші болып алақайлап әлемге жар салып таныған бауыр­лас Түркия, оның көреген президенті Тұрғұт Өзал бірден сөзден іске көшіп, Қазақстанда ал­ғашқы қазақ-түрік лицейлерін ашып, тү­рік­тің түрікшіл азаматтарының қаржылай кө­­­­мегімен «Zaman-Қазақстан» дүниеге келді.
Мен Алла сәтін салып, Қазақстаннан үш ай­лық түрік тілін үйрену, Түркиямен та­нысу­ды мақсат еткен 21 адамдық топпен бірге нау­рыз айында Түркияға барған едім. 45 күн Ыс­танбұлда түрік тілін үйрену курсынан өтіп, тележурналист Молдабек Сағымбеков екеуі­міз түрік ағайындармен келісіп алған жос­пар бойыншаТүркияның басты қалалары мен тарихи орындарын аралап, арнайы теле­түсірілімдер жасадық. Елге келгеннен кейін бірнеше бөлімді тарихи-танымдық хабарлар дайындап, «Алатау» арнасынан көрсеттік. Сол кез­дегі жағдайды еске алсам, Қазақстанда Фад­ри Әлиден басқа түрікше-қазақша аудар­ма жасай алатын тілші маман да, журналист те жоқ екен. Шынын айтқанда, енді ғана ұйым­дастырыла бастаған қазақ-түрік лицей­лерін­дегі ұстаздар мен «Zaman-Қазақстан» га­зе­тінің бас редакторы Қалтай Мұхамеджановқа ау­дар­ма­шы ретінде күндіз-түні тынбай еңбек етуге тура келді. «Zaman-Қазақстан» газетінде жа­рия­ланатын шұғыл хабарлар мен танымдық ма­қалаларды аудару маған жүктелді. Үш-ақ ай­лық курстан өткен мен үшін бұл оңайға түс­кен жоқ.
Мен Ыстанбұлға барғаныма үш күн өткенде күнделігіме баяғы Сұлтан­мах­мұт әкемше: «Оллаһи, ант етемін Алла атымен, түрікшені үйренем һәм хатымен» деп жа­зып қана қоймай, Түркияда болған 90 күн­де тек түрікше ойлап, түрікше түс көріп, бар ынтаммен ол тілді кәдімгідей меңгеріп қайт­қан едім. Түрік тілін тез меңгеруіме 1961-1966 жылдарда Қытайда Шыңжан уни­вер­ситетінің қытай-ұйғыр тіл әдебиеті фа­культетінде жетік игерген ұйғыр тілінің кө­ме­гі ерекше болды. Менің бір таңғалғаным, ұй­ғыр тілінің грамматикасы мен пәлен мың ша­қырым шалғайдағы, мың жылдықта 
қа­рым-қатынас болмаған түрік тілі грамма­ти­касының атаулары – зат есім, бастауыш, баян­дауыш т.б. аталымдардың 90 пайыз ұқсас болғаны еді. 
Мен осыны ұтымды пайдаланып, түрік ті­лінде басылған кітаптар мен газет-журнал­дарды еркін оқитынмын.
Уақыт өте келе Қалтай аға «Zaman-Қазақ­стан» басылымының еларалық дипломатия мен заң ережелері шектемесінен құтылып, өз ал­­дына бір газет шығару қажеттігін жиі ай­­тып жүрді. Ақыры, 1994 жылдың қаңта­рын­­да Túrkistan атты газеттің алғашқы нө­мі­рін шығарды. 
Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген ұрпақ­тың өткен ғасырдың 90-жылдарындағы сая­си-экономикалық, рухани ахуалымыздың қан­дай болғанын толықтай көз алдына кел­тіруі мүмкін емес. Ол жылдардағы ел үшін аса маңызды мәселелердің ең өзектілері – Тәуел­­­сіздікті баянды етудің алғышарттары қа­тарында отарсыздандыру саясатын жүргізу, қа­зақ тілінің мәртебесін нықтау, жеке­ше­лен­діру аясында жерді сатуға жол бермеу, гео­сая­саттағы басымдықтар, дін, мәдениет мә­селесі тұр еді.
Міне, осы тұста тәжірибелі қаламгер Қал­тай Мұхамеджанов Túrkistan газетін қысқа ғана уақыт ішінде «оқылатын» газетке ай­нал­дыра алды. Ол Түркияда кең қолданылатын «Кө­рілетін газет және оқылатын газет» деген сөздің мәнісін басқалардан бұрынырақ тү­сіне алған тәжірибелі редактор еді. Сол жыл­дардағы ең зәру тақырыптың бірі – тұтас түріктік, алаштық идеяны халыққа ұғындыру арқылы кеңестік идеологтар әбден құбы­жық­қа айналдырған «пантүрік, панисламдық» үрейден арылту болатын. Сондай-ақ кеңестік тоталитарлық диктатурадан құтылу үшін бас сауғалап шетелге кеткен қазақтар мен орыс-қытай отаршылдары бөлісіп алған шекара­ның сыртында қалған қандастарымызды тари­хи отанына қайтарудың нақты жолда­рын зерттеп, зерделеу қажеттігі тұрғысынан Túrkistan газетінің «Қоныс» атты қосымшасын шығаруға Қалекең қаржы тауып берді. Ол қо­сымшаға жауапты редактор етіп танымал қо­ғам қайраткері Айтан Нүсіпханды та­ғайын­­дады. Қысқа ғана уақыт ішінде «Қоныс» қо­сымшасы журналистерінің материалдарын не­гіз еткен мамандар «Қазақстанның көші-қон заңының» жобасын дайындап, Парла­мент­ке ұсынды. Сол қатарда қолға алынған нақ­ты мәселенің тағы бірі – Алаш арыстарын ақ­тау, қуғын-сүргін мен ашаршылық құр­бан­дарын анықтап, оларға ескерткіштер орнату мә­селелерін де Túrkistan мен оның қосым­ша­сы «Қоныс» жарыса жазып, жұртшылық, өкі­­­мет назарын аударуға бар күштерін арнады.
Қалтай аға алысты ойлап, кеңінен тол­ғай­тын парасат иесі екеніне біздің күн өткен сайын көзіміз жетіп, көңіліміз сене бастады.
 Қалекең шешен тілді, сатирик қаламгер еді ғой, ұжымның әр деңгейдегі басқосуларын сірес­кен қатаң күн тәртібімен шаужайламай-ақ, жарасымды әзіл-қалжың мен ғибратты әң­гімелермен әдіптеп-ақ, өзек­ті деген ой-жоспарын айтып, жастар­ды іске құлшындырып жіберуші еді.
Сондай бір басқосуда Қалекең өзін көп­тен толғандырып жүрген, Кеңес өкі­меті тұсында «халық жауы, гитлер­лік фашизмнің агенті, Отан сатқыны» деп қа­раланған, Тәуелсіздік алған бүгінгі Қазақ­стан­да әлі күнге дейін сондай жаладан толық құ­тыла қоймаған, тұтас түріктің ұлы перзенті – Мұстафа Шоқайды толық ақтап алуға газет ұжы­мы жұмыла кіріссе, сөйтіп ардақты Мұс­тафа Шоқай атындағы халықаралық бір сый­лық тағайындауға өкімет алдына ұсыныс жа­сасақ деген ойын тебірене отырып жет­кізді. 
Арада бірнеше күн өткенде, Қалекең өз ка­би­нетінде сол кезде аты шығып, ел сөзін ай­тып жүрген Советқазы Ақатаев, академик Ка­мал Ормантаев, Кеңес Нұрпейісов, Әбдіраш Жәмішев, Әбілмәжін Жұмабай, Сейфолла Оспа­нов, Дидахмет Әшімхан секілді 7-8 адам­ның басын қосып, аталған Мұстафа тақы­ры­бы жөніндегі ой-жоспарлары жазылған ал­ғаш­қы ұсыныстарын таныстырды. Ұзақ та маз­мұнды пікір алысу болды. Құрметті қо­нақ­тардың барлығы дерлік бір ауыздан қол­дады. Жиналысқа шақырылған белсенді мұс­тафашыл тарихшылар Мәмбет Қойгелді, Та­лас Омарбековтер жұмыс бабымен келе ал­мапты.
Қалекең басқосуға келген әріптестеріне ри­залығын айта келе, бір базынасын да ай­тып еді. «Мұстафамен ауыра бастағалы», – деді ол әңгімесін өзіне тән әдемі әзілмен әдіп­тей отырып, – кейбір академиктер мен лау­реаттарға қатты ренжідім әрі сірескен кеңес­тік идеологияның құрсауынан шы­ғайын деген ниеттерінің де жоқ екеніне таң­ғалдым. Солардың бірі, Ғылым ака­демиясының академигі Бәйдібек Тө­леп­баев­тың: Сен нені қоңырсытып отырсың, са­ған қалғаны фашизмнің итаршысы болған 
М.Шоқаевты ақтау болған ба? – деп трубканы тастай салғаны жаныма қатты батты. Мейлі ғой, кім не десе, о дей берсін, уақыт деген әділ тө­­­реші бар. Ахмет Байтұрсынұлы әулиеміз: «Асық­паңдар! Артымызда қазы бар...» деп ес­кер­тіп кеткен еді ғой, – деп бір тоқтап алды да түйінді сөзге көшті. 
Қалекең мәселені жай ғана ортаға салу­мен шектелмей, нақты жобасын жазбаша ұсын­­ды. Негізгі мазмұны, бұл сыйлықты та­ғайын­даудың не үшін қажет екенін, ол сый­лыққа қандай адамдар лайық екенін анық­тай­тын арнайы шарттар мен талаптарды бір-бірлеп атап берді. Сол талаптар мен шарт-жағдайларға лайық тұлға ретінде Айтан Нүсіпханұлын атап көрсетті. Ол үшін Ай­танның кім екені, оның осы уақытқа дейін қан­­дай өмір өткелдерінен өтіп, Мұстафа Шо­қайдай ұлы тұлға тындырған тұтас түркі­лік, тұтас Алаштық қызметіне ұқсайтын қандай еңбегі бар екенін тәптіштеп баяндап берді.
Қалекең дайындап әкелген түйінді сөзді сол күйінде ұсынып отырмын: 

Қалтай Мұхамеджанов, Túrkistan газетінің бас редакторы, Қазақстанның Халық жазушысы: 


  
МҰСТАФА ШОҚАЙ АТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚҚА ҰСЫНАМЫЗ


«Халқымыздың бір туар ұлы Мұстафа Шо­қай атындағы халықаралық сыйлыққа Ай­тан Нүсіпханды ұсынудан бұрын, біз көп ой­ланып, толғандық. Мұншама беделді сый­лықтан үміткер адамға қойылатын шарт­тар­ды сараладық. Біздің түсінігімізде Мұстафа Шоқай атындағы сыйлық ең алдымен өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ ұлтының, қала бер­ді, күллі түркі жамиғатының азаттығы мен еркіндігі жолындағы күреске біржола ба­ғыштаған, ел басына күн туған екі талай шақтарда халқының ар-намысын қорғап, сө­зін сөйлеген, ешқашан жұлдызынан жаңыл­маған, осы жолда айрықша сіңірген ең­бегіне сай, жұрт құрметіне бөленген қай­рат­керге берілуге тиіс.
Айтан Нүсіпханның өмірі мен қызметі осы айтылғандардың бәріне сәйкес келеді». 
Амал қанша, осынау аса маңызды бастама белгілі-белгісіз себептерден кедергілерге тап бо­лып, әрі қарай Қалтай ағаның денсаулы­ғы­на және Айтан Нүсіпханұлының мезгілсіз қазасына (1999 ж) байланысты аяқсыз қал­ған еді. Мен 1996 жылдан былай қарай Ғы­лым академиясына ауысып, Túrkistan газе­ті­нен алыстап кеттім.
Талғампаз Алаш азаматтарының сүйік­ті га­зеті Túrkistan газетінің 30 жыл­дық мерейлі күн­дерінде Мұстафа Шоқай ру­хын асқақтата­тын, марқұм Қалтай аға ар­ман­даған халық­ара­лық сыйлық тағайындауды өкі­мет ал­ды­на, Президентіміздің алдына қойсақ де­ген ұсы­­­нысты жаңғыртып отырмын.
Құдайға шүкір, Қалекең ұсынған шарттар мен талаптарға сай келетін өлі-тірі Алаш аза­маттары баршылық. «Түріктің түріктен бас­қа досы жоқ» екенін өсиет етіп кеткен Мұс­тафа Шоқай рухы дәл бүгін қа­жет­тінің қажеттісі екенін ескерсек, Қалтай аға аруағы да, Алаш арыстарының аруағы да риза болар еді.

***


Қалтай ағаның өзім куә болған басқосуда аса тебіреніспен күйіне де, күйзеле қайталап айт­қан бір сөзін оқырман назарына ұсыну­дың реті келген сияқты:
– Ойпырай, сіздер мен біздер, сондай-ақ біздің алдымызда өмір сүрген ұрпақты мына 70 жыл «Зұлымдық империясы» атанған Кеңестік жүйе тарих алдында, ұлт алдында, өр­кениетті әлем алдында әбден ұятқа қал­дырған екен-ау! Біз 70 жыл бойы тари­хы­мыз­ды, тарихи ұлы тұлғаларымызды, кешегі Алаш арыстары мен Мұстафа Шоқайларды ш­і­мірікпей «Халық жауы» деп жарыса шу­лап­пыз, олардың жарқын есімдерін тек қазақтың қас жауы етіп көрсетуге жарысқа түс­кендейміз. Солардың қатарында мына кү­нәһар пақырларыңыз да жүрген еді.
Бүгінгі мына азат елде, сөз еркіндігі бе­рілг­ен Тәуелсіз Қазақстанда өмір сү­ріп жатқан сіздер мен біздер сол айып, сол қыл­мыстарымыз үшін қасиетті аруақтардан ке­шірім сұрап, рухани «Арылуға» тәуекел ете ал­масақ кім болғанымыз?! – деп дауысы қар­лыға тоқтады.
Túrkistan газеті қадірлі Қалекеңнің сол бір жан дауысын барша оқырманға жеткізеді деп сенемін. 
Қалтай аға «Арылудың» орысша Лев Толс­той­ша қолданыстағы «Исповедь» мағына­сы­нан әлдеқайда басқаша, ұлттық-исламдық мән-мағынадағы анықтамасын тарата әңгі­ме­леп еді.
Мен сонда «Арылудың» қара жердей аса ауыр сөз екеніне онша тереңдеп бара қой­ма­ған екенмін. Бізді 70 жыл бойы билеп-төстеген компартияның кө­семдері мен қандықол жазалаушы гене­рал­дарының бірде біреуі «Арылу – кешірім сұрау» деген сөзді айта алмаған екен...
Қадірлі Қалтай ағаның өмір жолын ес­ке алғанда, жоғарыдағы «Арылу» – кешірім сө­зін айтуға себеп болған нәрсенің бірі – өзі­нің 1966 жылы жазып бәйге алған «Жат елде» пьесасы мен әр кезде сөйлеген артық-кем сөз­дерін, сондай-ақ замандастарының да кінә­сін мойындаған алғашқы қазақ, алғашқы ком­мунист, алғашқы тәубаға келген мұсыл­ман екеніне көзім жеткендей болып еді. 


                                                        
Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Серіктес жаңалықтары