«Алтыншы күні көзін ашты»: Гүлмира Дайрабай басынан өткен ауыр кезең жайлы айтты
Оның айтуынша, екінші перзенті ауыр жағдайда дүниеге келіп, алты күн бойы көзін ашпай жатқан.
Танымал тележүргізуші Гүлмира Дайрабаева екінші ұлын дүниеге әкелген кезін еске алып, сәбиі екеуі өмір үшін қалай күрескенін айтып берді. Оның айтуынша, баласы дүниеге келген бойда оны бірден жансақтау бөліміне алып кеткен.
Бұл туралы ол «Қаракөз» подкастында мәлім етті. Тележүргізуші екінші ұлын босанарда үлкен сынаққа тап болған. Перзенті ауыр жағдайда дүниеге келіп, алты күн бойы көзін ашпай жатқан.
«Үш күннен кейін қасыма сұрап алдым. Баланы ауыр жағдайда жансақтау бөліміне алып кеткен болатын. Сол кезде перзентханада бәрі балаларымен жатыр, «менде баламды қасыма алсам бола ма» деп өтініп сұрадым. Олар маған қолхат жазуымды талап етті. «Егер бір нәрсе болса, дәрігерлер кінәлі емес» деп жазып беруімді сұрады. Оған да көндім. Баламды вакууммен алып келді. Мен оның қасына тұрып, жынды адам сияқты билеймін. Анам тоқып берген шұлығын кигізіп қоямын. Аяғын қышытсын деп әдейі кигіздім. Сосын оған сөйлеймін, әңгіме айтамын.
Менде ұйқы жоқ. Босанғаннан кейін алтыншы күні көзін ашты. Бір көзін ашуға әлі жетті. Сол кезде балам күресіп жатқанын түсіндім. Бәрі жақсы болатынын сездім. Бұл екінші баламмен болған дүние. Енді үшінші бала тууға маған тыйым салынған. Бірақ екінші ұлымның денсаулығымен жүгіріп жүргенде тағы аяғым ауыр болып қалды. Дәрігер маған қыз деген соң, тағы көніп келістім», - деді Дайрабаева.