Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 150 теңгеге көтерілмек

/
Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 150 теңгеге көтерілмек
Астана әкімдігі

Астанада қоғамдық көлікте жол жүру тарифі 90 теңге мөлшерінде 2014 жылы белгіленген. Өткен 12 жыл ішінде жол жүру ақысы небәрі бір рет қайта қаралып, бүгінде 110 теңгені құрап отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл ретте 2014 жылдан бері тасымалдаушылардың негізгі шығындары, атап айтқанда, жанармай, қосалқы бөлшектер мен жаңа автобустардың құны, сондай-ақ жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығындар айтарлықтай өсті. Мәселен, 2014 жылы дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңге болса, қазіргі уақытта оның бағасы 329 теңгені құрайды. Осылайша, аталған кезеңде дизель отынының құны 3 еседен астам өсті.

Жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығын да айтарлықтай артты. Мәселен, 2014 жылы жүргізушілердің орташа жалақысы шамамен 100-150 мың теңгені құраса, қазіргі уақытта автобус класы мен жұмыс режиміне қарай 700 мың теңгеден басталады

Осы кезеңде қосалқы бөлшектердің, автомобиль шиналарының, аккумулятор батареяларының, автобустарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмысының, сондай-ақ жаңа жылжымалы құрамды сатып алу құны да едәуір өсті.

Шығынның айтарлықтай өсуіне қарамастан, елордада қоғамдық көлікті кезең-кезеңімен жаңарту және дамыту жұмысы жүріп жатыр. Соңғы үш жылда тасымалдаушылар қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық талаптарға сай келетін 1127 жаңа жылжымалы құрам сатып алды.

Бұл ретте Астанада тұрғындарды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы шаралары сақталады. Астана қаласы мәслихатының 2018 жылғы 29 наурыздағы №244/30-VI шешіміне сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі беріледі.

Тегін жол жүру құқығы азаматтардың мына санаттарына беріледі:

1. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген азаматтар;

2. жасы бойынша және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ зейнет жасына жеткен, жасы бойынша және асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;

3. көпбалалы аналар;

4. көпбалалы отбасылар;

5. мүгедектігі бар адамдар;

6. он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, оның ішінде олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) бірі;

7. Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысушылар арасынан саяси қуғын-сүргін құрбандары, «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталғандар.

Сонымен қатар 2020 жылғы наурыздан бастап Астанада білім алатын 18 жасқа дейінгі балалар үшін де жол жүру тегін.

Сонымен бірге Тұрақты маршруттар бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдау жөнінде қызмет көрсетуге тарифтер есептеу әдістемесіне сәйкес жүргізілген есептеулерге сай, 2026 жылы бір сапардың орташа есептік құны қолданыстағы жол жүру ақысынан айтарлықтай жоғары.

Пайдалану шығындарының өсуіне, қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, автобус паркін одан әрі жаңартуға және маршруттық желіні дамыту қажеттілігіне байланысты 1 желтоқсаннан бастап қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жол жүру ақысын 150 теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары