Барлығымызға бірдей мүмкіндіктер бергені үшін қазақ халқына алғыс білдіремін – Давлет Алиев

Давлет ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ жері бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды дейді.

Барлығымызға бірдей мүмкіндіктер бергені үшін қазақ халқына алғыс білдіремін – Давлет Алиев
Давлет Алиев. Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
2438

Ел тарихындағы айтулы күндердің  бірі – 1 наурыз. 2016 жылғы 14 қаңтарда мереке ретінде жарияланған бұл күні ел тұрғындары бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Әсіресе, Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау шақта құшақ жая қарсы алған қазақ халқына ерекше алғысын білдіреді.

Солардың бірі түрік ұлтының өкілі – Давлет Алиев. Оның ата-әжесі 1944 жылы Түркиядан қазақ жеріне қоныс аударған 80 отбасының бірі болған. Олар Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданына тұрақтаған. Кейін тамырын кеңге жайған үлкен әулетке айналып, ел-жұртқа сыйлы шаңырақ болған.

Давлет ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ жері бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды дейді.

«1 наурыз – сырттан қоныс аударған өзге ұлт өкілдері үшін маңызды күн. Қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімі – өзгеге үлгі. Бүгінгі мереке – Қазақстанды ортақ үйім деп білетін ұлт өкілдерінің бауырмал қазақ халқына алғыс айтатын күні. Ұзақ жылдан бері қазақ халқымен бірге тату-тәтті тіршілік кешіп келеміз. Көршілермен туған бауырдай араласып тұрамын. Бір атаның баласындай ынтымақты арқау етіп, сіз-біз десіп сыйласуға асықпыз. Осы ретте қазақ жұртына айтар алғысым шексіз. Көп елдің басына күн туған заманда оларды ұлт ретінде сақталуына қазақтың ынтымағы мен бірлігі сеп болды десем, асылық болмас. Лайым ынтымақ пен бірлігіміз осылай арта берсін!», – дейді ол.

Давлет соңғы 9 жыл бойы Астана қаласы маңындағы Лесная Поляна ықшамауданына тұрып жатыр. Ауылда оқу бітірген соң, Түркістан қаласында қоныс аударып, кейінірек жұмыс бабымен елордаға көшіп келген. Жұбайы Насиба Алиева да түрік отбасынан екен. Оның ата-әжесі Кавказ елінен қоныс аударған. Қызығы тағдыры қазақ елінде тоғысқан екі жанның тегіне дейін бірдей болып шыққан – Алиев және Алиева. Насиба мен Давлет Шымкентте туыстарының тойында танысыпты. Сосын көңіл жарастырып, жиі кездесетінді шығарған.

«Ата-анасының алдынан өтіп, сырға салып, керек жөн-жоралғының бәрін жасап қойғанбыз. Бір күні оқудан шыққан бойда Насибаны «Жолдың арғы жағына өтейік» деп алдап, жаяу жүргіншілерге арналған жолға жетер-жетпестен көлікке отырғызып, алып қашып кеттім», – дейді Давлет (күліп).

Бүгінде 20 жыл отасқан ерлі-зайыпты 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр. «Барлығы осы елде білім алып, оқып жатыр. Әйелім емханада медбике болып қызмет атқарады. Ал өзім «Алкон» құрылыс компаниясында жұмыс істеймін», – дейді Давлет. Бесеуі де қазақ тілін жақсы біледі. Үлкен қызы қазақ тілінен олимпиадаларға қатысып, үш рет 1-орынды иеленген. Тіпті қызының алғаш рет олимпиадаға қатысып, «1- орын алды» деген сүйіншісін мұғалімінен естіген олар таңғалысын жасырмаған.

Давлетті тарихи Отаны – Түркияда туған әпкерлері тұратындықтан, ара-тұра онда барып тұратынын айтады. Алайда ол біржолата көшіп бару ойы жоқ екенін алға тартты.

«Демалу үшін баруға болады. Әйтпесе тұратын ойымыз жоқ. Түркиядан осы жаққа жұмыс іздеп келіп жатқандардың қарасы көп. Біз ол жаққа барып алып, не жұмыс істейміз?! Қалай өмір сүреміз?! Бізде осында далаға шығып, бейтаныс біреумен амандасып «Жұмыс бар ма?» десең, бірден қолтығыңнан демеп, тауып беруге жанын салады. Ал ол жақта қиын. Оған қоса, ол жақтың менталитеті тым бөлек. Олар «еуропаша» өмір сүргенді құп көреді. Ал біз осы жаққа әбден үйреніп алғанбыз. Осында өзімізді еркін сезінеміз. Барлығымызға бірдей мүмкіндіктер бергені үшін қазақ халқына ризашылығымды білдіремін», – деп жауап берді. Десе де, ол Түркиядан бас қалаға жұмысқа келген түріктермен қоян-қолтық араласатынын айтады. «Түрікше тез сөйлей жөнелсе, түсінбей, қайта сұраймын. Қазақстанның түрігімін ғой қанша дегенмен», – дейді.

Айта кетерлігі, Давлет те, жұбайы Насиба да қазақ тілін жетік меңгерген.

«Қазақтардың ортасында өскендіктен, қазақшаға судаймыз. Қазақ пен түрік тілінің құрылымы ұқсас болғандықтан, оны үйрену аса қиынға соққан жоқ. Түрік тілін жетік білемін, бірақ біз көбіне таңнан кешке дейін қазақша, қала берді орысша сөйлесеміз. Түрік тілін көп қолданбаймыз», – дейді ол.

«Мақтанғаным емес, бірақ біз – өте қонақжай отбасымыз. Үйден кісі арылмайды. Қонақ келсе, қуанамыз. Табалдырықтан төрге дейінгі жоралғының барлығы қазақша. Қай ұлттың қонағы келсе де, өзінің сыбағасын беріп, қазақша ет асамыз. Десе де, Түркиядан енді келген кейбір түріктер біз сүйсіне жейтін бұл тағам туралы көзқарасы басқа. Мысалы, былтыр Түркиядан келген түрік пен қазақ қызының үйлену тойына бардық. Онда түріктер аз, ал қазақтар көп жиналды. Қазақтар тойдың «сәнін келтіріп» тұрып тойлайды ғой, шіркін. Көңілді өтті. Сонда болған бір қызық жайтты айтайын. Үстел басында отырғанда даяшылар алдымызға қазы-қарта салынған үш астау тамақ әкелді. Түріктер маған қарап «Ненің етінен жасалған?», – дейді. «Жылқының еті» десем, «Біз мұны қалай жейміз?» деп дәм татқысы келмеді. Сол кезде бір ата «Сен сонда қазақша етті бір өзің жеп отырсың ба?» деп сұрайды. «Енді мен Қазақстанның түрігімін ғой» деймін тағы», – дейді Давлет.

«Осынау айтулы күнде бәріңізге денсаулық, бақыт тілеймін! Отбасыларыңыз аман болсын! Қазақстан – көп ұлттың басын бір шаңырақ астына біріктіріп, татулықты Ту еткен бейбіт ел. Шүкір, бізде бәрі жақсы. Бәрі жақсы болғаны үшін қонақжай қазақ халқына шексіз ризашылығымызды білдіреміз!», – деп түйіндеді ол.

 

Серіктес жаңалықтары