Бір апта ішінде іздеуде жүрген 87 қылмыскер ұсталды

Оның 17-сі шетелдік әріптестердің сұрауы бойынша қолға құрықталды.

Бір апта ішінде іздеуде жүрген 87 қылмыскер ұсталды
Қылмыскер. Фото: pixabay
879

19-27 ақпан аралығында ҚР Ішкі істер министрлігінің жедел уәкілдері ел аумағында іздеуде жүрген 87 қылмыскерді ұстады. Оның 17-сі шетелдік әріптестердің сұрауы бойынша қолға құрықталды.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Абай облысында халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды. Ол 2018 жылы Алматыда топ құрамында алдын ала сөз байласу арқылы адам өлтірген. Оның екі сыбайласы бұрын ұсталып, сотталған.

Түркістан облысында «Жібек жолы» бекетінде шекарадан өтпек болған Өзбекстан азаматы ұсталды. Ол 2016 жылы өзінің сыбайласымен бірге Ресей Федерациясының Мәскеу облысында үш адамды өлтірген.

Жамбыл облысында көрші мемлекеттің құқық қорғау органдары пәтерден аса ірі мөлшерде мүлік ұрлағаны үшін үшін іздеп жатқан тағы бір өзбекстандық ұсталды.

Қызылордада адам ұрлады деп күдікке ілінген ер адам ұсталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол 1996 жылы бірнеше адаммен бірге екі адамға күш қолданып, оларды көлікке отырғызып, белгісіз бағытта алып кеткен. Бұл қылмысқа қатысы бар тағы бір қылмыскер бұған дейін ұсталған болатын.

Шымкентте полицейлер жергілікті тұрғынды ұстады. Ер адам танысын арзан бағада жанармай жеткіземін деп алдап, оның ақшасын иемденген. Келтірілген шығын 18 млн теңгеге жуық.

Алматы облысында шетел азаматын ұрып-соғып, оны пышақпен жарақаттаған екі ер адам ұсталды. Барлық қылмыскер уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Бұдан бөлек, республиканың криминалдық полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 53 адамның орналасқан жерін анықтады.

Серіктес жаңалықтары