Былыққа батқан білім саласы
Елімізде жемқорлық жайлаған саланың бірі – білім беру жүйесі. Аталған сала қылмыстық құқықбұзушылықтар саны бойынша «үздік» үштікке енеді (2020 жылдан бастап 2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша: ауыл шаруашылығында – 382, білім беру саласында – 343, әлеуметтік салада 295 құқықбұзушылық анықталған).
Қоғамның барлық саласын шырмауықтай шырмаған жемқорлық мәселесі жазылмас дертке айналғалы қашан? Күн сайын еститін «ақша жепті», «ұсталыпты», «қамалыпты» деген жаңалықтарға құлағымыз үйреніп, етіміз өліп кеткен, таңғалмаймыз. Өткен жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1,2 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 855 іс – ауыр қылмысқа, 283 іс – орташа ауыр қылмысқа, 43 іс – аса ауыр қылмысқа, 41 іс – ауыр емес қылмысқа жатады. Жасалған қылмыстың басым бөлігі пара беруге қатысты екен. Ал екінші және үшінші орында пара алу және сыбайлас жемқорлық. Сонымен қатар билікті асыра пайдалану, бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу, пара алуға делдалдық кең таралған.
Transparency International халықаралық ұйымы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша 2024 жылға арналған «Жемқорлықты қабылдау» индексін жариялады. Ұйым мемлекеттік секторда жемқорлықтың ең сорақы деңгейін 0 балл деп есептейді, ал 100 балл алған елдерде жемқорлық мүлдем жоқ деген сөз. Қазақстанның көрсеткіші – 39 балл. Еліміз 180 мемлекеттің арасында 93-орында тұр. Ұйым өкілдері соңғы он жылда Қазақстанның көрсеткіштері біршама жақсарғанын, бірақ әлем елдері арасындағы көрсеткіші орташадан әлі де төмен екенін мәлімдеді.
Елімізде жемқорлық жайлаған саланың бірі – білім беру жүйесі. Аталған сала қылмыстық құқықбұзушылықтар саны бойынша «үздік» үштікке енеді (2020 жылдан бастап 2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша: ауыл шаруашылығында – 382, білім беру саласында – 343, әлеуметтік салада 295 құқықбұзушылық анықталған).
Үкімет білім саласына бөлінетін қаражат көлемін жыл сайын арттырып келеді. 2021-2023 жылдары мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бағыттаған, бұл – мемлекеттік бюджет шығысының 28 пайызы. 2021 жылдан бері оқытушылардың жалақысы 2 есе өсті. Оған қоса мұғалімдердің жалақысына қосымша төлемдер белгіленді. Бұл – біліктілік санаты, магистр дәрежесі, пәндерді ағылшын тілінде жүргізу, дәптер тексеру, сынып жетекшілігі, жаңартылған мазмұндағы жұмыс және тәлімгерлік үшін қосымша төлемдер. Бүгінде толық жүктемесі бар жас маман 300 мың теңгеге дейін жалақы алса, академиялық дәрежесі мен қосымша сабақтары бар ұстаздар 800 мың теңгеге дейін жалақы алады. Білім беру саласына жағдай жасалып, жайлы мектептер салынып жатқанына қарамастан мектептер мен білім басқармаларындағы жемқорлық деректері тыйылмай тұр. Осылайша, жүйедегі жемқорлық мемлекеттің білім саласындағы реформаларын артқа тартып отыр.
Аймақтарда жағдай қалай?
Былтырғы жылдың басынан бері білім беру саласында барлығы 192 қылмыстық іс тіркелген. Олардан мемлекетке келтірілген шығын көлемі 13 млрд теңгеден асады. Еліміз бойынша ең ірі ақша жымқыру фактілері Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында анықталды. Әсіресе, Түркістан облысында жемқорлық дерті асқынып тұр. Былтыр облыстың Шардара және Сарыағаш ауданының білім бөлімі қызметкерлері үш жыл ішінде 3,7 млрд теңге жымқырған. Ресми ақпарат бойынша, бұл іске 17 адамның қатысы бар. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жыл басында Түркістан облысының білім беру бөлімдері мектеп күзетшілерін жұмыстан шығару кезінде еңбек заңнамасын өрескел бұзып, 934 жұмысшыға тиісті өтемақы төлемегені анықталды. Облыстық прокуратураның хабарлауынша, білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын нысандар террористік тұрғыдан осал нысандарға өтуіне байланысты, оларды күзету жеке күзет агенттіктеріне берілген. Осы келісімнен кейін Түркістан облыстық білім бөлімі 1 473 мектеп күзетшісін жұмыстан шығарған. Олар аталған азаматтарды жұмыстан шығару кезінде еңбек заңнамасының талаптарын бұза отырып, 934 жұмысшыға тиісті өтемақысын төлемеген. Прокуратура тексеруінен кейін аталмыш азаматтарға бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде (жалпы соммасы 115 млн теңге) өтемақы төлемдері аударылды.
Ақпан айының басында Жетісай ауданында білім бөлімінің есепшілері 530 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінген болатын. «Аталған мекеменің есепшілері 2021-2023 жылдар аралығында алдын-ала сөз байласып, мектеп қызметкерлерінің анкеталық мәліметтерін өзгерту арқылы жалақыға бөлінген мемлекет қаржысын аса ірі мөлшерде жымқырғаны анықталды. Келтірілген залал мөлшері – 530 млн теңге» деп мәлімдеді облыстық прокуратура. Қылмыстық іске қатысты үш күдікті сот санкциясымен екі айға қамалды. Ал осы аптада Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшісі экономикалық тексеру барысында өз-өзіне қол салғаны белгілі болды. Өкінішті-ақ...
Еліміздің рухани астанасы саналатын Түркістан облысының әр ауданында жүргізілген экономикалық тексеру де біраз былықтың бетін ашқандай. Жемқорлық схемасының бір ұшы айналып келіп облыстық басқармаға тірелді. Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев билігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасы барысында шенеуніктің үйі мен жұмыс орнында тінту жүргізген. Бүгінде облыстық білім басқармасының басшысымен қатар оның көмекшісі де ұсталғаны белгілі болды. «Балық басынан шіриді» деп осындайда айтылса керек.
Жетісу өңірі де жемқорлардың ордасына айналған. Бірнеше жыл қатарынан ақша жымқырып келген пысықайлардың әрекеті біртіндеп әшкере бола бастады. Жақында Талдықорған қаласының білім бөлімінің бас бухгалтері бастаған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Тергеу барысында білім беру саласына қатысы жоқ тұлғалардың шоттарына ақша аудару арқылы ақша жымқырылғаны анықталды. Сонымен қатар құрамында 3 білім бөлімінің қызметкері мен 10 мектеп есепшісі бар қылмыстық топтың мүшелері өздеріне және басқа мектеп қызметкерлеріне белгіленген мөлшерден жоғары жалақы төлеген. Оларға жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Қылмыстың өтеуі қашан да жаза. Мемлекетке келтірілген залалды өтеу мақсатында жалпы сомасы 3 млрд теңгеге қатысушылардың мүлкі тәркіленді.
Былтыр қараша айында Талдықорған қалалық сотының үкімімен білім басқармасының бас маманы Д.Төлебай сотталған болатын. Ол Талдықорған қаласындағы орта мектептердің мұғалімдеріне белгіленген жалақыдан жоғары жалақы төленуіне кедергі келтірмеген, керісінше келісіп, қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу барысында Д.Төлебай қылмыс жасағанын толықтай мойындады. Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар Талдықорған қаласы білім бөлімінің басшысы да аса ауыр жемқорлық қылмысқа қатысы бар болып шықты. Ол ақша жымқыру фактілерін жасырғаны үшін білім бөлімінің бас бухгалтерінен 280 млн теңге көлемінде пара алған. Қазір айыпталушыға қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Жетісу облысы бойынша жемқорлықтың кең таралғаны сонша, ұсталғандарды тізіп шығу мүмкін емес. Мемлекеттік бюджеттен желінген ақша көлемі де қомақты. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, айран ішкендер де, аяқ жалағандар да жазадан құтыла алмады.
«Жеудің» жүйесі қандай?
«Алушыны аңдушы жеңер» деген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет еліміздің білім беру саласындағы жемқорлықтың тұрақты қылмыстық схемасын анықтап берді. Мемлекет қаражатын жымқырудың мұндай қылмыстық жүйесі еліміздің барлық аймағында бірдей «жүзеге асқан». Білім басқармасындағы есепшілердің қитұрқылығында шек жоқ. Құлқынның қамын әріден ойлағандар қаржыны жоспарлаудан бастап ақшаны заңсыз жолмен иемденуге дейін барлық процесті заңсыз жүргізген.
Есепшілер бюджеттік өтінімдерді құрастырған кезден бастап, алдағы жейтін сомаларын белгілеп отырған. Яғни, жалақы шығындарын қолдан көтерген. Мысалы, мектеп қызметкерлерінің тізімін жасау кезінде есепшілер жалған жалақы сомасын көрсететін бос жолдарды қосады. Кейін бұл жолдарды электрондық кестеге түсірмейді, бірақ жиынтық сома қалады. Дәл осы әдіспен Талдықорған қаласындағы мектептер Еңбекақы төлеу қорынан 4 млрд теңгеден астам ақша ұрлаған.
Бұдан бөлек, қызметкерлердің жұмыс өтілін ұлғайту, ауырған және бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан қызметкерлерге төленетін ақыны және оқушылар санын көбейтіп көрсету арқылы бюджеттік өтінімдегі соманы қолдан көбейту фактілері тіркелген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері мұндай бұрмалауларды қайта тексерудің өте қиын екенін айтады. Өйткені барлық құжаттар қағаз жүзінде және көлемі өте үлкен. Мәселен, облыстық және аудандық білім бөлімдерінде жылдық бюджеттік өтінімді 2-3 адам ғана толтырады, ал олардың көлемі 50 мың бетке дейін жетеді екен. Бюджеттік өтінімді жіберуден бастап оларды біріктіруге дейінгі процесс автоматтандырылмағандықтан мұндай қылмыстарды ашу да сәйкесінше көп уақытты талап етеді.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында кейбір мектеп директорларының мүлдем бюджеттік өтінім жібермегені анықталған. Алайда білім бөліміндегілер аталған мектептердің өткен жылдардағы мәліметтерін пайдаланған. Кейін білім бөлімі түскен қаражатты ақша ұрлауға қатысқан мектептер арасында бөліскен.
Ары қарайғы ақша жымқыру әдістері 5 схема бойынша жалғасады. Олар:
1) қызметкерлерге жалақыны оның лауазымына қарағанда әлдеқайда көп аударған;
2) білім беру мекемелерінде ресми түрде тіркелмеген адамдарға жалақы төлеген;
3) есепшілер жалақыны өздерінің карта шоттарына аударады, бірақ төлем талонында басқа тұлғаның атын көрсеткен;
4) бір адамға бірнеше рет ақша аударған;
5) туыстары мен жақындарына ақша аударған.
Есепшілер бұл жерде мектептің есептік жүйелері, ұлттық білім беру базасы және «Қазынашылық-клиент» жүйесі арасындағы бірігудің жоғын пайдаланған.
Қазақ «Кебіс ұрлаған – бір кісі, күмәнді болар – мың кісі» деген. Республика бойынша бірнеше жыл қатарынан мемлекет қаражатын жымқырғандарды ішкі мемлекеттік аудит органдары мен тексеру комиссияларының байқамауы мүмкін емес. Өйткені бюджет қаражатын ұрлаған нысандарда бұрын тиісті тексерулер жүргізілген. Алайда олар заң бұзушылық жоқ деп есеп берген. Осы жерде мектептің жұмысын «жақсы» деп бағалайтын тексеру комиссияларының да жемқорлыққа жол бергені анық. Оны мұғалімдер осы күні ашық айтып жүр. «Мектепке комиссия келеді» деп әр мұғалімнен жиналған ақша директор арқылы комиссия мүшелерінің қалтасына түседі. Мектеп директоры кемшіліктер мен олқылықтарды жоюдың орнына тексеру комиссиясымен ауыз жаласып, жемқорлыққа жол береді.
Сөзімізге тұздық болу үшін айта кетейік, былтыр бір ғана Қызылорда облысында 36 мектеп директоры жемқорлық үшін жазаланған. Олардың 7-еуі жұмыстан босатылып, 29-ы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Есеп-қисапқа бақылау жүргізбеген директорлар жазаланып, олқылықтарды түзеу бойынша ұсыныстар берілген.
Былтыр Оқу-ағарту министрі бір мектепті жеті жылдан аса уақыт басқарған директорлар тексерілетінін мәлімдеген болатын. Әлі талай жемқор басшының түрмеге тоғытылатыны айдан анық. Өйткені мектеп директорларының білім беру басқармаларымен ым-жымы бір екені ешкімге жасырын емес. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, біздің елімізде мұғалім болу үшін алдымен қалтаңда ақшаң болуы керек. Жұмысқа орналасу үшін мектеп директоры белгілеген «ставка» бар. Оңтүстік өңірлерде мектепке жұмысқа орналасудың құны – 1 млн теңге. Ауылдағыларда ондай ақша қайдан болсын. Амалсыз банкке барып, кредит алады немесе қарызданады. Мектепке басын бір сұғып алғаннан кейін ай сайын жалақысынан қарызын төлейді. Алайда жаңа оқу жылында басталатын сағатқа талас мұғалімнің тағы да қалтасын қағады. Кім көбірек ақша берсе, соның сағаты көп, сәйкесінше айлығы да жоғары болады. Одан бөлек, мектепке келетін тексерулерге ақша жинау тағы бар. Директор ол ақшаны қалтасына салып, тымпиып отырмайды. Өз орнын сақтау үшін аудандық білім бөлімін паралауға мәжбүр. Аудандық бөлім облыстық басқарманың аузын майлайды. Ал облыстық білім басқармасы «олжаны» әкімшілікпен бөліседі-мыс.
Тығырықтан шығар жол қайсы?
Жақында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев саладағы жемқорлық әрекеттерге қатысты «Білім жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуге тиіс» деп мәлімдеген болатын.
– Біз білім саласындағы заңсыздықтарды түбегейлі шешу бағытында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Негізі, білім мен сыбайлас жемқорлық мәселесі бір-біріне кереғар ұғымдар. Білім саласында мұндай келеңсіз жағдай болашақта мүлдем болмауы үшін біз басқа да іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алдық. Біріншіден, мектептегі аттестациялауды онлайн платформаға көшіріп, адами факторды азайту керек. Екіншіден, жұмысқа тұру мәселесін автоматтандыруды қолға алып отырмыз. Еліміз бойынша жұмысқа тұру мәселесінде әртүрлі келеңсіз жағдайлардың кездесетінінен хабардармын. Мен ондай өңірлерге жеке барып, мектеп басшыларымен, сол жердегі педагогикалық қауымдастықпен кездесіп, бірлесе жұмыс істеуге дайынмын. Үшіншіден, қазір анықталып жатқан жемқорлық фактілері 2020 жылдан бері қордаланған мәселелердің көрінісі. Жемқорлыққа жол берген мамандар тиісті жазасын алуы керек. Жалпы, былтырдан бастап білім саласындағы жемқорлыққа қатысты мәселелердің тыйыла бастағанын байқаймыз, – деді министр.
QazBilim Group компаниясының басқарма төрағасы, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанұлы «Жемқорлыққа жол беріп отырғандар да, ақшаны бөлісіп отырғандар да жазасыз қалмауы қажет» деп санайды.
– Мектептегі жемқорлықтың себебі сан алуан. Біріншіден, директорлар экономика, қаржы, IT, есепшілердің жұмысы туралы мардымды ештеңе білмейді. Есепшілер қолданатын бағдарламалардан да, тіпті қызметкерлер жалақысын есептеуден де мүлде хабарсыз. Сондықтан өзінің қол қоятын электронды цифрлы қолтаңбасын (ЭЦҚ) есепшіге береді де, соларға сеніп отыра береді. Ал басшысының сауатсыз екенін білетін есепші өз білгенін істейді. Екіншіден, қазіргі жүйеде мектепке сауатты директор тарту мүмкін емес. Себебі жауапкершілік өте ауыр, таңның атысы күннің батысы бүкіл баланың тағдырынан бастап мектептің күл-қоқысына дейін жауапты. Ал жалақысы өзінің қол астындағы мұғалімнен екі есе төмен. Сауатты кадрлар мұғалім болып тыныш жүруді қалайды, әкімшілік жұмысқа аттап баспайды. Сонымен директорлық пен орынбасарлық орынға не мансапқұмарлар, не мұғалім болудан қашқандар барады. Директорлықты мансап көретіндер де, ақша жасаудың жолы көретіндер де шамасы келсе жейді не есепшісіне жегізеді. Сондықтан жүйені реттемей жемқорлықты тізгіндеу мүмкін емес, – дейді білім сарапшысы.
Елімізде мектеп директорлары жетіспейтіні рас. Бүгінде республика бойынша 500-ден астам мектепте директордың орнында міндетін атқарушылар отыр. Олардың өз жұмысына салғырт қарауы, экономикалық мәселелерді шеше алмауы да есепшілердің ақша жымқыруына әсер етері анық. Басшылар өз жұмысын адал атқарып, есепшіден жүйелі түрде есеп сұрап отырса, ақша жеуге жүрегі дауалай қоймас еді...
Garden Academy білім беру компаниясының негізін қалаушы Нұрмұхамед Досыбаев «Білім бөлімдеріне ақша бөлетін тарап пен есебін талап етуші тарап екі бөлек болуы керек» дейді.
– Мемлекет білім саласына ерекше назар аударып, қаржыландыруды жақсы жолға қойды. Алайда бөлінген қаражатты бақылауды жергілікті биліктің өзіне қалдырды. Бұл жемқорлықтың етек жаюына ықпал етіп отыр. Бізде мемлекет берген қаржыны бөлетін де, есебін сұрайтын да – білім басқармалары. Негізі, талап етуші тарап мектептің қамқоршылық кеңесі болуы керек. Ал біздегі қамқоршылық кеңестердің басқару құзыреті жоқ. Басқару құзыреті – білім басқармасында. Ақшаны бөлу, директорды тағайындау немесе жұмысынан шығаруды, директордың «жақсы» не «жаман» екенін басқармадағы 2-3 маман шешеді.
Елімізде жемқорлық мәселесінде сараптама, арнайы зерттеу жүргізілмейді. Сондықтан біз жыл сайын бір қатені қайталаймыз. Ақша жегендерді қамаймыз, сонымен мәселе жабылады. Алайда жемқорлықтың себебі әр түрлі болатыны сияқты, салдары да әртүрлі. Мәселен, ЖОО бітірген жас мамандардың 40 пайызы бірнеше жылдан кейін өз мамандығын «тастап» кетеді екен. Өйткені мектептегі жұмысы жағымсыз әсер етеді. Қарапайым ғана мысал, мұғалімнің ертеңгі сабағына дайындалатын, шығармашылық жұмыспен айналысуға мүмкіндік беретін арнайы жұмыс үстелі жоқ. Одан бөлек, ұстаздар көбірек сағат алу үшін неше түрлі қитұрқылық жасайды, жемқорлыққа жол береді. Сағатқа таласу тек посткеңестік елдерде ғана бар жүйе. Қазақстан білім беру жүйесі Кеңес Одағы қалыптастырған осы жүйенің шекпенінен шыға алмай қалды. Алайда мұндай форматтағы мектептерді басқару тиімді. Бұл – вертикальды басқару, яғни тәуелділік. Мектеп білім бөліміне, бөлім білім басқармасына, басқарма министрлікке тәуелді. Сондықтан Президентіміз құқықтық, демократиялық, зайырлы мемлекет құруда білім беру саласындағы былықты реттеуді басты назарда ұстаса деймін. Жергілікті әкімдік мектепті қаржыландырумен қатар оны бақылаумен айналысса, ал директорды тағайындау немесе қызметінен алуды қамқоршылық кеңестеріне қалдырса жүйенің жұмысы жанданады, – дейді Нұрмұхамед Досыбаев.
Бүгінде бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезінде жемқорлықты болдырмау үшін Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында білім беру саласының бюджетін цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жоба білім беру саласында жемқорлыққа жол бермейді. Өйткені бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру және ұсыну процесі автоматтандырылады. Ақпараттық жүйені тестілеу оң нәтиже берген жағдайда бүкіл ел бойынша іске қосылатын болады. Жобаның қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді.