Депутат мемлекетке қайтарылған қаражаттың бір бөлігін тұрғын үй мәселесін реттеуге жұмсауды ұсынды

Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді жақсарту бағытында Парламент Мәжілісі тиісті заңдарға өзгерістер енгізіп, жергілікті атқарушы органдарға дайын тұрғын үйлерді сатып алу құзыреті берілгенін айтқан депутат осы норманы жүзеге асыру үшін қосымша қаражат бөлу керегіне тоқталды.

Депутат мемлекетке қайтарылған қаражаттың бір бөлігін тұрғын үй мәселесін реттеуге жұмсауды ұсынды
сурет: baq.kz

«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі​​​​, депутат Нұртай Сабильянов Премьер-Министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, Абай облысындағы тұрғын үй мәселесін шешу жолдарын ұсынды.
 
Депутаттың айтуынша, Абай облысында халықпен кездесулер өткізгенде кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері жиі көтеріледі. Бұл мәселе барлық өңірде де өзекті болып тұр.

Уәкілетті органның ақпаратына сәйкес республика бойынша тұрғын үй кезегіне 647 117 адам тұр (28.01.2024ж.). 2024 жылға республикалық бюджеттен 5090 пәтерді салуға 69,3 млрд. теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар, 7 522 пәтерімен кредиттік тұрғын үйді салуға 87 млрд. теңге қарастырылған. Ол тек кезекте тұрған адамдар санының 2% ғана тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Ал Абай облысында 19373 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Соның ішінде, Семей қаласында – 14 000 адам. Семей қаласында азаматтарды қабылдағанда көптеген азаматтар тұрғын үй мәселесін көтерді. Жалғызбасты, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар жандар келді. Көп жылдар кезекте тұрған азаматтар бар. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың жағдайы қиын. Қаражаттары, тұрақты тұратын үйлері жоқ. Алған кредиттері бар, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі жоқ, алғашқы жарнаны төлей алмайды. Қабылдауда болған азаматтар кезектен үй алғанға дейін уақытша тұратын үй, жатақхана беруді ұйымдастыру туралы ұсынысын жеткізді, – деді Нұртай Сабильянов.

Жалпы, кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді жақсарту бағытында Парламент Мәжілісі тиісті заңдарға өзгерістер енгізіп, жергілікті атқарушы органдарға дайын тұрғын үйлерді сатып алу құзыреті берілгенін айтқан депутат осы норманы жүзеге асыру үшін қосымша қаражат бөлу керегіне тоқталды.

Қаражат бөлінсе, кезекте тұрған адамдарға үй алу мүмкіндігі артады. Сондай-ақ, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға сәйкес мемлекетке қайтарылған қаражат әлеуметтік жобаларға, халықтың әлеуметтік осал топтарын, мүгедектігі бар адамдарды, жетім балаларды қолдауға, яғни оларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге де жұмсалуы қажет.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында 730 мыңнан астам отбасы үшін қолжетімді бағадағы жаңа тұрғын үй салу жоспарын іске асыру қарастырылған.
Осыған байланысты, Сізден:
- республикалық бюджеттен тұрғын үй салуға қосымша қаражат бөлу;
- заңсыз иемденілген активтердің мемлекетке қайтарылған қаражатының бір бөлігін тұрғын үй құрылысына және жаңа үйлерді сатып алуға жұмсау;
- 3 жылдық республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке субвенция бергенде тұрғын үй салуға, сатып алуға қажетті қаражат қарастыруды;
- кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үй кезегі келгенге дейін уақытша тұратын үймен қамтамасыз ету;
- тұрғын үй салуға бағалы қағаздар шығару арқылы қаражат тарту мәселелерін қарастыруыңызды сұраймын, – деді депутат.