Алаштан ән оздырған айбоз еді...

Жәкеңнің әндерінің ішіндегі «Ба­ба­ла­рым» атты әні басқасынан жөні бөлек деп ой­­­лаймын. Сөзін өзі жазып, орындаған бұл әнді сал-серілердің ізімен дәстүрді жал­ғас­тыра жазылған ән ретінде бөліп қарауға әб­ден болады. Сондай-ақ бұл ән мазмұны мен тақырыбы жағынан ешбір әнге ұқса­май­ды. Жәнібекке дейінгі біз білетін халық ком­позиторлары мен халық әндерінде дәл осын­дай мазмұнда жазылған ән жоқ.

Алаштан ән оздырған айбоз еді...
ашық дереккөз
994

Дүниеде қоңырқай ғана ғұмыр ке­шіп, атақ-мансапқа келгенде елеу­сіз қал­­са да, артына болашақ ұрпақ үшін асыл қазына тастап кеткен тұлғалар қа­­зақ қоғамында қай кезде де аз бол­ма­ған. Жұ­дырықтай жүрегіне қазақ жұр­тын сый­ғыза алған, сол жүрегімен туған же­­рін сүйе білген, ақыл-парасаты биік «ұл­­тым» деген асыл азаматтардың ел жа­ды­­нан өшпейді. Сонда, өзін ұрпақ тәр­бие­­сіне жауапты сезініп, елдің ертеңіне алаң көңілмен қарап, жанын аямай ең­бек­­теніп, өлшеусіз тер төккендердің бірі – Алаштан ән оздырған белгілі әнші, жа­зу­шы, ақын, композитор әрі өнер зерт­теуші Жәнібек Кәрменов. 

Жәкеңнің елсіз иен далада, түйенің қо­мында, азынаған желден ық­та­сын болған киіз туырлықтың астында жа­рық дүние есігін ашып, өзгеден өзгеше тағ­дыр иесі болуы Жаратқанның сыйы дер едік.
Бес жасынан әкеден жетім қалып, со­ғыс­тан кейінгі ауыр жылдардағы ер-аза­мат­тар­дың орнына қара жұмысқа түсіп, ерте есей­ді. Ес білгеннен колхоздың жұмысына же­гі­ліп, қабырғасы қатпай жатып үй шаруасына ара­ласты. Ауыр жұмыс оны мойытпай, қайта ерік-жігерін жани түскені байқалады. Қолы та­лып, белі қайысып жүрсе де, бала Жә­ні­бек­тің қолынан Абай атасының өлеңдері мен қа­ра сөздері түспеген. Қолы қалт етсе кітап оқу­ға ден қойған екен. «Тіпті, бала болып ой­науға да құлқы болмайтын әрі уақыты да қал­майтын» деп еске алады замандастары. 
Аз ғана ғұмырында ерекше үнімен та­лай­ды тамсандырып, жүздеген шәкірт тәр­бие­леп, бірнеше кітаптың авторы атанып, Алаш­ты аузына қаратып үлгерген әнші Жә­ні­бек өзінің ақындығымен қоса ком­по­зи­тор­лығымен де көзге түскен еді. Алдымен Абай­дың сөзіне ән жазып, ұстазы Жүсе­кең­нің ризашылығына бөленіп батасын алса, кейінгі «Өмір» толғауы мен «Бабалар» атты ән­дері көпшіліктің сүйіп тыңдайтын ән­де­ріне айналды. Өзге де әндері де бүгінде шә­кірт­терінің репертуарынан берік орын алған.
Жәкеңнің әндерінің ішіндегі «Ба­ба­ла­рым» атты әні басқасынан жөні бөлек деп ой­­­лаймын. Сөзін өзі жазып, орындаған бұл әнді сал-серілердің ізімен дәстүрді жал­ғас­тыра жазылған ән ретінде бөліп қарауға әб­ден болады. Сондай-ақ бұл ән мазмұны мен тақырыбы жағынан ешбір әнге ұқса­май­ды. Жәнібекке дейінгі біз білетін халық ком­позиторлары мен халық әндерінде дәл осын­дай мазмұнда жазылған ән жоқ. Ақан сері­нің «Әудем жер», Естайдың «Қоштасу» сияқ­ты әндері мазмұны жағынан мүлдем жақын­дамайтыны баршаға аян. Ақанда жеке ба­сына келген кәрілік жайлы айтылса, Ес­тай­дың әні елімен қоштасуы. Мәдидің «Үш қа­расы» мен С.Сейфуллиннің «Бабаларыма» ат­ты әнінде де арғы аталарының аттары ата­лады. Бірақ бұл әндерде бабалардың тізімі тү­генделгенмен екі ән де тікелей қарттарға арналмаған. Авторлар басына қиын-қыстау күн туып тұрғанда бабалар аруағынан медет сұ­рап тұрғаны көрініп тұр. Дегенмен осы ән­дер арқылы біз қазақ қоғамында қарттар мен ақсақалдардың рөлі қандай болғанын то­лық аңғарамыз. Тек әндер ғана емес, бізге жет­кен ескі жырларда да ақылман қарт­тар­дың бағасы қашан да жоғары болғанын көруге болады.
Ал Ақылбай мен Мұхаметжанның ән­дерін­де жастықтың өткеніне, уақыттың оз­ға­нына көзі жеткен автордың ішкі жан дү­ниесінің өкініші, ақырын-ақырын алыстап са­ғынышқа айнала бастаған жастық дәурен көрініс береді. 
Жәкең бұл көрініске мүлдем басқа қы­­рынан қарап, өзгеше баға берген. Өмір­дегі қарттық кезеңді кәрілік демей, ақыл-парасаттың толысқан, елге үлгі бола­тын, жұртқа дана болар шағы, өмірде көр­ген-білгенін халықтың қажетіне жарататын уа­қыты деп санап, қарияларға зор құрмет көр­сете қараған. Оның себебі де бар. 
Жас болғанмен, көрген күні ересектерше күн­діз-түні еңбекке байланып шаруадан қо­­лы босамаған бала соғыстан кейінгі жыл­дары сиреп қалған әкелер мен аталардың мейі­ріміне зәру болып өскені анық. Бала күнінен ән салумен қатар қалам ұстауды да мақ­сат еткен арман иесіне өмірде мұратына жету жолында қолғабыс жасап, өз ықпал­дарын тигізген жандар аз болған жоқ. Ел мен жер­­дің қадірін білетін Молдабек Жанбо­ла­тов, Кәмен Оразалин сияқты ауыл ағалары ер­теңгі күні елге аға болар, халқына қызмет етер жастарды тани білгендіктен оларға қам­қоршы да бола білді. Бала Жәнібектің бойын­дағы жазушылық қасиетті көре білген Кәмен ақсақал қазақ жұртына айтулы бір­не­ше ақын-жазушылардың келуіне жол ашып себепкер болды. Жәкеңнің Алматы қа­ласына келуіне де бірден-бір себепкер Са­пар­ғали Бегалинмен кездесуіне, Жүсекеңнің көзіне түсуіне де жағдай туғызған Молдабек аға еді. Солардың ықпалымен қалаға келген жас жігіт Жүсекеңнің әкелік қамқорлығының ар­қасында Ахмет Жұбанов бастаған қазақ өнерінің алыптарымен жақын танысты. Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты ұлы жазу­шы­лардың ғибратына қанықты. Р.Қош­қар­баевтай қазақтың даңқты батырымен етене жа­қын араласты. Өмірде жақсы адамдардың көп екеніне көзі жетіп, қазақтың жалпақ жұрт­ты ауызына қаратқан абыз ақсақал­да­ры­ның жан шуағына бөленді. 
Бұл «ақсақалдық», «қарттық», «қария­лық» деген түсініктер біздің қоғамда­ғы береке-бірліктің, ынтымақ пен қайырым­ды­лықтың, әділдік пен турашылдықтың не­гізі. Ауылдың ауыл, елдің ел болуына бұ­лар­дың тигізер пайдасы өлшеусіз. Біз тек қас­тарында жүріп мән бермеген соң бай­қа­май­мыз да, көңіл де бөлмейміз. Әйтпесе, қа­зақ ауылында бала тәрбиесіне бүкіл ауыл­дың үлкендері, әсіресе, қарттары араласқан. 
Бұған дейінгі халық композитор­ла­рын­­да қарттар тақырыбының қандай дәрежеде сөз болғанын айттық. Дегенмен біз бі­летін ол әндер көбінесе композиторлардың же­ке басына қатысты болып қала береді. ХХ ға­сырдың ортасына дейін өз жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі әндерімізде нақ­ты қария, ақсақалдарға арналған, олардың қайраткерлігін суреттейтін әндер болмаған десек, қателеспейміз. Естайдың «Соңғы әні», Ақан­ның «Әудем жері», Біржанның «Жамбас сипар», Ыбырайдың «Қалдырғаны» сияқты ті­келей жеке басқа қатысты әндер ақса­қал­дар мен қариялардың қоғамдағы орны мен ат­қарар міндеттерін айқындап бере алған емес. Ән мәтіндерінде қазыналы қарттары­мыз­дың жас ұрпақ тәрбиесі мен дәстүр са­бақ­тастығындағы рөлдері еш уақытта көр­сетілмеген. Әрі оларда ондай мақсат болған да емес. Оларды ақсақалдар туралы ән жаз­ба­дың деп жазғырудан аулақпыз. Жоғарыда атал­ған халық композиторларының аталған ән­дері авторлардың жеке басындағы қарт­тыққа қатысты ғана болып, бойларын кәрі­лік жеңе бастағанынан хабардар етіп, қала бер­­ді елімен, жерімен қоштасуы сияқты ма­­­­ғынадағы ойлармен шектеліп қалып отыр. 
Қоғамдағы қарттардың орнын белгілеп, олар­­дың қадір-қасиетін өте шебер су­рет­теу­мен қатар, оған сай ән жаза алған Жә­кең­нің әнін қазақ ән өнеріне қосылған жаңа тақы­рып деп айтуға толық негіз бар. Бұл тақырып Жәнібек Кәрменовке дейін сөз болмай қал­ған жоқ. Мұқағали Мақатаевтың, Сағи Жиен­баев сияқты ақындардың қаламынан жыр болып төгіліп, кейін композиторлар ән шы­ғарып сахнада орындалып жүргенін біле­міз. Тек, әні мен сөзі жеке-жеке жазылған. «Ха­лық әндерінің шығарушылары әрі ақын, әрі әнші болған ғой. Ән мен сөздің үйле­сім­ді­лігі, мазмұн мен көркемділігінің бір тұтас келуі, үш өнердің бір жүректен шыққан­ды­ғы­нан болса керек» деп Жәкең өзі айтқандай, қа­л­ыптасқан дәстүрдің де бар екенін ұмыт­па­ған жөн.
Жәкеңнің бұл тақырыпқа қалам тербеуі жайдан-жай болмағаны анық. Себебі бұл ән дү­ниеге келгенге дейін жазған оның шы­ғар­ма­ларындағы кейіпкерлер (қарттар) оқыр­ман­дарын қашанда мол мейірім мен кең пейі­лі арқылы өзіне баурап қана қоймай, өз ор­тасына өнеге көрсетер қоғам ұстазы ретін­де қашан да «ынсап пен мейірім, әділетті» өмірдің негізгі өзегі етіп жақсылыққа бастап отырады. Бұл сол уақыттағы заманның та­лабы. Оған себеп, ХХ ғасырда біздің қоғам ауыл ақсақалдарының аздығын, көбі тіпті, оның жоқтығын басынан кешті. Сонау кол­хоздастыру кезеңінен бастап Ашаршылыққа, репрес­сияға, Екінші дүниежүзілік соғысына ұласқан нәубет қаншама ел ағалары мен ауыл азаматтарының басын жұтты. «Ат тұя­ғын тай басар» дегенмен, ұрпақ жалғас­ты­ғын­дағы аталар мен әкелердің орны үңі­рейген күйі бос қалғаны рас. Осындай қанды қыр­ғынды басынан өткеріп, ортасы ойсы­ра­ған ұлтымызда елге ес болатын ер-аза­мат­тардың орны ерекше еді. Басқа түскен нәу­бет­­ті халық болып еңсеру үшін бұғанасы қат­­паған жас балалар тым ерте есейіп қару­лы азаматтардың атқарар істеріне жегілді. Бала болып ойын ойнау, еркелік жасау деген ұғым саналарында болмағандай. Өкіметтің ба­ғусыз қалған малын, шабусыз қалған шө­бін осы балалар бақты, балалар шапты. Колхоздың негізгі еңбек күші осы балалар бол­ғаны жасырын емес. Сол себепті өз зама­нын­да әкесіз өскен ұлдар ақыл кіріп, ес жи­на­ғанда қоғамдағы әкелер мен аталардың ор­нын жоқтай бастады. Ақындар жырларын ар­наса, қалам ұстаған жазушылар өз қия­лын­дағы аталарды кейіпкер ретінде шығар­ма­ларына арқау етті. Әр оқырман әкелердің өнегесі мен аталардың өсиетін әдебиеттен тапты. Рухани қажеттіліктерін ақын-жазу­шылардың өлеңдері мен шығармаларынан алды. Ашаршылықтың дәмін татып, соғыс­тың зардабын тартқан ұрпақ, еңбекке бала күнінен араласып, өздерін-өздері тәрбиелеп жү­ріп, ерте есейіп арадағы елу-алпыс жыл айыр­машылықты жоюға тырысты. Солардың еңбегінің арқасында білім мен ғылым да­мып, әдебиет пен мәдениет өркендесе де, кө­некөз қариялардың қадірі кеміген емес. 
Бұл тақырып оның санасында бала күн­нен бірге жасасып келе жатты. Ба­ла болып ойнауды білмеген Жәнібек ерте бас­тан еңбекке араласса, ол ересек ер-аза­маттардың аздығы. Өзін қоршаған орта­сын­дағы кейбір жандар әділетсіздікке тап бо­лып, шолақ белсенділерден зәбір көріп жат­са, ол да қорған болар әкелердің, жөн көр­сетер ақылман ақсақалдардың жоқтығы. Оның көзінше аяулы арулар мен ақ жаулықты аналардың қара жұмысқа жегілгені соғысқа кеткен есіл ерлердің ор­нын ешқашан ешкім толтыра алмайтынын көр­сетті. Осының барлығы бес жасында әке­ден жетім қалған бала Жәнібектің сана­сында өз ізін қалдырмай қалған жоқ. Ол ел арасында әлі де болса сүйікті жарын, аяулы ұлын жоқтайтын аналардың жоқтауы, қаралы қағаз алса да, үмітін үзбей майданнан жары мен ұлын күткен шешелеріміздің сағынышқа толы зары құлаққа шалынатын кез еді. Өзі «Жесір әйел, жетім бала болып өмір сүрдік қой» дегендей, жесір қалған ше­шесінің тартқан ауыртпашылығы мен жетім өс­кен өзінің көргені жоғарғы класқа келіп қа­лам ұстай бастағанда жазған шығарма­лары­на арқау болды. Кейінгі жазған бірнеше повестерінде бұл тақырыпты айналып өт­педі. «Хорлан» әңгімесіндегі Жомарттың на­ғашы атасы Ақат, «Директордағы» совхоз ди­­ректоры Әукен, «Әке көңіліндегі» Құ­дай­құл ақсақал осында, «Боз айғырдың үйірі» по­весіндегі Сабыржан ақсақал сияқты кейіп­кер­лер ар алдындағы адалдықтың не екенін көр­­сетіп, өзінен кейінгілерге өнеге көрсете біл­ген елдің, жұрттың қамқоршысы, өмір­дің мә­нін терең түсіне білген парасатты, адам­­гершіліктің алып үлгісіндей жан­дар болып оқырманның есінде қалғаны анық. 
Ата түгілі, әкесінің алдында ба­ла болып ер­келей алмаған ав­­тор өзінің арман-тілек­терін өз кейіпкерлері арқылы сом­дап әрі өмірде біз ескере бер­мей­тін тұстарына терең мән бе­ріп, оқырманын адами қа­сиет­терге же­телегенімен қоса, қоғамдағы ортаны тәр­биелей­тін кімдер екенін анық көр­сетеді. Өзінің арманы мен қиялын көр­кем етіп қағаз бетіне тү­сір­генде, қа­рияларға деген құр­меті­нің төтенше зор екені байқалады. Бала күніндегі ата мен әкенің махабба­тына зәру жүрегі, бозбала кезінде мектептегі Кә­мен ұстазынан бас­тап сол төңіректегі Са­быр­жан сияқты абыз ақсақалдардың ықы­ласына бөленіп, солар­дың мейір-шапағатын көріп, оң-солын таныды. Сондықтан Жә­кең­нің бойындағы қарияларға деген құрметі ерек­ше болды дағы, ыстық жүрегінен пер­зенттік махаб­ба­ты, әуені мен иірімдері өзгеге ұқса­майтын ерекше тыңдаушының жанын те­бі­рентіп, санасында ой қозғайтын сағы­нышқа толы ән болып ақтарылды.
Бұл әннің ерекшелігі − мазмұнының ерек­­шелігінде. Ол ұлт болашағын ой­лаған ақсақалдардың «даладай дархан көңілі мен сәуледей аппақ пейілін, көктемдей жо­март жандарын» жанымен сезінсе, «шақ­шасын қыдыртып қойып, аузына елді қара­тып, ше­жіре жырды таратып» отыра­тын­дарын, игі бастамаларға қадам басқан ба­ла­ларға «Адам­ның ұлы бол деп батасын беріп, із­гілік жо­лын үйреткендерін» бала күн­дерінде көзі көрді. 
Болашақ үшін көңілі алаң Жәкең «ақ сұң­қар құсы тұғырда, тұлпары жарау бел­деуде, кәрі кеудесінде жыр шулап, сал дом­бырасы қолынан» түспейтін жұрттың ғана емес, тұтас ұлттың қамқоршысы бола алған ақ­сақалдардың қоғамымыздан тым алыстап кеткеніне қамығатыны, өмірімізде кіршіксіз көңіл мен шынайы ықылас, ақыл-парасат­тың кені мен ұлттық сана иесі бола алған қариялардың біз үшін қаншалықты қымбат екенін көрсетіп тұр. 
Күні бүгінге дейін сан ғасырды артқа тастап өз жалғасын тауып келе жатқан қазақ ән өнері әнші, ақын, композитор Жәнібек Кәрменовтың «Бабаларым» атты әні арқылы жаңа тақырыпқа толықты деп айтуға толық негіз бар. Әуенінің құрылымы жағынан дәстүрден алшақтамай, мәтінінің мазмұны жағынан басқа әндерден ерекше мағынаға ие бұл ән төл өнерімізге жаңалық болып енді. 

Әділет МҰСА,
әнші

Серіктес жаңалықтары