Біржынысты неке бізге де келе ме?
Қазақстан халқының көп бөлігі ғасыр дертіне айналған ЛГТБ қозғалысына қарсы. Алайда қоғамның наразылығына қарамастан олардың әр жерде бір жиын өткізуі жиілеп барады. Өткенде Алматы клубтарының бірінде «көгілдірлердің» байқауы өтті. Оған қатысушылар да, оған жиналған жұрт та қозғалысқа қарсы емес екені анық. Басқосуды нағыз шоуға айналдырып, әлеуметтік желіде кең таралуы жұртшылықтың ашу-ызасын тудырды.
Қазақстанда қанша гомосексуал бар?
Өткен жылдың қазан айындағы статистика бойынша бүкіл әлем елдерінің 130-ында (оның ішінде 128 ел БҰҰ-на мүше, қалған екеуі – Тайван мен Косово) гомосексуалды қарым-қатынас заңдастырылған болса, 66 елде заңдастырылмаған. Қазақстанда ЛГБТ қауымдастығы мүшелерінің әрекеттеріне заңмен тыйым салынбаған. Алайда мемлекет біржыныстылардың некесін мойындамайды және мұндай неке тіркелмейді. Ел билігі ЛГБТ-ға қарсы екенін бірнеше рет мәлімдегенімен, заңмен тыйым салынбағандықтан қозғалыс өкілдері айылын жияр емес. Қатары күн санап көбейіп бара жатқан олар ешкімнен аяқ тартпайтын секілді. Өйткені өз құқықтарын қорғау үшін алпауыт мемлекеттердің қаражат бөлетінін және қазақстандық шенеуніктер мен прокурорлар арасында өз «өкілдері» бар екенін ашық айтып жүр.
Жақында Жоғары білім министрінің бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес, дәстүрлі емес жыныстық бағдардағы адамдар Қазақстандағы балалар үйлерінде тұратын балаларға тәлімгер бола алмайды, – деп мәлімдеді. Яғни, ЛГБТ өкілдерінің балалар үйінен бала асырап алуына заңмен жол берілмейді.
Мақаланы жазу барысында елімізде қанша гомосексуал бар екенін зерттеуге тырыстық. ЛГБТ қозғалысының лидері Данияр Сәбитов Қазақстанда олардың (лесби, бисексуал, трансгендер, интерсексуал, гомосексуал) жалпы саны 1,5 миллионды құрайды деп мәлімдеген болатын. Алайда БҰҰ сарапшылары Қазақстанда еркек-гомосексуалистердің саны шамамен 62 мың дейді. Мұндай мәлімет БҰҰ-ның ЖИТС және АИТВ бағдарламасы аясында жарияланып отыр. Ұйым ВИЧ-тің қарапайым халық арасында таралуына қарағанда (1,3 пайыз), гомосексуалистер арасында (6,9) кең таралғанын мәлімдеді. Жалпы, ХХІ ғасырға дейін гомосексуализм психикалық ауытқушылыққа жататын аурудың түрі саналып келді. 1963 жылы Нью-Йорк медициналық академиясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына берген есебінде оны психикалық ауру деп таныды. Алайда манипуляцияның күшеюімен бұл шешім өзгертілген. 1973 жылы Америка психиатрлар қауымдастығы дауыс беру арқылы «психикалық аурулар тізімінен» алып тастады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы гомосексуализмді ауру түрі деп мойындамайды. Сондықтан 1990 жылғы 17 мамыр күні оны халықаралық аурулар жіктемесінен сызып тастады. Ал 1992 жылдан бастап дүниежүзілік психиатрлар мен психологтар қауымдастығы да осындай шешімге келді. Содан бері 17 мамыр – гомофобия, трансфобия мен бифобияға қарсы күрес күні деп белгіленген.
Гомосексуализмді қабылдаудың қай кезеңіндеміз?
Ауруды халықаралық жіктемеден алып тастағаннан кейін гомосексуализм әлемде кең насихаттала бастады. Өткен ғасырда жезөкшелікке жеккөрінішпен қараған әлем енді гомосексуализмді де мойындаудың жолында. Біржынысты некені заңдастырып, бала асырауға рұқсат берген елдер көбейді. Біздің қоғам бұл қозғалысқа қаншалықты қарсы болғанымен, оларды қолдайтындар, қолдамаса да қалыпты жағдай деп қабылдайтындар саны артып барады. Өйткені насихаты көп, қаржылай қолдаушылары бар.
ХХ ғасырдың бас кезінде Америка билігі қоғамның азғындалуына қарсы күресті әйелдің киімінен бастады. 1914 жылы билік әйелдердің жағажайда жалаңаштануына тыйым салды. Арнайы полиция құрылып, заң бұзғандар қатаң жазаланатын. Қысқа, ашық киінген келіншектер бірден тұтқындалып, айыппұл төлейтін, абақтыға да қамалатын. Алайда арада 100 жыл өткенде Америка біржыныстылардың некесіне заң жүзінде рұқсат берді әрі оларды заңмен қорғайтын болды. Осынша қысқа уақыттың ішінде дамыған мемлекеттегі жағдайдың күрт өзгеруіне не себеп болғанын әлеуметтанушы Джозеф Овертон зерттейді. Әлеуметтану ғылымындағы «Овертон терезесі» теориясы дүниедегі ең сорақы, тұрпайы деген ұғымдарды біраз уақыт өткен соң жақтап шығуға болатынын дәлелдейді.
Бірінші терезе «Ақылға қонымсыз» кезең деп аталады. Егер біржынысты некені заңдастыру мәселесі осы кезеңде бірден көтерілсе, әйелдердің қысқа киім кигеніне шошына қараған қоғам оларды басып-жаншып тастар еді. Сондықтан да бұл кезеңге «ақылға қонымсыз» деп ат беріледі. Әлем біржыныстылардың барын білді, бірақ оларды түсінуге тырыспады, керісінше бойларын аулақ салуға тырысты.
Екінші терезе – «Радикалды кезең». Бұл кезеңде гомосексуалистер ашық әрекет ете бастайды. Олар әдейі халықтың ашуына тиіп, сол арқылы біржыныстылар мәселесіне көңіл аударып, талқылауды мақсат етеді. Өздері туралы ақпаратты бұқараға күшпен тықпалап, көпшілік назарын аудартады. Мақсат – халыққа мұндай дүниенің бұрыннан бар екенін жеткізу.
Үшінші терезе – «Түсінуге ұмтылу» кезеңінде қоғам біржыныстылар мәселесін қызу талқылауды өзі бастайды. Алайда көпшілік аталған мәселеге бұрынғыдай жатырқап қарамайды, қалыпты дүниеге айнала бастайды. Тіпті, «Бұл да табиғи жаратылыс қой. Түсініп көрсек қайтеді?» деген пікірлер де айтыла бастайды. Біржыныстылар туралы мақалалар жазылып, олардың тағдыры кинода көрініс тауып қалуы мүмкін. Оларға қарсы өткір сын айтқан, қабылдай алмағандарға күйе жағылады. Гомосексуалистерді түсінбейтіндер адамгершіліктен жұрдай, дүбәра ретінде сипатталады. Ал оларды жақтау сәнге айналады. Тіпті, өздерінің біржынысты досы барын мақтан көретін жандар да пайда болады. Қарап отырсақ, біздің еліміз осы кезеңге қадам басқан секілді. Өйткені біздің қоғам мұны елең ете қалатын жаңалық деп қабылдамайды. Құлаққа сіңісті, үйреншікті құбылыс деп қарайды.
Төртінші терезе – «Ақылға қонымды» кезең. Бұл кезеңде «гомосексуализм – қалыпты дүние» деген пікірді ұстанатындар мен дәстүрлі құндылықтарды бойына сіңіргендер арасында бітпейтін дау басталады. Гомосексуалистер өз құқығын қорғағысы келеді, ата-аналар да өз баласын азғындықтан кім қорғайды деп шыр-пыр болады. Ал қоғам екі жақтың қайсысын таңдарын білмей, бейтарап күйін сақтап қалады.
Бесінші кезең – «Танымал ету» кезеңі. Қауіпті кезеңнің бірі саналады. Олар өз қатарына танымал тұлғаларды тарта бастайды. Әсіресе, әншілер, әртістер мен спортшылар біржынысты некені қалайтындарын қалың көпшіліктің алдында жариялайды. Сары басылымдар мен ток-шоулардың сүйікті тақырыбына айналады. Елдің бәрі гомосексуализм туралы айтып, жазып жатқандықтан шошына қарау мүмкін емес.
Ең соңғы терезе – «Азғындар саясатта» деп аталады. Біржыныстылар туралы бала да, жас та, кәрі де біледі. Олар да бұрынғындай жасырынбай, көшеде қол ұстасып жүре береді. Бірақ біржыныстыларға төнген қауіп әлі сейілмейді. Сондықтан олар саясатқа ұмтыла бастайды. Лауазымды қызметке тұрып, біржыныстылар мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріледі, тіпті арнайы заң қабылдануы да мүмкін.
Дүмді елдерде біржынысты некенің саясиланғаны соншалық, олар енді дәстүрлі құндылықты ту еткен мемлекеттерді басты назарға алады. «Овертон терезесінің» бірінші кезеңінен аспаған елдерді қыспаққа алып, несие беру, халықаралық форумдарды ұйымдастыру мәселелерінде олардың талабы орындалатындай ықпал жасайды. Әйтпесе, дамушы ел несиеден қағылады. Нарық заңына төтеп беріп, экономикасын дамытуды көздеген елдер «күштінің» айтқанына көнеді. Біржыныстылардың әрекетіне мән бермей, терезеден терезеге өтуіне аса көп кедергі келтірмейді. Теория бойынша соңында қоғам гомосексуалистерден жеңіледі.
«Ұлдармен ойнау» шығысқа тән бе?
Еркектің еркекке, әйелдің әйелге үйір болуы ғасыр дерті дегенімізбен, бүгін пайда болмағанын тарихтан білеміз. Гомосексуалдылық б.з.д. 600 жылдардан бері белгілі. Бұған Қытай әдебиетінің көптеген мәшһүр туындысындағы гомосексуалдылық тақырыбы дәлел. Bian Er Chai секілді Миң династиясына тиесілі әдебиетте ерлер арасындағы гомосексуалды қатынастар гетеросексуалды қатынастарға қарағанда көбірек ләззат әкелетінін және «гармониялы» екенін жазады. Лию Соң династиясындағы Уаң Шунудың жазбаларында ІІІ ғасырдың екінші жартысында гомосексуалды қатынастар гетеросексуалды қатынастармен тең дәрежеде кең таралғаны көрсетілген.
Адамзат баласы бұл сорақылықтың түп бастауы Лұт (а.с.) пайғамбардың тұсында басталғанын біледі. Байлық пен берекелі өмірден безінген, ләззат атаулыдан жалыққан қауымның еркектері әйелдерін ұмытып, ар-ұяттан безіп, азғындыққа жол береді. Осылайша, Жаратқанның қаһарына ұшыраған олар бір сәтте жермен жексен болған.
Ежелгі Помпей қаласының тарихы да осыған ұқсас. Өйткені мұнда жезөкшелік пен гомосексуализм гүлдеп, мұндай өмір сүру үрдісі әдетке айналып кеткен болатын. Біржыныстылардың төсектес болуы қалыпты саналды және балалар мен жасөспірімдер мұндайдан тыс қалмайтын. Тарихшылар осы уақытқа дейін олардың жер бетінен бір сәтте жойылып кету себебін жанартаудың атқылауынан деп түсіндіріп келген еді. Өткен ғасырдың 1940-50 жылдары археологтар көне қаланың орнын қазады. Олар қаланың барлық ғимараты дерлік зақымдалмағанын көріп таңғалады. Ең қызығы – адамдардың дене мүшелері бүлінбеген, бет-әлпеттері өзгермеген, сол қалпында сақталған. Ғалымдар тұйыққа тіреледі. Егер жанартау атқыласа жолындағының бәрін күйдіріп-жандырып, бұл жер жоқ болып кететін еді. Арада 2000 жыл өткенде адамдардың бейнесінің бұлай сақталуы ғаламат күштің оларға бұйрық беріп, тіршілікті бір мезетке тоқтатып тастағанынан хабар береді. Өйткені жүздеген жұптың жыныстық қатынасқа түсіп жатқан күйде мәңгілікке қатып қалғанын көрген олар Жаратқанның зауалына ұшырап, бір сәтте жер бетінен жоқ болған деген тұжырымға келді.
Орта ғасырдан бері келе жатқан жасөспірімдер арасындағы секс-құлдық – бача-бази деп аталады. Парсы тіліндегі сөздің аудармасы бача – «ұл», бази – «ойнау», яғни «ұлдармен ойнау» деген мағынаны білдіреді. Үлкендер жасөспірім ұлдарға қыздың киімін кигізіп, бояндырып, әшекей тағып, тіпті жасанды төс жасап, еркектердің алдында билеуге мәжбүрлейді. Бұл «дәстүр», әсіресе ХІХ ғасырдың соңында Бұхара, Самарқан, Ташкент, Ауғанстан және Пәкістанда етек жайған. Кейін молдалар мұның исламға қайшы екенін айтып, тыйым салған. Дегенмен Ауғанстанда бұл «дәстүр» әлі күнге дейін сақталған.
Бача-бази – кәдімгі кәсіп көзі. Бұл кәсіпке кедей, көпбалалы отбасынан шыққан 10-11 жастағы балаларды таңдап алады. Кейбірін ата-анасынан азғантай ақшаға сатып алса, кейбірін көшеден ұрлап әкетеді екен. Ауғанстанда тұрмысы төмен көпбалалы отбасы көп болғандықтан, ондай балаларды табу қиындық тудырмайды.
Бачаның биін негізінен бақуатты еркектер тамашалайды. Олар жасөспірімді ұнатқан жағдайда оны қожайынынан бір түнге немесе біржола сатып алуға тырысады. Тіпті, кейде саудаласудың соңы үлкен жанжалға дейін ұласады екен. Себебі олардың түсінігінде адамда бача қаншалықты көп болса, ол соншалықты бақуатты. Ең көп ақша ұсынған адам баланы сатып алатыны айтпаса да түсінікті. Сол күннен бастап бача жаңа қожайынының алдында билеуге, ең сорақысы – жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүр.
Ауғанстанда бача-базидің кеңінен таралуына елдегі қатаң жүйе ықпал еткен. Мәселен, ауған ерлеріне туысы болып есептелмейтін бөтен әйелдермен сөйлесуге тыйым салынған. Сәйкесінше, еркектер бачаның биін тамашалап, онымен көңіл көтеруді уақытша демалыс деп санайды. Екінші себебі – елдегі ұзақ жылға созылған соғыс. Соғыстағы әскерилер отбасынан жырақта болғандықтан, жасөспірімдерді пайдаланған. Сонымен қатар балалардың бұл кәсіппен айналысуына соғыста әкесінен айырылуы, отбасын асырауға мәжбүр болуы ықпал еткен. Алайда 17-18 жасқа келгенде жасөспірімдер ешкімге керексіз болып қалады, күнкөріс қамы үшін өз өнерлерін жас балаларға үйретіп, «дәстүрді» ары қарай жалғауға амалсыз ықпал етеді.
Бір қызығы – бачамен жыныстық қарым-қатынаста болатын еркектер жасөспірімге деген ешқандай сезімі жоқ екенін айтады. Сол себепті олар бұл әрекетін гомосексуализм деп есептемейтін көрінеді.
Бақытжан Мүптіәділұлы,
Әл-Фаттах мешітінің наиб имамы:
Бұл – қоғамды бұзатын жол
– Біржыныстылар арасындағы қарым-қатынас қай заманда болмасын құп көрілмеген. Мұны ислам діні де дұрыс деп есептемейді. Исламнан бұрынғы діндерде де бұл нәрсе теріс қабылданған. Мысалы, яһудилік дінде еркектердің арасындағы қосжыныстылық әрекеттеріне тыйым салынып, бұл іске барғандар өлім жазасына кесілетін болған. Христиан дінінде де бұл іске қатты айып тағылған. Сол сияқты Алланың соңғы кітабы қасиетті Құран Кәрім адамдарды жыныстық қажеттілікті табиғи және заңды жолмен қанағаттандыруға, яғни ер мен әйел үйленіп, тек сол заңды отбасымен ғана бірге болуға, адамның табиғи таза болмысы мен арын қорғауға, адамдық қасиетіне нұқсан келтіретін қандай да біржыныстық азғындық пен адасушылықтан аулақ болуға шақырады. Құранның бірнеше сүрелері мен аяттарында ұлы есімді пайғамбардың тұсындағы адамдардың арасында осындай азғындық кең етек алып, бір қауым осындай жаман істі әдетке айналдырады. Ұлы пайғамбардың насихатына мүлдем құлақ аспайды. Тіпті, оның өзіне оған қоқан-лоқы көрсетеді. Ақыр соңында Алла Тағала оларға көктен азап түсіріп, түп-тамырымен құртып жібергені айтылған.
Бұл – елімізді дамытпайтын, керісінше, қоғамды жыныстық азғындыққа апаратын, біздің болашағымызды құртатын нәрселер. Алла Тағала бізді ер мен әйел етіп жаратқан. Сол ер мен әйелдің өзара адал неке қиып, отбасын құрып, дүниеге иманды, заңды, дәстүрлі жолмен ұрпақ келуін Алла Тағала құп көрген. Жаратушы солай жаратқан. Сол табиғатымызға сай өмір сүруіміз керек. Алладан келген кітаптың (Тәурат, Зәбүр, Інжіл, Құран Кәрім) бәрінде бұл мәселе айтылған. Яғни, Жаратушымыз тыйым салған нәрседен тыйылуымыз керек. Дініміз мұндай азғындыққа ғана емес, зинаға да тыйым салады. Өйткені зина жасаудың соңы жақсы болмайды, бұл қоғамды жаманшылыққа, бұзық іс-әрекеттерге бастайды. Мұндай іс-әрекеттермен қоғам болып күресуіміз керек. Яғни, дәстүрлі отбасын құрып, дәстүрлі неке қиып, содан иманды, таза ұрпақтардың дүниеге келуіне барлығымыз атсалысуымыз маңызды.
Көршілес Ресей ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңға қол қойды. Венгрия мектептерінде де насихаттауға қарсы заң қабылданды. Түрікменстан және Өзбекстан елдерінде де заңмен тыйым салынған. Мен бізде де заңмен тыйым салу керек деп есептеймін. Өйткені адам баласына ненің жақсы-жаман, ненің пайдалы-зиян екенін Жаратушы жақсы біледі. Сондықтан адам баласына нәпсісін тыюды көбірек ойлағаны абзал.
Әйгерім КАМАЛОВА,
сексолог:
Бұл – ұрпақ тәрбиесіндегі білімсіздік
– Алғаш сексологияны оқи бастағанда қазақ жігіттері арасында гомосексуалистер көп екеніне таңғалатынмын, шошитынмын, қазір олардың көптігіне үйрене бастадым. «ЛГБТ ұйымдарын шетел қаржыландырады», «Бұл бізге батыстан келіп жатыр» деген пікірлер де бар. Иә, бұл пікірмен де келісуге болады. Бірақ мен маман ретінде мұның бәрі білімсіздіктен болып жатыр дер едім. Мысал келтіре отырып түсіндірейінші. Баланың көзінше киініп-шешінетін, жартылай жалаңаш жүретін әке-шешелер бар. Әдетте, әйелдер үлкен балаларының көзінше кіші баласын емізіп отырады. Қызы мен ұлын ваннада бірге шомылдырады, үлкені қыз болса, екінші туған ұлына қыздан қалған киімдерді кигізеді. Ашығын айту керек, баланы құйрығынан ұратын аналар баласының сол ұрғаннан ләззат алып қалуы мүмкін екеніне мән бермейді. Омырауын жабық ұстамайды. Ұл бала 12-13 жасқа келгенде жыныстық тақырыпты қозғап, ашық сөйлеспейді. Қыз бала балиғат жасына жеткенде анасы оның ағзасындағы өзгерістерді айту керек деп ойламайды. «Өзі біліп алады» деп ойлайды немесе ашық сөйлесуге өзінің ішкі қорқыныштары кедергі болады. Сонымен қатар бала 2 жастан кейін ата-анадан бөлек, ал қыз бен ұл бір-бірінен бөлек жатуға тиіс. Бала ештеңені білмейді деп ойлайды көбі, бірақ жоғарыда аталған іс-әрекеттер баланың жыныстық функциясының өзгеруіне қатты әсер етеді. «Бала деген бір-біріне ілесіп өсіп кетеді» деп бәрі бір бөлмеде ұйықтап, киініп-шешініп жүре береді. Осыны айтсаң, аналар 1 бөлмеден артық үй алуға ақшамыз жоқ дейді. Мұндайда мен «Ұрпағыңыздың салиқалы, салауатты өсуі үшін жұмыс істеңіз, әрекет етіңіз, 2-3 бөлмелі үйге көшіңіздер» деймін. Неге біздің қоғамда зорланғандар көп? Өйткені бір отбасында әйелдің інісі, ағасы, күйеуінің бауырлары бірге тұрады немесе келіп-кетіп жүріп балаларға тиіскен. Бала оны ата-анаға айта алмаған немесе анасы білсе де ашық айта алмай, баласының өмірін қор қылады. Осының бәрі білімсіздік емей немене? Бала кезінде ер адам тарапынан зорлық, жәбір көрген баланың әйел баласына қызығушылығы төмен болады.
Гомосексуализмді емдеу мүмкін емес. Алайда Алланың қалауымен тәубеге келіп, қажылыққа барып, дәстүрлі отбасын сақтап қалғандар бар. Бұл күн сайын өз нәпсің, ынтызарлығың, құмарлығыңмен күрес. Өкінішке қарай, «Менің қалауым осы» деп біржола гомосексуализм жолын таңдайтындар көп. Маған консультацияға 7 жасынан 12 жасына дейін өзінің туған әкесі зорлаған бала келді. Қазір баланың жасы – он сегізде. Оны ер адам зорласа да, әйел затын жек көреді. Туған анасына өкпелі. «Анам мені кішкентай кезімнен қорғай алмады» дейді.
Маған күйеуінің гомосексуалист екенін айтып хат жазатын әйелдер көп. Бұл үлкендердің ақылына сыймайтын шығар, бірақ өкінішке қарай, бүгінгі қоғамның бейнесі осындай. Ауруын жасырған өледі, күйеуі әйеліне тағы бір ер адамды қосып, жыныстық қатынасқа түсуді сұрайды. Бұл ер адамдардың порнографиялық фильмдерге шектен тыс құмарлығынан туындайды. Порноиндустрия интернеттің дамуымен қатар неше түрліні көрсетеді. Алла сақтасын, әкесі мен қызының, анасы мен баласының қосылғанын шығарып қояды.
Мектепте сексология сабағы енгізілсе, қаншама мәселенің алдын алар едік. Мұндай пәннің керегі жоқ деп байбалам салғаннан өзгерген ештеңе жоқ. Қазіргі балалар сізсіз-ақ бәрін интернеттен көріп, біліп отыр. Сондықтан ұл мен қызды дұрыс бағытта тәрбиелеп, ерекшеліктерін түсіндіріп, кездейсоқ жыныстық қатынастан сақтанудың маңызын түсіндірсе, тастанды балалар азайып, аборт жасатушылар тыйылар еді.
Серікгүл САЛИ,
психолог-психотерапевт:
Гомосексуалдарды қалыпты деп қабылдайтын ұрпақ өсіп келе жатыр
– Ер адам гомосексуал болып тумайды. Бұл жыныстық, психологиялық ауытқушылық емес, жыныстық ерекшелік десек болады. Ол адамның бойында өсе келе қалыптасады.
Бала тәрбиесінде 3 жастан кейін киімін рұқсат сұрамай шешу, денесін ұстау дұрыс емес. Өйткені бала 3 жастан кейін бала іш киімін шешкісі келмейді. Бұл – қалыпты жайт. Жасөспірімге пубертанттық кезеңге дейін (13-24 жас) өзінен үлкен адам қол жүгіртсе, бала психикасының бұзылуына осының өзі жетіп жатыр. Жыныстық зорлау болмаса да, бұл балаға эмоциялық тұрғыдан өте қатты әсер етеді. Мұндай әрекет баланың психикасында бекітіліп қалып қояды да, психосексуалды дамуын тежейді. Әсіресе, ұл балаға ер адам тиіссе, болашақта ол бала ер адамнан ғана ләззат алғысы келеді. Бұдан кейін де ол бірден гомосексуал болмайды. Ер адамдар үшін осы жолды таңдау, өзіне рұқсат берудің өзі үлкен трагедия. Алғашында мұны мойындамайды, қабылдамайды, алайда әйел затына қызықпайды, қызды жақсы көрмейді. Еркекке көңілі тартып тұрады. Мұндай кезде ер адам бірсәттік ләззат үшін бәріне дайын болады және өзінің әрекетіне анализ жасай алмайды. Егер ол гомосексуалдылық қызығушылығы бар екенін мойындамаса, мұның соңы педофилдікке соқтырады. Яғни, гомосексуалдылық пен педофилдіктің түбірі – бір.
Біз гомосексуализмнен қашып құтыла алмаймыз. Өйткені қазір балалар бәрін интернеттен көріп отыр. Бүгінде шетелдің қай киносын алсаңыз да ЛГБТ-ны насихаттайды. Қазір гомофобтарға жатырқап, тосырқай қарайтын, мұны жабайылық, надандық, сорақылық деп түсінетін ұрпақ өсіп келе жатыр. Мен осы мәселені айтсам, үлкендер ұрсып ала жөнеледі, тыңдағысы келмейді. Алайда біз олардың ішкі жан дүниесіндегі, жүрегіндегі жарақаттарына терең үңіліп, психологиясын түсіну арқылы ғана сау ұрпақ өсіретінімізді көп адам терең түсіне алмайды. Аттан салып, қарсы тұрады. Бірақ мұнымен мәселе шешілмейді. Олардың ата-анасы жіберген қателікті біз жібермеуіміз керек. Міне, сонда қоғамда таза орта қалыптасады. Үлкендер бірден ажырата алмауы мүмкін, алайда қазір балалар 8-9-сыныптан бастап гомосексуал балаларды айыра алады және оны ашық айтып отырады. Жалпы, біздің қоғамда осындай қарым-қатынасты жете түсінетін, түсіндіре алатын мамандар да жоқ. Бұл да маңызды мәселе.
2011 жылы California Health Interview журналы гомосексуалистердің денсаулығына байланысты зерттеу жұмысын жариялаған. Сонда олардың онкологиялық аурулармен 2 есе көп ауыратыны анықталған. Ал ең кең таралғаны – ЖИТС пен гепатит В аурулары және жүрек қан-тамыр аурулары. Ең қауіптісі гомосексуалдардың жұптарын жиі ауыстыруы аурудың кең таралуына ықпал жасайды. Яғни, олар қауіпті инфекцияның «қайнар көзі». Денсаулыққа қауіпті физиологиялық зардаптары жөнінде айтпаса да түсінікті.
Әлеуметтанушы Микаэль Поллактың 1985 жылы жарыққа шыққан зерттеуінде «Тек аздаған гомосексуалды жұптар ғана 2 жылдан астам уақыт қарым-қатынаста болады және олардың көбі өмірінің соңына дейін жүздеген мәрте жұбын ауыстырады» деп жазады. Зерттеушінің айтуынша, мұндай жұптарда драма, опасыздық, қиянат және абыржу жиі кездеседі. Ал америкалық ғалымдар гомосексуалистердің асқазан ауруларына, есірткіге, ішімдікке, темекіге және психотроптық препараттарға тәуелді екенін анықтап отыр. Өйткені олар үнемі күйзелісте, депрессияда жүреді.