Шымкент вокзалына 11 айлығында тастап кеткен: Америкалықтар асырап алған Эштон ата-анасын іздейді
Маған өзіме беймәлім бір бөлігім бар секілді көрінеді. Бірдеңе жетіспей тұрады. Биологиялық отбасымды зерттеу, табу арқылы өзім туралы көп дерек таба аламын деп ойлаймын.
Біз бұған дейін америкалықтар асырап алған бірнеше қазақ туралы сұхбаттар сериясын жариялаған болатынбыз. Соның бірі Пенсильвания штатының Льюисбург қаласында тұратын Арман Ақышев сәби кезінде өзі секілді мұхит асып кеткендерге көмектесу үшін арнайы топ құрған болатын. Бізбен үнемі байланысып отыратын ол жуырда Эштон Коксон есімді бойжеткеннің биологиялық отбасын іздеп жүргенін айтып, оның оқиғасын тыңдап көруімізді сұрады. Шымкент қаласында дүниеге келген Эштонды 11 айлығында полицейлер теміржол стансасынан тауып алған. Алдымен сәбилер үйі, сосын балалар үйіне ауыстырылған Эштонды төрт жасқа толғанда америкалық Эми Бет Коксон асырап алған. Араға жиырма жыл салып, өзінің кім екенін, қайдан тарайтынын, қайдан шыққанын білгісі келетін Эштонға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
– «Тек мені туған кісілердің бет-әлпетін көргім келеді». Америкалықтар асырап алған қазақстандықтардың көбінен бәленбай жылдан соң ата-анасын іздестіруіне не түрткі болғанын сұрасаң, осылай жауап береді. Сені де бүгін бізге сұхбат беруіңе итермелеген сол себеп пе?
– Мұнда басты себеп биологиялық ата-анам деп айтпас едім. Мен жалпы биологиялық отбасымның мүшелерін тапқым келеді. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымды танып, түп-тамырыммен көбірек байланыста болғым келеді. Сонымен қатар маған өзіме беймәлім бір бөлігім бар секілді көрінеді. Бірдеңе жетіспей тұрады. Биологиялық отбасымды зерттеу, табу арқылы өзім туралы көп дерек таба аламын деп ойлаймын. Америкалық мәдениеттен өзге, өзімнің мәдениетімнен де хабардар болғым келеді. Қайыра айтқанда, өзімнің бэкграундым туралы жетік білсем деймін.
– Олай болса, қолда бар құжатта жазылған аты-жөніңді, балалар үйіне келу тарихыңды айта отырсаң.
– Мендегі құжаттың көшірмесінде менің аты-жөнім Байдуллаева Раиса Жүнісқызы деп жазылған. Сондай-ақ онда мені теміржол стансасына қалдырып кеткен деп жазылыпты. Мені сол жерден полиция қызметкерлері тауып алып, балалар ауруханасына алып келген. Сол кезде дәрігерлер менің жасымды он бір айлық деп болжаса керек. Әрі олар маған ат қойған. Сосын сол жерден сәбилер үйіне апарған. Одан соң балалар үйіне ауыстырылыппын.
– Сонда Байдуллаева Раиса Жүнісқызы деген сенің шын аты-жөнің емес пе?
– Жоқ, маған бұл аты-жөнді аурухана қызметкерлері қойса керек.
– Расымен сені тауып алған кезде ешқандай құжат, хабарлама болмаған ба? Аты-жөніңді, қанша айлық екеніңді айғақтайтын бір жапырақ қағаз да болмағаны ма сонда?
– Иә, ештеңе болмаған. Менде бірнеше құжаттардың көшірмесі бар, бірақ түпнұсқасы жоқ. Онда мені тауып алған кезде сұр түсті киімде болғаным, теміржолдың бір шетінде жатқаным туралы ғана мәлімет келтірілген.
– Алайда аурухана қызметкерлері туу туралы куәлігіңе атың мен тегіңді жайдан жай жазбаған болар?
– Мен бұл туралы ешқашан ойланбаппын. Бар білетінім менің аты-жөнімді аурухана қызметкерлері қойған. Кейін анам мені 2006 жылы асырап алған кезде Раиса Элизабет Кокстон деп өзгертіп алған.
– Байдуллаева Раиса Жүнісқызы деген расымен сенің шын аты-жөнің болса ше? Аурухана қызметкерлері есіміңді былай қойғанда тегіңді ойдан құрастыра алмайды ғой. Бәлкім, олар полиция қызметкерлері жасаған тергеу жұмыстарының нәтижесіне сүйеніп, атаған болар.
– Бәлкім, солай да шығар (көңілі босап). Мен...(жылап). Кешірерсіз.
– Қайта сен мені кешір. Мен бұлай қазбалағым келмеген еді.
– Жоқ, жоқ. Мен тек туған кезде қойған аты-жөнімді көп қолданбаймын да, себебі ол есім маған ұнамайды. Мені көбі Эштон деп атайды. Бірақ мен сіз көтеріп тұрған мәселе туралы ешқашан ойланбаппын. Десе де, мұның артында бір себеп бар екені айдан анық.
– Ал туған жылың, айың, күнің ше? Бұл деректі де аурухана қызметкерлері болжап жаза салған ба?
– Меніңше, олар мені полицейлер тауып алған күнді менің туған күнім ретінде жаза салған секілді. 23 желтоқсан, 2002 жыл. Мұны білетін себебім – олар менің анама асырап алу туралы құжатты толтыратын кезде менің туған күнімді өзгертуге болатынын айтыпты. Сонымен қатар олар менің анама менің жартылай қазақ, жартылай орыс болуым мүмкін екенін де айтыпты.
– Бірақ сен қазаққа қатты ұқсайсың.
– Солай шығар. Тіпті, не деп жауап берерімді білмеймін (көңілі босап). Анам тіпті мұны кім айтқанын да анықтамаған. Ал мен олай екеніне сенімді емеспін. Өйткені анам екеуімізде бұл іске қатысты түсініспеушіліктер өте көп.
– Сен маған жіберген құжатта денсаулығың жайлы графада «Бірінші деңгейлі анемия. Күрделі дислаксия» деп жазулы тұр.
– Мен бұл жөнінде көп ештеңе білмеймін. Мен бұған дейін бұл құжаттарға мән беріп қарамаппын да. Өмірімде үш рет қана шолып шыққан шығармын. Бастапқыда қазақша сөздерді теріп, ағылшынша сөздік арқылы аударып көрген едім. Алайда анам ол аударманың нақтылығына күмән келтірді. Сондықтан сізге қазақша жазылған құжаттың көшірмесін жіберіп отырмын.
– Бірақ бұл құжат қазақша емес, орысша толтырылған.
– Солай ма?(таңданып). Мен оны білмеппін. Мен онда қазақша жазулар екен деп жүрмін. Сондықтан мен онда нақты не жазылғанын білмеймін. Расымен де онда менің ауырғаным туралы жазылған. Алайда анам бұл мені асырап алуға еш кедергі болмағанын айтты. Ес білгелі білетінім, менің денсаулығымда еш кінәрат болмаған. Қазір де сап-саумын.
– Ғалымдар төрт жасар баланың есінде ештеңе қалмайды деп айтып жатады. Сонда да сұрайыншы: Шымкенттегі балалар үйінде өткізген уақытың есіңде қалды ма?
– Иә. Онда кішкене балалармен бірге отырғаным еміс-еміс есімде. Әрі мені алып кетуге келген анам мен әжемді бірінші рет кездестіргенім есімде қалып қойды. Сонымен қатар тәрбиешілерінің бет-жүзі де есімде сақтаулы. Алайда анау айтқандай толығымен емес. Сипаттай алатындай деңгейде емес.
– Ал Америкадағы өмірің қалай өрбіді? Қазір қай қалада тұрасың? Немен айналысасың?
– Анам мені Виржиния штатына қарасты Арлингтон қаласына алып келді. Бірақ қазір біз онда тұрмаймыз, басқа қалаға көшіп кеттік. Мен – негізі, анама өте жақын жанмын. Ата-әжеме де етене жақынмын. Кішкене кезімде анамның бауырына да жақын болған едім, алайда қазір оларды жиі көре бермеймін. Мен үйде жалғыз баламын. Анам мені жалғызбасты әйел ретінде асырап алды. Сондықтан болар, екеуіміздің арамыздағы байланыс өте мығым әрі айрықша. Анам екеуіміздің діни сеніміміз екі түрлі, ал бұл жайт көп нәрсеге әсер ететіні анық. Дегенмен өсе келе, бір-бірімізді ә дегеннен-ақ түсінетін болдық. Арамыз тіпті жақындай түсті. Жақында мен өз үйіме көшіп келдім. Екеуіміз қайтадан бірге тұрып жатырмыз. Керемет сезім. Айта кетерлігі, анам менің биологиялық туыстарым мен түп-тамырымды табу ісіне кіріскенімді қос қолдап қолдайды. Бұл мені қуантпай қоймайды.
– Біз білетін америкалық ата-аналар асырап алған балаларға кішкентай кезінен олардың қай ұлттан тарайтынын айтып, мәдениетін танытуға барын салады. Тіпті, баласының туған ата-анасын іздестіру үшін Қазақстанға бірге еріп келген кездері де болған.
– Иә, олардың мені асырап алғанын бірінші күннен бастап білемін. Өйткені мен асырап алу процесін және Америкадағы үйге келген сәтім әлі есімде. Сондықтан төрт жасымнан бастап барлығын білемін десем болады. Менің де анам сіз айтқандай өте ашық. Бәрін бүкпесіз айтып отырады. Алайда бұл маған еш әсер етпейді. Себебі анам менен бар жылуын аямайды. Бір отбасы болған соң, жеңіл қарауға тырысамыз. Бірақ кейінгі кезде балаларды асырап алу ісі туралы, соның ішінде өзімнің оқиғам туралы ойласам, күйзеліске бой алдыртатын болыппын. Асырап алу, асырап алыну мен үшін үнемі өте күрделі тақырып екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен мен бұрынырақта бұған бас қатырып, ойланбаппын. Ал бірақ соңғы он айда биологиялық отбасым, қайдан шықтым, қайдан тарайтыным туралы білгім келіп, қызығушылығым пайда болды. Тағы бір себеп болған жайт, мен бұрынғы жұмысымда жүргенімде бір қазақ әйелін кездестірген едім. Кіндік қаным тамған жерден шыққан әйелді бірінші рет кездестіруім. Сол кезде айрықша қуанған едім. Сол таныстық та менің қызығушылығымның оянуына сеп болды. Алайда жоғарыда айтқанымдай, бұл істе құпия, бізге беймәлім нәрсе өте көп. Жалпы, менің тағдырым кімді болса да бейжай қалдырмайды деп сенемін. Сондықтан сіздер маған көмектесіп, қолұшын созсаңыздар жақсы болар еді.
– Кейінгі кезде америкалықтар асырап алған бірнеше қыз-жігіт әлеуметтік желідегі қазақ қауымдастықтарына арналған топ арқылы өз туыстарын тауып алғанын естіген боларсың. Бұл да саған әсер етпей қоймасы анық.
– Иә, ол туралы білемін. Мен ол топтарда бармын. Мен негізі әлеуметтік желіні көп қолданбаймын. Дегенмен байқап, көріп отырамын. Ол да мүмкін.
– Қазақстан туралы не білесің?
– Қазақстан Орталық Азиядағы үлкен мемлекет екенін жақсы білемін. Десе де, көп дерек білмеймін. Шымкент туралы да аса ештеңе білмеймін. Шымкент қандай қала?
– Қазақстандағы үшінші ірі мегаполис. Ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрі сақталған, қазақи қаймағы бұзылмаған қала.
– Онда неге менің барлық құжаттым орысша толтырылған?
– Өкініштісі сол, ол уақытта көп мекемеде құжат толтыру ісі орыс тілінде жүргізілген.
– Түсінікті.
– Біз танитын кейбір қыз-жігіттер бір-бірімен дос болып, ізінше Қазақстанға бірге саяхаттап келді. Бұйырса, сенің де Қазақстанға жолың түседі деп сенеміз.
– Әлбетте, мен Қазақстанға қатысы бар көп дос тапқым келеді. Елшіліктегі қызметкерден осы демалыста Мэрилендте қазақ сыныбы өткізілетінін естіп-білдім. Сонда барамын деп жоспарлап отырмын. Онда көп қазақпен танысып, араласамын деген үміттемін. Сәтін салса, Қазақстанға да жол түсер.
– Әңгімеңе рахмет! Бәрі жақсы болады деп сенеміз!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ