Сарыағашта мектеп оқушылары мен мұғалімдері жаппай уланып қалған

Аталған жағдайға қатысты Түркістан облысы білім басқармасы түсінік берді.

Сарыағашта мектеп оқушылары мен мұғалімдері жаппай уланып қалған
Ашық дереккөз
1014

Қазір прокуратура мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тергеп тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлады turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде Сарыағаш ауданында мұғалімдер мен оқушылардың жаппай уланғандығы жайында ақпарат тарады. Онда Майлықожа атындағы №9 мектепте жүргізілген әрлеу жұмыстарынан соң, сабаққа келген 100-ден астам оқушы мен 10-ға жуық мұғалім уланып, дәрігерлерге жүгінгені жазылған. 

Ал, аталған жағдайға байланысты ақпарат таратқан Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі мәселе бақылауға алынғандығын мәлімдеді.

«Дүйсенбі күні оқушылар мен мұғалімдер мектепке келгеннен кейін өздерін жайсыз сезініп, мектеп медбикесі алғашқы көмек көрсеткен. Жедел жәрдем шақырып 29 бала, 10 мұғалімді ауруханаға тексеруге алып барған. Ауруханаға алып кеткен барлық 29 оқушы, 8 мұғалімнің жағдайы бірқалыпты болғаннан кейін, үйлеріне қайтарылды. Қалған 2 ұстаз ауруханада.

Оқушылар алдағы 3 күнде қашықтықта білім алатындығы туралы шешім қабылданды.

Оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі қатаң бақылауда», - делінген ведомства тарапынан ұсынылған ақпаратта. 

Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Сұлтанбекұлы бүгін Сарыағаш ауданына арнайы барып, мектеп ұжымымен және ата-аналармен кездесті. Екі жақтың уәждерін тыңдап, мәселенің тұрақты бақылауда болатындығын жеткізді. 

Сондай-ақ, қазір аудандық прокуратура мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан тергеп тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесіне сәйкес, мектеп директорына және жауапты орынбасарларына тиісті шаралар көрілмек.

 

Серіктес жаңалықтары