Қонаев қаласында жаңа зауыт салынады

Зауыт – қазақстандық және Қытай кәсіпкерлерінің бірлескен жобасы.

Қонаев қаласында жаңа зауыт салынады
Су ресурстары және ирригация министрліг
1125

 

Қонаев қаласында тамшылатып суару жүйелерінің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыт ашылады. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қонаев қаласындағы тамшылатып суару жүйелеріне арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауытты аралап көрді. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Тамшылатып суару әдісі – тіршілік нәрін тікелей өсімдік тамырына жеткізу арқылы суды ұқыпты пайдалануға мүмкіндік береді. Зауыт – қазақстандық және Қытай кәсіпкерлерінің бірлескен жобасы. Кәсіпорын қуаты аптасына 500 гектарға дейін жерді тамшылатып суару технологиясымен қамтамасыз етуге жетеді деп жоспарланып отыр.

Тараз қаласында да осындай зауыт ашу жоспарда бар. Одан кейін, Нұржан Нұржігітов Шеңгелді ауылындағы №5 сорғы станциясын аралады. Нысан жеке меншікте. Қазіргі уақытта оны кешенді реконструкциядан өткізіп, мемлекеттік меншікке беру мәселесі пысықталып жатыр. 

Министр Алматы облысы Райымбек, Кеген, Талғар, Іле, Жамбыл және Ұйғыр аудандары мен Сарыбұлақ ауылының суару желілерін жаңғырту бойынша түзетілген жоспармен танысты.

Жобаларды іске асыру мерзімі – 8 айдан 2 жылға дейін. Сондай-ақ министр Алматы облысының әкімдігі мен сумен жабдықтау және су үнемдеу саласындағы жетекші қытайлық компаниялардың өкілдері арасындағы кездесуге қатысты. Кәсіпкерлер басқа елдерде жүзеге асырған жаңа әзірлемелері мен жобалары туралы айтып берді.

Кездесу қорытындысы бойынша Алматы облысының әкімдігі мен қытайлық компаниялар арасында өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша меморандумға қол қойылды. Шетелдіктермен кездесуден соң, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен жиналыс өтті. Нұржан Нұржігітов баяндама жасап, ел аумағында суды жинау және оны үнемдеу бойынша министрліктің жүргізіп жатқан іс-шаралары туралы айтып берді. Баяндамалардан кейін екі министр де жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.

Серіктес жаңалықтары