Túrkistan дегенде...
Túrkistan мені жақсы адамдармен табыстырды. Марқұм Дидахмет ағамыздың өнегесін ұмытқан жоқпын. Шәмшидин ағайға қарыздармын. Есенгүл Кәпқызымен күні бүгінге дейін араласамыз, бірлескен жобалар жасаймыз. Ал Túrkistan табыстырған Гүлнар – менің ең жақын досым. Сондықтан да Túrkistan-ды ерекше жақсы көремін.
2000 жылы университет бітіріп, диплом алдық. Бұл өзі дағдарыстан енді-енді ес жиып жатқан кезең болатын. Бір күні курстасым Мұхтар Сеңгірбай Túrkistan газетіне жұмысқа тұруға мүмкіндік бар екенін айтты. Газеттің бағытын онша-мұнша түсіне қоймасам да, жұмысқа алады дегенге қуанып кеттім. Бас редакторы Шәмшидин Паттеев бұрын-соңды көрмеген, танымайтын адамым. Газетке жаңа тыныс әкелсін деп, жастарды алмақшы екен. Бізден екі курс жоғары оқыған Жұлдыз Төлеу, біздің курстан Мұхтар Сеңгірбай, Гүлбиғаш Омар, бізден екі курс төмен оқыған Гүлнар Мұқанова бар, бесеуімізді бір күнде жұмысқа алды. Бізден сәл кейін Гүлзина Бектасова келді.
Газетке қаншалықты жаңа леп алып келгенімізді білмеймін, бірақ Мұхтар мен Гүлбиғаш саясатты, Гүлнар экономика мен қаржы саласын, бізден бұрынырақ келген Есенгүл Кәпқызы руханият, көші-қон мәселелерін бұрқыратып жазып жатты.
Túrkistan бізді қиындықтан алып шыққан, болашаққа жол салған ұжым ғана емес, үлкен мектеп те болды. Әрине, мұны ол кезде түсіне қойған жоқпын. Кейін ойлап қарасам, бізді жауапты жұмысқа алудан бастап, алдыңғы буынның тәлімін көруге дейін тұтас бір мектеп екен.
Бейсенбі күні газет шығады, сол күні лездеме өтеді. Жастық максимализм ұрып тұр, мүйізі қарағайдай ағаларымызды сынап тастаймыз. Ұзақ уақыт зерттеп, архивте отырып, көз майын тамызып жазған көлемді мақалаларды жақтырмай, «көлдей-көлдей мақалаларды қысқарту керек, қысқа жазып үйрену керек» деп «ақыл айтып» тастаған да кезіміз бар. Қазір мұны күліп еске аламыз.
Айтпақшы, алғашқы айлығымызды алғанда шала байып қалғанбыз. Жарты жыл бұрын ғана 2 000 теңге стипендия алып жүрген едік, енді айына 9 000 теңге жалақы ала бастадық. Қаламақысы тағы бар.
Túrkistan мені жақсы адамдармен табыстырды. Марқұм Дидахмет ағамыздың өнегесін ұмытқан жоқпын. Шәмшидин ағайға қарыздармын. Есенгүл Кәпқызымен күні бүгінге дейін араласамыз, бірлескен жобалар жасаймыз. Ал Túrkistan табыстырған Гүлнар – менің ең жақын досым. Сондықтан да Túrkistan-ды ерекше жақсы көремін.
Жұлдыз Әбділда,
Túrkistan газетінің 2000-2002 жылдардағы тілшісі