Шымкенттегі дағдарыс орталығына тышқан қаптап кеткен

Орталық уақытша жабылып, қазір дезинфекция жүргізіліп жатыр.

Шымкенттегі дағдарыс орталығына тышқан қаптап кеткен
otyrar.kz

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсететін «Көмек» жекеменшік дағдарыс орталығында тышқан қаптап кеткендіктен, уақытша жабылды. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.

Бұл туралы әлеуметтік мекеме жетекшісі Малика Абдрашевна мәлім етті.

Оның айтуынша, кеміргіштердің пайда болуына жағымды ауа райы себеп болған. Жанында Қошқар ата өзені ағып жатыр. Кейінгі рет бұл ауданда тышқан 2018 жылы қаптап кеткен еді. Мекеме жетекшісінің сөзінше, бұл жолы тышқандар дағдарыс орталығының бірінші қабаты мен тамақтанатын орынды «жаулап алған». Сол себепті әйелдер мен балаларды шұғыл басқа орындарға көшіруге тура келді. Орталықтың өзінде қазір дезинфекция жүргізіліп жатыр.

«Оқиға жаңа жылдан кейін болды. Екінші қабат дұрысырақ, бірінші қабатта, емдік дене тәрбиесі кабинетінде, асханада тышқан қаптап кетті. Біз тұрғындарымыздың мұндай жағдайда өмір сүруіне жол бере алмадық. 32 адам – әйелдер мен олардың балаларын үйлерге бөлдік. Еріктілер тартылды, біздің қызметкерлер де көмек көрсетті, бұрын бізбен бірге тұрып, көмек алғандар да шама-шарқынша бұл адамдарды үйлеріне алып кетті. Бәріне алғыс айтамыз. Өкінішке қарай, Шымкент әкімдігіне жүгінген жоқпыз, себебі осы жылдар бойы жергілікті атқарушы органдар ешқандай қаржылық көмек көрсеткен жоқ. Ал өмірінің қиын кезеңінде жүрген әйелдер көмекке мұқтаж», - дейді Малика Абдрашевна.