Президент ҰҒА дамыту стратегиясы мен жұмыс жоспарын пысықтауды тапсырды

Мемлекет басшысы Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Президент ҰҒА дамыту стратегиясы мен жұмыс жоспарын пысықтауды тапсырды
akorda.kz

Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевты қабылдады, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында отандық ғылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы былтыр жаңа мәртебе берілген Ұлттық Ғылым академиясы отандық ғалымдардың күш-жігерін біріктіріп, ғылым мен экономикаға нақты пайда әкелетін жаңалықтар енгізуге ерекше мән беруге тиіс екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының жаңа мүшелерін сайлау процесін жеделдету, Академия жұмысына талантты жас ғалымдар мен жаңа мамандарды кеңінен тарту қажет екеніне назар аударды.

Сонымен қатар Президентке Ақылбек Күрішбаев өзі басқаратын Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғылыми зерттеулерін және агроөнеркәсіп саласын жетілдіруге бағытталған жұмыстарын таныстырды.

Мемлекет басшысының пікірінше, оқу орнына зерттеу университеті мәртебесінің берілуі аграрлық сектордағы ғылыми әзірлемелерді нақты өндіріске енгізуге, ғылыми зерттеулердің нәтижесін коммерцияландыруға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа міндеттерді ескере отырып, Ұлттық ғылым академиясын дамыту стратегиясы мен жұмыс жоспарын пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаған Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру маңызды екенін айтты.