«Жер аманаты» комиссиясы Түркістан облысына барды

Комиссия мүшелері «Сапа-2002» ЖШС-ның ауылшаруашылығы саласындағы өсімдіктердің элиталық тұқымдарының қорымен, өндіріс орны шығарып жатқан сүт өнімдерінің ассортиментімен, өсімдік майының түрлерімен, мал азығы және құрама жем сұрыптарымен танысты

«Жер аманаты» комиссиясы Түркістан облысына барды
886

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері Түркістан облысы Қазығұрт ауданына барып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.

Олардың қатарында «Жер аманаты» республикалық комиссиясы төрағасының бірінші орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы, Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов, комиссия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек, комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан болды.

Мәселен, Шарбұлақ ауылында өткен кездесуде комиссия мүшелері Қазығұрт, Төлеби, Жетісай және Сарыағаш аудандарының тұрғындарымен әңгімелесті. Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласындағы іргелі өндіріс орны «Сапа-2002» ЖШС-нің өндіріс алаңында өткен кездесуде Мұрат Теміржанов заңсыз бөлінген, мақсатына сай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ортақ қорға қайтаруда мемлекеттік органдардың қызметі қайта қарастырылып, құзыреті күшейтілгенін жеткізді. Ал халық қалаулысы Бақытжан Базарбек болса, аталған комиссияның ықпалымен ауылшаруашылығы мақсатындағы 10 млн. гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеді.

«Мәжілісте «Жайылымдар туралы» заң жобасы әзірленіп, Сенат қарауына жолданды. Республикалық «Жер аманаты» комиссиясы тарапынан заң жобасының нормаларына қоғамдық жайылым ұғымын енгізу ұсынылды. Яғни қоғамдық жайылым деп танылған жерлер бұдан былай аукцион арқылы сатылымға түспейді. Орман қорына жататын кейбір аймақтарға қатысты жайылымды басқару жоспары қабылданады. Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру конкурсының талаптарына бірқатар нақты шектеулер енгізіледі. Мұның бәрі, ең алдымен, ауыл халқын жайлымдық жермен қамтамасыз етуді көздейді», – деді Бақытжан Базарбек.

Өңірде жер мәселесі өте өзекті екенін Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан да айрықша атап өтті. Халық қалаулысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заңсыз бөлінген немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы пәрменді жүріп жатқанын жеткізді. 

Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев «Жер аманаты» жобасы аясында Түркістан облысында 1,3 млн. гектар жер қайтарылған мәлімдеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде 335 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылып, партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасында белгіленген жылдық жоспар толығымен орындалды.

Кездесу барысында тұрғындар жер мәселесіне қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Төлеби ауданынан келген тұрғындар Қаратөбе ауылдық округінде пайдаланылмай жатқан жекеменшік жерді ортақ игілікке қайтарудың тиімді құқықтық жолдарын қарастыруды өтінді. Ал Жетісай ауданынан келген қария ауданда талай жылдан бері тартысқа түсіп келе жатқан 1 мыңнан астам гектар жерді ауыл тұрғындары арасында теңдей бөліске салу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Бұл ретте, Қазығұрт ауданының тұрғыны кезінде пай үлестерін мемлекетке өткізген азаматтар тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін кезексіз алу құқығына ие бола ала ма деген сауалмен жүгінді. Ал Сарыағаш ауданынын келген азамат осы ауданда 289 гектар алқапты ғылыми зерттеу институты жалға алып, егін саламын деген тұрғындарға өзі белгілеген баға бойынша жалға беріп отырғанын жеткізді. Субарендамен күнелтіп жатқан ұйымнан жер қорын қайтып алып, дихандарға үлестіріп берудің құқықтық тетіктерін сұрады.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әр мәселе қолданыстағы құқықтық нормаларға қайшы келмеуі керек екенін айтты. Азаматтар уәкілетті органға жолдаған шағымын қосымша Республикалық жер комиссиясына жолдауға құқылы екенін жеткізіп, сот шешімінің күші тек құқықтық тәртіп арқылы жойылатынын ерекше атап өтті. Заңсыз әрекеттің нақты фактісі көрсетілген жағдайда Республикалық комиссия өзіне бекітілген құзырет шеңберінде барлық мән-жайды анықтау жұмысын жүргізеді.

Кездесу соңында комиссия мүшелері «Сапа-2002» ЖШС-ның ауылшаруашылығы саласындағы өсімдіктердің элиталық тұқымдарының қорымен, өндіріс орны шығарып жатқан сүт өнімдерінің ассортиментімен, өсімдік майының түрлерімен, мал азығы және құрама жем сұрыптарымен танысты. Серіктестіктің техникалық паркін аралап көрді.

Серіктес жаңалықтары