Тәуелсіздікпен келген TÚRKISTAN
1994 жылы жарыққа шыққан халықаралық Túrkistan әлі күнге дейін бұрынғы биігінен төмен түскен жоқ.
Сөз басын «аһ» ұрған өкінішпен айтуға тура келетін сияқты, сірә?! Жасөспірім шақтан бастап әңгімелері мен хикаяттарын шын мағынасында жаттап өскен (кейбір әңгімелерінің үш-төрт бетін жаңылмай судыратып айтатын едік) біздің Орағаң – Оралхан Бөкей қияндағы Үндістанда 1993 жылы жазғытұрым қайтыс болып, сүйегі Алматыға әкелінгеннен кейін-ақ ешкімнің ойына келмейтұғын тосын жайлар мен оспадарлық орын алып кетсін. Іштей жақсы көретін, шексіз сыйлайтын мен ғана емес, тұтас қазақ, қалың оқырман жаппай құрметтейтін марқұмның орнына таласатындар улы саңырауқұлақтай өріп шыға келген. Қарақұрым қауым. Ұмытпасам, 14-15 адам!
Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінің меңгерушісі едім. 1992 жылдың күзінде Орағаң арнайы шақырып алып:
– Сын дегеніміз әдебиеттің ұйытқысы. Сені сын бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындап отырмын. Жазушылар одағының мүшесі емес екеніңді де жақсы білемін. Саспа, 60-жылдары айтулы бір ағамыз да Одақтың мүшесі болмай тұрып осы газеттің сын бөлімін басқарған. Сен сондай екінші адамсың, – деп қанаттандырған болатын.
Енді Орағаң қатарымызда жоқ. Бас редакторлық орынға таласушылар көп. «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істегендердің төрт-бесеуі де осы орыннан дәмелі көрінеді. Оны кейінірек естідік. Газетте жұмыс істейтін, атын ел білетін, қалың оқырман білетін екі-үш ағамыз жастарға, ұжымдағы қыз-келіншектерге үгіт жасап, жо-жоқ, қоқан-лоққы жасап:
– Егер мені қолдамасаңдар, кейін бас редактор болған соң сендерді жұмыстан шығарамын, – деп қорқытқанын кездейсоқ құлағымыз шалды.
Ол кезде Жүсіпбек Қорғасбек – бас редактордың бірінші орынбасары. Түстен кейін жиналыс болатынын айтқан.
Жиналыс басталды. Жүсіпбек іштей қысылып, дағдарып отырып:
– «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторына үміткерлер тым-тым көбейіпті. Жазушылар одағы «редакциядағы үміткерлерді хат жазып беріңдер деп талап етіп отыр. Не істейміз?», – деп бәрімізге сауал тастады.
Көпке дейін үнсіз отырып қалдық. Тым-тырыс. «Не істеу керек?». Үнсіздікке шыдай алмай:
– Көбімізді жұмысқа Орағаң іріктеп алған болатын. Не болды сонша, оның топырағы да кеуіп үлгерген жоқ қой, әлі қырқы да өткізілген жоқ. Сонда бұл кісілерді..., бұларды қалай іріктеп, қалай сайламақпыз, – деп жанарым жасаурап, көзімнен ыршып жас шықсын. Құлағым ештеңе естімей қалған сияқты. Тек... Әлия Бөпежанованың мені қолдағаны еміс-еміс естілген тәрізді. Кеудем аласапыран.
Осындай биікте жүрген кей ағаларым табан асты жер болып құлап тынған.
Көп ұзамай «Қазақ әдебиетінен» өз еркіммен жұмыстан шығып кеттім. Иә, бақталастар мен лауазым құмарлар жөн мен шекті білмейтінін, олар үшін адам өмірі ешқандай құндылық болмайтынын сол кезде ғана білген едім.
Бір күні марқұм Дидахмет Әшімханұлы Халық жазушысы Қалтай Мұхаметжановқа жетектегендей ертіп кірсін. Ол кезде Túrkistan газеті Бөгенбай батыр көшесінде (бұрынғы Киров көшесі мен Сейфуллин көшесі қиылысы). Ол кісі жүзі таныс адам: жиналыстарда, пленумдарда көрісіп қаламыз.
– Жолбарысым, мына Дидахмет ылғи мақтауыңды асырып отырады. Жаңа газет ашып отырмыз, соған әлекедей жаланған жастар керек. Бізге келуге қалай қарайсың?
– Ләппай деген жақсы сөз бар ғой...
– Е-е, жолбарысым, солай дегін...
Қалағаң өзі ашқан еларалық «Заман» газетінен қош айтқанын естігенбіз. Көлбай Адырбекұлы айтқандай: «Қалағаң түріктермен істес болғанша, түлкімен шахмат ойнағаным жақсы деп айтты», – деп күлетін.
Екі қатар жеке ғимаратты кезінде соғыста тұтқынға түскен жапон солдаттары салған дейді: рас шығар, қабырғасын зеңбірекпен атқыласаң да мірі қисаймайтын сияқты.
Қалтай Мұхамеджанов көкеммен жұмыс істеу бір ғанибет: жүзі ашық, аңғалдау кісі, бірақ шын ашуланғанда ұзындау мұрын тартқылап, қарасұр кісі тіптен қарауытып кетеді. Оның үстіне ұмытшақтау адам. Суретші Еркін Нұразхан айтатындай: «Біздің Túrkistan ұжымы – ұмытшақтар ұжымы».
Қалағаңа қонақтар көп келеді: Өзбекстан, Қарақалпақстан, Ресей, Қызылорда, Шымкент, Бішкек, Қытайдан, Моңғолия. Оған қоса екі дос – Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов жиі келеді. Ол кісі әңгімені, анекдотты жақсы айтып қана қоймай, өзі де кісілерді жақсы тыңдайды. Әсіресе, шын досы Әбілмәжін Жұмабаев, Әбдіраш Жәмішев, ақын Сейфолла Оспанов, Нұқасым Қазыбеков ақын Абзал Бөкенмен жақсы әңгіме өрбітеді. Марқұм Нұрқасым Қазыбеков ылдым-жылдым, бір жағынан ақкөңіл, аңғалдау адам. Әңгіме тіптен ұзап кетсе:
– Ойбұй, тілипонымды қалдырып кетіп едім, – деп асығыс-үсігіс аттанады.
Ара-тұра Қалағаңның әңгімелеріне жазушы Қажығали Мұхабетқалиев та араласып қояды. Ол кісі Túrkistan газетінің бөлім меңгерушісі. О, Қажағаңның білмейтіні жоқ. Көп оқыған жан. Аз жазса да, мәз жазатын, мемлекеттік тіл, қоғам туралы, адамгершілік пен аярлықты, жақсы мен жамандықты ажыратып беретін әділ жазушы. Ұмытпасам, Қажағаң ол кезде Чивихлиннің «Күміс рельстер» кітабын аударған кезі. Ол аударма бас алмай оқитын, нағыз қазақша сөйлеген кітап болып шыққан еді.
Темекі шегетіндердің өз «әлемі» бар. Марк Твенше айтқанда, темекіңді қанша ұзартсаң да, бір шөкімі жетпей қалады. Қажағаң «Беломорканал» шылымын құшырлана шегеді, темекінің бірін тастай салып, екіншісін тұтатады.
Кейінірек Астанаға ауысып кетті де, жиі хабарласып тұрдық. Бір күні темекіні тастағанын айтты.
– Сізді темекіні тастайды деп ойламап едім, қалай тастадыңыз?, – деп шын таңғалып сұрадым.
– Е-е, осы пәлені 30-40 жылдай шектім ғой, енді тастайыншы деп ойладым. Бірақ көп қиналдым. Түсімде темекі шегіп жатқан кезімді жиі көретін едім. Сонда да шыдадым, – деп күлген.
– Айпырай, дәтіңіз берік екен!..
...Бір ерекшелігі, бас редактор Қалағаң елден жырақтағы отандастарға ерекше ілтипат, құрмет білдіріп өтті. Оларға арнап айына төрт беттік қосымша шығаруға мұрындық болғаны сондықтан.
Кейінірек Қалағаң құрметті редактор болып, Шәмшиддин Паттеев бас редактор болып тағайындалды. Бас редактордың бірінші орынбасары – Дидахмет Әшімханұлы, екінші орынбасар – Қайнар Олжай. Екеуі де сөз-сөйлемнің ішкі қуатын, мәдениетін, талап-тілегін жақсы білетін жандар. Олардың жазғаны оқырмандардың жүрегін тез жаулап алады. Ең бастысы, екеуі де тақырыпты өте жақсы қоя біледі. Әсіресе, Дидағаң!
Ермек Сахариев, Әнуарбек Әуелбеков, Рымтай Сағымбекова бәріміз бірге жұмыс істейміз. Бір қызығы, Қалағаның ба, әлде Шәмшінің арқасында ма, еңбекақымыз уақытында түсіп тұрады. Басқа газет-журналдардан гөрі айтарлықтай жоғары айлық.
Кейінірек Ғалымжан Мелдешов бас редактордың бірінші орынбасары болып тағайындалды. Газет қайта құрылымдаудан өтуге мәжбүр болған. Ең бастысы, жастар көптеп келе бастады. Шәмшиддин Паттеев айтатындай: «Қазақ баспасөзінің ең мықты жауынгерлері – қазақ қыздары». Гүлзина Бектасова, Нәзия Жоямерген, Есенгүл Кәпқызы, Гүлнар Мұқанова, Динара Мыңжасарқызы. Кейбірін ұмытып кетсем Túrkistan газетінің тойында ондай-ондай бола береді деп кеңшілік жасайтын шығар, сірә?!
Бұрынырақта Түркістан шаһары шағын қалашық болатын, тіпті, онда 70-80 пайыз өзбектер тұрады делінген. Бірақ Түркістан қаласы, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жалпы қазаққа қасиетті мекен.
Ерте заманда оңтүстікте тұратын халық «Меккеге барғандар қажы болады, ал Түркістанға барғандар әжі болады» деп сенген. Әсіресе, жақын бауырларымыз – түріктердің Түркістанды, ең әуелі Қожа Ахмет Ясауиді құрметтейтіні елден ерекше. Бәлкім, көреген Қалағаңның Túrkistan атын таңдағаны да сондықтан шығар. Айта кетейін, халықаралық Túrkistan газетін шығару туралы ең алғаш Бішкек қаласында талпыныс жасалған. 1993 жылдың қара күзінде тәуелсіз Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан елдерінің президенттері ортақ мәміле жасап, халықаралық газет Алматыда шығарылсын, ол газетке аталған мемлекеттер ортақ қаржы жұмсасын деп ұйғарым жасаған еді. Қателеспесем, сол елдердің премьер-министрлері де сол құжатқа қол қойған. Кейінірек Өзбекстан бас тартып, басын ала қашты.
Мейлі ғой, халықаралық Túrkistan газеті оған қарамай жұмысын жемісті бастап кеткен болатын.
Қалағаңның қасында көп жүрген, риясыз сыйласқан, тіпті бір рет Жоғары кеңеске, бір рет Парламентке депутаттыққа үміткер кезінде өкілі, қолдаушы болған Тынышбек Дайрабай ағамыздың еңбегі ерен. Ол кісінің басқа көптеген кітабын атамай-ақ қояйын, ең бастысы, Тәкеңнің Túrkistan тарихи-фотосуретті альбомы осы газеттен бастау алғаны рас. Ол кісінің жазғандарын біздің қыз-келіншектер машинкаға, компьютерге теріп беретін. Жаңылмасам, осы альбом екі рет басылып шықты. Менің ойымша, жеке пікірімше, осы берері мол, байлығы шексіз альбом әр қазақтың үйінде болғаны жөн.
Есенгүл Кәпқызы мен Нәзия Жоямерген қоғамда қордаланған ауыр шындықты ащы түрде айтатын, бас-көзге қарамайтын журналистер. Тіптен, талайлармен пікір таласып, дауласып, өз пікірлерінің дұрыс екенін талай дәлелдеген «ақмылтық» жандар. Екеуі де газет-журналдарда көптеп кезігетін калька сөз-сөйлемдерді ұнатпайды. Дауласқанда, қазақы сөз-сөйлем үшін таласады да.
Қоғамда жақсы адамдар, адамгершілігі биік кісілер көп қой. Кезінде Білім мен ғылым министрі болған Жақсыбек Құлекеев мырза Есенгүл Кәпқызына қазақ мектептері туралы мақалаларына қатысты ойын ортаға салып, алғыс айтқаны есте. Есенгүл өзін Túrkistan елеп-ескергені үшін шын қуанды. Одан бері көп жыл өтті: Есенгүл Қазақстан түгілі анау-оу Англияда білімін шыңдап келді.
Гүлзина Бектасова – өнерді жақсы көретін, шексіз бағалайтын жан. Оның жазғандары оқырманның жүрегін түртіп оятып, аяулы сөздері жандарын жадырататын. Редакциямызға әншілер мен домбырашы, скрипкашы немесе қобызшылар Гүлзинаны іздеп келетін. Шынын айтқанда, көп өнерпаз Гүлзина арқылы Túrkistan газетінен «бата» алды. Егер олар ұмытпаса, газеттің 30 жылдығында ақтарылып өз пікірлерін білдірер, сірә?!
Бір айтатын жайт, Túrkistan газетінде жұмыс істеген журналист қыз-келіншектердің бәрі дерлік жоғары оқуды қызыл дипломмен бітірген және кейін бәрі де магистратурада үздік оқып шықты.
Гүлбиғаш Омарова – әр сөзін елеп-екшеп, әр сөйлемін әрлеп қоятын, халықаралық саясаттың «майын» ішкен және өте ізденімпаз жан.
Түркияға талайлар барып-келіп жүр, талайлар саяхаттары туралы жолжазба жазды. Ал Гүлбиғаш алғаш рет Ыстанбұлға барғанда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадисінде келтірілген «қызыл алма» туралы әңгімені, Ыстанбұлда (Констанинополь) 1000 жылдан да бұрын келе жатқан телегей теңіз тұщы су сақталатынын жазған. Кейінірек, Гүлбиғаш Англияның Ньюкасл қаласында білімін ұштап жүргенде Германияға барып, бұрын Батыс пен Шығысты бөлісіп жатқан Берлиндегі торлы дуал-қорған жайында екі нөмірге жазған-ды.
2018 жылы Сенаттың төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза Túrkistan газетін қызыға әрі мұқият оқитынын, оның ішінде Г.Омарованың Германия туралы мақалаларына ден қойып оқығанын Сенат баспасөз хатшысы мерекелік жиында айтып берген еді.
Университетте үздік оқыған Динара Мыңжасарқызы да тұрмысқа шыққаннан кейін ауылға, Семейдің Аягөзіне аттанып, нан пісіріп, сиыр сауып, асыл текті енесіне көмектескен келіншек. Зады, асыл ененің қолын алған жас келіншек те асыл болмай қайтеді, енесі қайтыс болған соң ғана Алматыға келіп, Túrkistan газетіне орналасты. Пысық келіншек ә дегеннен-ақ журналистиканың бар талаптарына сай мақалаларды, суреттемелерді көптеп жаза бастаған. Ол оқу-білім, еріктілер туралы, қорғаныс саласы жайында төгілдіріп жазды. Оның жазғандары – өмірдің өзінен алынған, жүректерге, санаға ой салатын жазбалар. Жаңылмасам, Динараның балаларға арналған екі-үш әңгімесі кітапқа еніп, оқулықтан орын алған сияқты еді.
Ахмет Өмірзақ Қарақалпақстанда туған, Ауғанстанда соғысқан сарбаз, сыршыл ақын. Оның мақаласын оқысаң, ескілікті аңыздарға, историзм мен архаизм, жергілікті сөздерге қанығасың. Жазғандары сонысымен аса қызықты.
Túrkistan газетіне кейінірек қосылған Әсел Әнуарбек пен Анар Лепесова да университетте үздік оқығандар қатарынан. Әсел Túrkistan газетіне екінші курста кездейсоқ келген еді. Оқу-өндірістік тәжірибеге қайда барарын біле алмай отырғанда достары Túrkistan-ға бармайсың ба деп кеңес берген екен. Бір-екі жылдан кейін-ақ газеттің белді, белсенді журналисі болып шыға келген. Қызықты, танымдық мақалалары көптеп шыға бастады. Таныстардың біразы Әсел Әнуарбек деген қыз ақын Әнуарбек Әуелбектің қызы емес пе деп сұрайтын болды. Әрине, жақсы мақала жазсаң, оқырмандар ешқашан елеусіз қалдырмайтыны ақиқат.
Анар Лепесова кәсіби журналистиканың қыр-сырын жақсы игерген, рухани бай әрі қазақы ойлауды мықтап меңгерген жан. Ол газетте театр, кино саласы жайында айтарлықтай еңбек етіп үлгерді. Оның киноактерлер мен театр әртістерімен сұхбаттары, мақалалары оқырмандарды бірден баурап алды. Оның ізденімпаздығы, аяулы сөзге бейімдігі, шын мәніндегі қазақы сөз-сөйлемдерді орынды пайдалана алатыны даусыз еді.
1994 жылы жарыққа шыққан халықаралық Túrkistan әлі күнге дейін бұрынғы биігінен төмен түскен жоқ.
Белгілі жазушы Серік Нұғманов бір мәжілісте айтқандай: «Осы Túrkistan газеті шындықты айтудан жаңылған жоқ. Жаңылмаса екен...».
Мен білетін Túrkistan осындай!.
Жаңабек Шағатай,
М.Мақатаев атындағы
сыйлықтың иегері