Қазақстанда пиротехникалық бұйымдарды тұтынуға қатаң шектеу қою қажет – Нартай Аралбайұлы
Елімізде пиротехникалық құралдарды пайдалану мәселесі не Әкімшілік Кодекспен, не арнайы ережелермен нақты реттелменген.
Бүгін Парламент мәжілісінің отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.
Оның айтуынша, өткен жылдың соңғы күндерінде отшашу салдарынан 15 адамды күйік шалған. Сондықтан депутат елге кіргізілетін пиротехникалық бұйымдарды тұтынуға қатаң тыйым салу қажет екенін жеткізді.
«Желтоқсанның соңғы түнінде қала мен ауыл, кент пен елді-мекеннің аспаны құдды бір майдан даласына айналғандай күй кешетініміз рас. Себебі отшашудан көз ашпаймыз. От шашумен от басудың арасы бір-ақ қадам.
От шашуды қатардағы қызық көретіндерге, оны мерекенің ажырамасы бөлігі деп сенетіндерге статистиканы сөйлеткен абзал. 2021 жылы дөңгеленген дүниеде ондаған адам от шашудың салдарынан көз жұмған, 11,5 мың адам түрлі дене жарақатын алған. Көзі шыққан, саусағынан айрылған, саңырау боп қалған, денесін күйік шалған жандар көп.
Қазақстанның құзырлы орындары қарқынды жұмыс атқарды деген жылдары фейрверк сатқандарға 3,4 миллион теңге айыппұл салыныпты. Бірақ дейтін себебім елімізде азаматтық пиротехникалық бұйымдар сатумен айналысатын 40-тан астам заңды тұлға бар. Мұның сыртында заңсыз мыңдаған алыпсатар жүр. Олардың рұқсаты болмаса да базар маңында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетеді, соны құқық қорғау орындары көрмейді дегенге біреу сене ме? "Құзырлы орындар бәрін біледі, біле тұра шара қолданбайды" деп ашынып келді азаматтар бізге. Ал салдары сойқан, ашық ақпарат көздеріне сенсек 31 желтоқсан күні түнде Қазақстанда отшашудың салдарынан 15 адамды күйік шалған, оның алтауы бала. Ауыр жарақат алған 13 жастағы баланың саусағын петарда жұлып кеткен. Бұл сұмдық емес пе?!
Ал Астанада тұтанғанда жерге құлаған фейрверк сырғанап ойнап жүрген балаларға қарай атылғанын, балапандардың жанұшыра көмек сұраған бейнежазбасын бәріміз көрдік. Мұның барлығы ақпарат бетіне шыққан жайттар ғана, білмейтініміз қаншама?
Құқықтық тұрғыдан жеткілікті деңгейде реттелмеген осы жағымсыз құбылыс ағайынның алаңдаушылығын тудырып отыр.
Сондықтан бұл мәселені жедел қолға алып, пиротехникалық бұйымдардың елге кіргізілуіне, оларды тұтынуға қатаң шектеу қою немесе тыйым салу қажет. Әсіресе, пайдалануды барынша қатаңдатқан жөн.
Тағы бір қатер, таяуда Еуропа елдерінің бірінде болған оқиға фейерверктерді қару ретінде де пайдалануға болатынын көрсетті. Теріс пиғылдылар адамдардарды нысанаға алып атқан, салдарынан ондаған адам зардап шекті. Оның ішінде екіқабат әйелдер мен балаларда ауыр жарақат алған.
Бұл сабақ алатын жайт, себебі қазір Қазақстанға заңсыз әрі контрабандалық жолмен әкелінетін фейрверктердің ішінде қандай оқ-дәрі бар екенін білмейміз. Тіпті олардың кейбірінің жарылуы кәдімгі карабин мылтықпен пара-пар дейді мамандар», – деді.
Сонымен қатар, депутат елімізде пиротехникалық құралдарды пайдалану мәселесі не Әкімшілік Кодекспен, не арнайы ережелермен нақты реттелменгенін, кімнің қай жерде, қалай фейерверктерді қолданып отырғанын бақылап жатқан ешкім жоқ екенін баса айтты.
«Әлемде фейерверк салдарынан жарақаттанғандардың 38%-нің көзі қайта қалпына келмеген. Осыны ескеріп, бірқатар батыс елдері фейерверктерге қатысты тәртіпті тым қатаңдатты.
«Kaz Eco Patrol» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, эколог Тимур Елеусізов қоршаған ортаға пиротехникалық бұйымдар жарылысынан бөлінетін күкірттің көп зиян келтіретінін айтады.
Осы ретте,
1. Түрлі саланың білікті мамандарының қатысуымен пиротехникалық бұйымдардың адам денсаулығына, қоршаған ортаға, экономикамызға келтіріп отырған залалын талдап, қорытындысын шығару керек.
2. Тиісті заңнамаларға пиротехникалық бұйымдарды елімізге сырттан кіргізуге, оны қолдануды қатаң реттеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар дайындау қажет.
Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз», – дейді халық қалаулысы.