Құранды қолмен 3 жыл бойы жазған Шейх Осман Тоһә – қазақ

«Сендерді көргенде бабамды көргендей болдым. Менің бабамның түрлері сендерден аумайтын кісі болатын. Біздің ата-бабаларымыз Яссауидан 150 жыл алдын көшіп кеткен»

Құранды қолмен 3 жыл бойы жазған Шейх Осман Тоһә – қазақ
Аманкеді Еренғайыпұлының жеке парақшасынан алынды

«Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының жетекшісі Аманкеді Еренғайыпұлы Instagram-дағы жеке парақшасында Құран Кәрім кітабын қолмен жазып шыққан Шейх Осман Тоһә маман қазақ екенін айтып жеткізді.

«Мен бұл кітапты компьютер шрифтімен терілген деп ойлайтынмын. Сөйтсем, олай емес екен. Бір адамның жазған жазуы екен. Ол адам кім десеңіздер, кітаптың соңында оның есімі Әл Хаттаб Осман Тоһә деп жазулы тұрады. Осман Тоһәні 2010 жылы Қасиетті қағбаға кірген кезде көрген едім. Бірақ ол кезде ол кісінің кім екенін білмедім. Жұрттың бәрі амандасып, қолынан сүйіп жатады. Мен де амандасып өтіп кеттім. Бір арабтан сұрап едім, Шейх Осман Тоһә ғой деді. Ол кезде оның кім екенін білмедім. 10 жылдан соң бір араб видеосында Осман Тоһә туралы айтып жатыр екен. Ол кісіні Құранды қолмен жазған деді. Осы сапарымызда, нұрлы Мәдинада Шейх Осман Тоһәнің үйіне зиярат еттік. Жасы 93-те екен. Бір таңғалғанымыз, ол кісі өзіміздің қандас, негізі қазақ болып шықты», – дейді А.Еренғайыпұлы.

Сонымен қатар, ол оны көргенде Осман Тоһәнің қазақша сөйлей жөнелгенін айтады.

«Бұл кісі бізді көре сала қазақша сөйлеп кетті. Өзіміз таңғалдық. Сөйтсек, бұл кісі негізі Түркістандікі екен. Құран комбинатында 70 тілге аударып жазған. Соның ішінде қазақшаны да мен жазғанмын дейді. Шынымызды айтсақ тебіреніп отырмыз. Бұл кісі – біздің бауырымыз. Мен оған арабша сөйлесем, ол маған қазақша жауап беріп жатыр. «Сендерді көргенде бабамды көргендей болдым. Менің бабамның түрлері сендерден аумайтын кісі болатын. Біздің ата-бабаларымыз Яссауидан 150 жыл алдын көшіп кеткен» дейді. Сирияға келіп, кейін 80-жылдары Сауд Арабиясына келіп, 3 жыл Құран кітабын өз қолымен жазған екен», – дейді А.Еренғайыпұлы.