Ыстамбұлда топан судан 4 адам қаза тапты

/
Ыстамбұлда топан судан 4 адам қаза тапты
Фото: trthaber.com

Ыстамбұлда нөсер жаңбыр салдарынан ауқымды су тасқыны болып, көлік қозғалысы бұзылды. Тұрғын үйлер мен ауруханаларды су басқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Түркияның Milliyet басылымының хабарлауынша, Ыстамбұлда толассыз жауған жаңбыр салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы жеті зардап шегуші ауруханада ем қабылдап жатыр. Түркия билігінің мәліметінше, қаланың жекелеген аудандарында жауын-шашын мөлшері шаршы метріне 272 миллиметрге жеткен.

Су тасқыны мегаполистің бірнеше ауданын қамтыды. Су тұрғын үйлерге, ауруханаларға, сауда орталықтары мен метро станцияларына кірген. Көліктерді су басқан жолдарда қозғалу мүмкін болмай, қолайсыз ауа райы әуежайлардың жұмысына да кедергі келтірді. Қатты жауын-шашыннан кейін «Алтын мүйіз» шығанағындағы судың түсі қоңыр түске өзгерген.

Бейкоз ауданында салынып жатқан мектеп ғимаратының аумағындағы құдықтан суды сорып шығарып жүрген жұмысшы Фаик Шентүрк құдыққа құлап, қаза тапты. Сарыер ауданында Кягытхане өзені арнасынан тасыды. Көпірдің астынан аударылып қалған көлік табылды. Ал Кягытхане ауданындағы Садабад саябағының маңынан Аязага ауданынан су ағынымен ағып кеткен болуы мүмкін ер адамның мәйіті табылды.

Түркияның ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчидің мәліметінше, Ыстамбұлда қолайсыз ауа райына байланысты 8 815 өтініш тіркелген. Құтқару қызметтері су басқан аумақтардан 2 727 адамды эвакуациялаған. Қалада түрлі ведомстволардың 46,5 мыңнан астам қызметкері, 2,2 мыңнан астам көлік құралы және 14 қайық жұмылдырылған. Табиғи апаттың салдарын жою және келтірілген шығынды бағалау жұмыстары жалғасып жатыр.

Билік Ыстамбұлда және Мәрмәр теңізі өңіріндегі басқа да провинцияларда қайтадан қатты жаңбыр жаууы мүмкін екенін ескертті. Қолайсыз ауа райына байланысты Ыстамбұл мектептерінде сабақ екі күнге, ал бірқатар басқа провинцияларда бір күнге тоқтатылды. Тұрғындарға өзен арналарына, су басқан жерасты өткелдеріне және басқа да қауіпті жерлерге жақындамау, сондай-ақ аса қажеттілік болмаса, жолға шықпау ескертілді.

Метеорологиялық қызметтің болжамынша, алдағы бірнеше күнде өңірде салқын әрі жаңбырлы ауа райы сақталады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары