Алматыдан Павлодарға бағыт алған FlyArystan ұшағы діттеген жеріне жетпей, бастапқы әуежайға қайта оралды. Әуе компаниясы рейстің тоқтатылуына ауа райының қолайсыздығы мен әуе кемесін мұз қатудан қорғау мәселесі себеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
20 қазанда әлеуметтік желілерде Алматы – Павлодар бағытындағы ұшақтың кері бұрылғаны туралы ақпарат тарады.
Threads желісіндегі meirkmz есімді қолданушы рейстің Павлодарға жетпей, қайта Алматыға бет алғанын жазған.
"Алматы – Павлодар рейсі. Павлодарға 300 шақырым қалғанда ұшақ Алматыға кері қайтып жатыр", – деп жазды жолаушы.
Бұл жағдайға FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметі түсініктеме берді.
Ұшақ неге Павлодарға қонбады?
Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, 20 қазанға жоспарланған Алматы – Павлодар бағытындағы FS-7131 рейсі Алматыға қайтарылып, кейін тоқтатылған. Павлодардан Алматыға ұшуы тиіс FS-7132 рейсі де орындалмайтын болды.
Бұған Павлодар әуежайында әуе кемесін мұз қатудан қорғайтын арнайы өңдеуді жүргізу мүмкіндігінің болмауы себеп болған.
"2026 жылғы 20 қазандағы Алматы – Павлодар бағытындағы FS-7131 рейсі Алматыға қайтарылып, тоқтатылды. Кері бағыттағы FS-7132 рейсі де тоқтатылды.
Ұшақтың кері қайтуына Павлодар әуежайында мұздануға қарсы өңдеу жүргізу мүмкіндігінің болмауы себеп болды. Ұшу барысында Павлодардағы ауа райы болжамы нашарлап, жауын-шашын күтілді. Мұндай жағдайда ұшар алдында әуе кемесін арнайы өңдеуден өткізу міндетті", – деп түсіндірді компания.