«Халықты да, нарықты да толғандыратын мәселелерге нақты жауап берген»: депутат Президент сұхбаты жайлы

Депутаттың пікірінше, бұл көлемді сұхбатты толық оқып шығу керек.

«Халықты да, нарықты да толғандыратын мәселелерге нақты жауап берген»: депутат Президент сұхбаты жайлы
993

Парламент мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатына қатысты пікір білдірді.

«Президент қойылған сұрақтардан қашпай, халықты да, нарықты да толғандыратын мәселелерге нақты жауап берген. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылапты. Парламенттік жүйені реформалау, Қаңтар оқиғасы, мемлекеттік төңкеріс, қаңтар оқиғалары кезінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін шақыру, Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен қарым-қатынасы, қазіргі таңда қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелерге кеңінен тоқталған», – дейді Ә. Жұбанов.

Оның айтуынша, былтыр мемлекетіміздің саясаты, Парламенттің жұмысы саяси реформаларға арналды.

«Экономикаға, бизнесті дамытуға, адамдардың табысын арттыруға заңдық негіздемелер жасалды. Өткен жылы Парламентпен 90-нан астам заң қабылданды. Оның басым бөлігі экономикамызды, кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталды», – дейді ол.

Депутаттың пікірінше, бұл көлемді сұхбатты толық оқып шығу керек.

«Президенттің сұхбатта айтқан бәсекелі экономика жүйесін құру, экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру жұмыстарын сәтті жүзеге асыратынына сенімдімін.⠀Сұхбатта Президент айтқан негізгі 10 мәселе:

  • Қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды.
  • Мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайырылма!» Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс.
  • Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ.
  • Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген.
  • Елімізде биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар. Азаматтар өзін толғандыратын мәселе туралы ашық айта алады. Елімізде бейбіт жиналыстарды реттейтін демократиялық сипаттағы заң бар. Жақында петицияларды тапсыру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды. Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс.
  • Ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді. Енді отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылық қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды.
  • Қазір Үкіметтің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктері жеткілікті. Атқарушы билікке жан-жақты ойластырылған іс-қимыл стратегиясы және өз міндетін тиімді жүзеге асыруға деген ынта-жігер ғана қажет. Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар», оларға қойылатын талап та күшейді. Үкімет мұны түсінуге тиіс.
  • Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Соңғы жылдары банктер мен микрокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ қарызын уақтылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі. Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленді. Бұл өзгерістер банктерге, микрокредит ұйымдарына және коллектор агенттіктеріне талапты одан да күшейте түседі.
  • Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Салық жүйесін жетілдіргенде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмау өте маңызды. Бір жағынан, инвесторларға қолайлы жағдай жасау керек. Екінші жағынан, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне мән берген жөн. Яғни таразы басын тең ұстау қажет. Жаңа Бюджет кодексі де – өте маңызды құжаттың бірі. Біз «қазына қаражатына» деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз.
  • Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл – ең басты талап. Олар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс.

Мемлекет басшысы бастаған осындай еркін сұхбаттар көбеюі тиіс. Үкімет басшысы, күштік құрылымдар, министрлер, облыс әкімдері әрбір атқарылған жұмыстарға осылай есеп беруі қажет. Білетінім, халық осындай ашық әңгімеге, әрбір қабылданған шешімді түсіндіру бағытындағы ақпаратқа зәру», – дейді дерутат.

 

Серіктес жаңалықтары