Қазақ ізі: Атажұрттан ағартушылық мақсатта аттанғандар
Қазақстан – дүниенің төрт бұрышындағы барша қазақтардың қара шаңырағы, түпқазығы. Әлемнің қырықтан астам еліндегі қазақ диаспораларының әрқайсысының өз қалыптасу тарихы бар. Және тарихи жағдайларға сәйкес олардың Атажұртпен байланысының да тек өзіне тән тарихи даму жолы бар.
Қазақстан шетелдерде тұратын қазақтарға тек қандастық тұрғысындағы барыс-келістік қарым-қатынас орнатумен қатар, оларға мәдени-ағартушылық бағытта ықпал да жасап отырған және қазір де солай. Бұл – тың әрі қызық тақырып. Осыған орай біз Қазақстанның Моңғолия қазақтарына жасаған мәдени-ағартушылық ықпалы туралы қарастыруды жөн көрдік. Әрі мұның өзі екі ғасыр жүзіндегі үдеріс болғандықтан, өткен ғасырдың бірінші жартысындағы байланысты ғана алып отырмыз.
Моңғолия қазақтары – ХІХ ғасырдың орта тұсынан бастап сол мемлекет аумағында тұрақты өмір сүріп жатыр. Алтай тауының төрт тарабында мекендеген қазақтар Цинь мен Патшалық Ресей империяларының бір-бірімен шекаралық келісімдеріне қарамастан, өзара туысқандық байланыс жасап, араласып тұрған. Әр дәуірдегі тарихи оқиғалар, шекаралық өзгерістерге сәйкес Атажұртпен өзара байланыстар да әртүрлі сипат алып отырған. Біз мақаламызда Қазақстанның Моңғолия қазақтарының білім беру саласына ықпалы туралы мәселені қарастыратын боламыз.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Моңғолиядағы қазақтар мен Атажұрттың рухани байланысы қай кезеңде болмасын, үзілмеген. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін Моңғолиядағы қазақтарда нақты білім беру жүйесі болған жоқ. Балалар ауыл молдасынан сабақ алатын. Бірен-сараны әр аймақтағы медреселерден, атап айтқанда Семей, Ташкент, Қазан т.б. қалалардан діни білім алып оралатын еді. Бұқарадан, Қазаннан келген діни оқытушылардың ықпалы зор болды.
Моңғолиядағы қазақтар арасындағы алғашқы заманауи білім беру жүйесінің негізі 1928 жылы қаланды. Осы жылы Ақбалшықта, яғни қазіргі Ұлаңқұсын сұмыны (аудан) орталығында жаңаша оқытатын білім ошағы құрылып, алғашқы мұғалімі тыва ұлты Тарба ұлы Дүгэрэг болады. Бұл мұғалімнің үйрететіні – ескі моңғолша әліпби мен есеп амалдары екен. Бұдан кейін жаңаша бала оқыту ісін Баймұхамет Қанапияұлы жалғастырады. Баймұхамет Қанапияұлы – Моңғолия қазақтары арасында жаңаша білім берудің алғашқы қарлығашы. Ол 1888 жылы Қарқаралы уезі, Бауыр бошан болыстығында туып-өскен. Руы – арғын. Тағдыр жолымен Шыңжанға өтіп, одан Қобда бетке (қазіргі Баян-Өлгей аймағы) асып келеді. Осындағы Шеруші хошууны (аудан дәрежесіндегі басқару әкімшілігі) аумағына келіп тұрақтап, үйлі-баранды болып, бала оқытып жүргенде 1938 жылы «халық жауы» деген жалған жаламен ұсталып, қайта оралмаған. Бір ұл, екі қызынан тараған ұрпақтар баршылық. Немересі Биқұмар Кәмалашұлы – тарих ғылымдарының докторы, қазақтың салт-дәстүрі бойынша бірнеше кітап жазған ғалым. Шөбересі Өмірбек Биқұмарұлы – танымал археолог-ғалым. Баймұхамет Қанапияұлы білім берген Ұлаңқұсындағы тұңғыш балабақша ұстаздың есімімен аталған.
Моңғолияда 1921 жылы 11 шілдеде болған халық төңкерісі нәтижесінде әлем тарихындағы екінші коммунистік мемлекет өмірге келді. Кеңес Одағының қорғаныс, экономикалық, мәдени, білім беру, денсаулық сақтау – барлық сала бойынша қолдау көмегіне сүйенген Моңғолия халықты жаңаша сауаттандыруға баса назар аударды. 1926 жылы халықтың мәдениет, ағарту ісін дамытудың онжылдық жоспарын құруы маңызды болды. Осыған орай шетелдерден, әсіресе Кеңес Одағынан қажетті педагог мамандарды шақырып әкелу үрдісі жүзеге асырыла бастады.
Кеңес Одағы да өзінің одақтасы Моңғолиядан жан-жақты көмекті аяған жоқ. Соның ішінде идеологиялық күресті жандандыруға ерекше мән берілді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары мұндағы жағдай өте күрделі еді. Коммунистік партия ішіндегі оңшылдар мен солшылдардың өзара тартысы, Коминтерн өкілдерінің солақай саясаты т.б. кесірінен Моңғолияның біраз жұрты Қытайға қашып өтіп, соның салдарынан мектептер жабылып, жағдай күрделене түскен еді.
Осы қарсаңда, 1930 жылы маусым айында КИМ (Коммунистический интернационал молодёжи) өкілдері Абай Қасымов пен Шәріп Өтепов отбасымен Моңғолияға келеді. Олар Шеруші хошууны жанына партия, жастар ұйымын құрып жұмысын бастайды. Халыққа коммунистік партияның қағидаттарын насихаттау, лайықты тәрбие беру, жаңаша сауаттандыру, мәдениетке баулу сияқты жұмыстарға олардың жары Ташинке Қасымова мен Дилнұз Өтепова да бірге атсалысады. Жәшейке (ячейка) құрылып, оларға белсенді жастарды ұйымдастырып, халықты сауаттандыру ісін бастап кетеді. Бұдан кейін Моңғолияға 1931 жылы келген қазақстандық ұстаздар – Бердіқожа Жолтаев пен Қайырбай Тілеубердин болды.
Баян-Өлгей аймағы құрылғанға дейін бұл өлкедегі қазақтардың рухани білім берудегі тірек нүктесі Шеруші хошуунының орталығы Ақбалшық болып келді. Қазақстандық мұғалімдер келген соң қазақтар мекендеп тұрған өзге де өңірлерде білім беру курстарын ашуға мүмкіндік туды. Осының нәтижесінде Аққол, Тұлба т.б. жерлерде бала оқытыла бастады. Бұлар уақыт өте келе бір-бір мектептің негізі болып қаланды. Бердіқожа Жолтаев 1931 жылы күзде Самыхан Өкшебайұлымен бірге Ботағара хошуунына (қазіргі Тұлба) мектеп ашуға барады.
1930 жылы күзде Шеруші хошуунынан бір топ жас ел астанасы Ұланбатырға оқуға аттанады. Бұлардың біразы Кеңес Одағының астанасы Мәскеуге оқуға жіберіліп, мұнда оларға қазақстандық оқытушылар сабақ береді. Осы алғашқы шәкірттер арасынан кейіннен белгілі қоғам қайраткерлері: Баян-Өлгей аймағының басшысы болған Жеңісхан Дүзелбайұлы, Қаби Бәжіұлы, алғашқы Еңбек сіңірген ұстаз Шолтай Себетұлы, МХР тұңғыш авиация қолбасшысы, генерал-майор Мүдәріс Зайсанов т.б. белгілі қайраткер адамдар шықты.
Осылайша, Моңғолия қазақтарының жаңаша білім алуына негіз қаланды. Сауатты, білімді маман кадрлар қалыптаса бастады. Мұның өзі жақын кезеңде ұлттық аймақ құрылуының алғышарты болды.
1939 жылы Моңғолия мемлекетінің басшысы, маршал Хорлоогийн Чойбалсан өз атынан КСРО басшылығына хат жолдап, Баян-Өлгей қазақтарын оқытуға Қазақстаннан маман кадрлар жіберуін өтінеді. Себебі 1940 жылы Қобда аймағын бөлу арқылы ұлттық қазақ аймағы құрылуы мұндағы қазақтардың ана тілінде білім алуына үлкен сұраныс туатынын аңғарған болар. КСРО тарапы бұл өтінішке қарай бір топ маман кадрды Моңғолияға жібереді. 1940 жылы 20 тамызда Баян-Өлгей аймағы орталығында аймақ әкімшілігі жанынан оқу-ағарту ісін жауаптанатын бөлім құрылды. Аймақ құрылған кезде 11 бастауыш мектепте 570 оқушы болған екен. Осы мектептерде Қазақстаннан келген мына мұғалімдер сабақ береді:
1. Есмағанбетов Сейтахмет – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. 1908 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданында туған. Пединститут бітірген.
2. Қожақметова Рашида – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. 1920 жылы Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданында туған. Пединститут бітірген.
3. Қадыкенов Мұғди – Жамбыл облысы, Қордай ауданында туған. Пединститут бітірген.
4. Иманғалин Ораз – Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында туған. Пединститут бітірген.
5. Құрбанғалин Сәмбет – Физика-математика пәнінің мұғалімі. 1904 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданында туған.
6. Қайыргелдин Айдарбек – 1913 жылы Павлодар облысы, Павлодар ауданында туған.
7. Тіналин Жапар – биология пәнінің мұғалімі. 1916 жылы Алматы облысы Красногор ауданында туған. Зоовет институтын бітірген.
8. Айтмұқамбетов Сұлтан – 1909 жылы Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданында дүниеге келген. Орал пединститутын бітірген.
9. Молдағалиев Қайролла – 1911 жылы Батыс Қазақстан облысы, Чапаев ауданында дүниеге келген. Ленинград пединститутын бітірген.
10. Қордабаев Төлеубай – 1915 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абралы ауданында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазПи-ді бітірген.
11. Сауранбаев Тілеуберді – тарих пәнінің мұғалімі. 1909 жылы Алматы облысында туған. Алматы педтехникумын, Алматы пединститутын бітірген.
Бұлардан өзге Бижанов Қалымтай (география), Мақсұтов Сейтахмет (тарих), Шүкеев Мұхтар (қазақ тілі) қатарлы мұғалімдер келіп жұмыс істеген. Олардың көбі 1-2 жылдан жұмыс істеп, Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға шақырылып кеткен.
1942 жылы 3 қыркүйекте: «Қазақ аймағында жаңа әріпті қолдану туралы» қаулы қабылданып, бұған дейін Баян-Өлгей аймағы білім беру жүйесінде қолданылып келген латын әліпбиін Кеңес Одағында, соның ішінде Қазақстанда қолданылатын кирилл жазуын енгізуге шешім қабылданды. Осыған орай Қазақстаннан шақырылған филолог маман Төлеубай Қордабаев аймақ орталығына келіп семинар өткізеді. Осылайша, Моңғолиядағы қандастардың коммунистік кезеңде Қазақстандағы қазақтармен бір әліпбиді пайдаланып білім алуы, атажұртпен рухани бірізділікте, байланыста өмір сүруінің берік негізі қаланды. 1940 жылы Абай атындағы ҚазПИ-ді бітіріп, Моңғолиядағы қазақтар арасында жолдамамен барған жас ұстаз Төлеубай Рақымжанұлы Қордабаев (1915-2000) – мұндағы қазақтардың ана тілінде білім алу жүйесін жолға қоюшылардың бірі болды. Жаңадан мектеп ашты. Ұстаздың бұдан кейінгі еңбек жолы жемісті болды. Ол тіл білімі бойынша іргелі зерттеулер жүргізіп, оннан астам оқулық, ғылыми еңбектер мен монографиялар жазды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Төлеубай Қордабаевтың еңбегін жоғары бағалаған Моңғолия мемлекеті жоғары дәрежелі «Алтан гадас» («Алтын жұлдыз») орденімен марапаттаған болатын. Сондай-ақ белгілі ғалым Тілеуберді Сауранбаевтың да еңбегі ерекше.
Арнайы іріктеуден өтіп, Моңғолиядағы қазақтар арасына педагогикалық жұмыстар ұйымдастыруға жіберілген қазақстандық мұғалімдер теориялық білімдерін шыңдаумен қатар, өздерімен бірге оқу бағдарламаларын, оқулықтар, көрнекі құралдарын да ала келген екен.
1940-жылдардан бастап Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы орталығы мен сұмындарында, сондай-ақ Қобда аймағының Қобда сұмынында қазақ мектебі жұмыс істеп тұрды. Моңғолия мектептеріндегі оқу үдерісіне пайдаланылатын оқулықтарды негізінен Қазақстанда әзірлеп, жеткізіп беріп тұрды. Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебінің оқу бағдарламасы негізге алынды. 1973 жылдан бастап Моңғолиядағы қазақ мектептерінде пайдаланылатын оқу бағдарламасы мен жоспарын, оқулықтарын жаңаландыру жұмысы жүзеге асырылды. Бұған Қазақстаннан барған педагог маман Шәкір Аманов басшылық жасады.
Қазақстаннан келген мұғалімдер мұндағы білім жүйесіне түбегейлі бетбұрыс жасады деуге болады. Бұрынғы мектеп ғимараттарын заманауи корпустарға көшіру, жүйелі түрде бағдарлама бойынша сабақ өткізді. Маман кадрлардың жетіпсеушілігіне байланысты әрі қазақ қыздарының әлеуметтік белсенділігін арттыру мақсатында Өлгей орталығында «Өлгей педагогикалық техникумы» атты мұғалімдер даярлайтын курс ашылды. Осы курсқа қабылданған қыздар мұғалімдік куәлікке ие болып, ұстаздық өмірге жолдама алды.
Алматы қаласындағы «Мектеп» баспасынан Моңғолиядағы қазақ мектеп мұғалімдері әзірлеген оқулықтар мен көмекші оқу құралдары жарық көріп тұрды. Пәндер бойынша оқулықтар мен көркем әдеби кітаптар Алматыдан жеткізіліп тұрды.
Сонымен қатар Қазақстаннан түрлі газет-журналдар, атап айтқанда «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат»), «Білім және еңбек» («Зерде»), «Балдырған», «Ара», «Жалын» журналдары мен «Қазақстан пионері» газеті үзіліссіз келіп, аймақ орталығы мен шалғай ауылдарға тарады. Моңғолиядағы қазақтар қазақстандық басылымдарды көптеп тапсырып алып оқитын болды.
Сонымен қатар Баян-Өлгейдегі музыкалық мұралардың сақталуына, мұндағы халық театрының базасы нығайып өсуіне, музыкант кадрлардың білім дәрежесі өсуіне де Қазақстан үлкен көмек жасады. Қамар Қасымов, Хабиболла Тастанов, Алдаберген Мырзабеков, Мәлғаждар Әубәкіров, Зоя Жарасбаева қатарлы музыка мамандары келіп, музыкалы драма театр ұжымының біліктілігін арттыруға, музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілуіне өлшеусіз үлес қосты.
Қазақстанның биік лауазым иелері, түрлі мамандықтар бойынша мамандар, көрнекті қаламгерлер Моңғолияға сапарлап келіп отырды. Әсіресе, Моңғолиядағы қазақтардың тарихы жадында Қазақстан басшысы Дінмұхамет Ахметұлының осы елге ресми сапары, сондай-ақ қазақтың әйгілі жазушысы, академик Сәбит Мұқановтың келуі, КСРО Халық әртісі Роза Бағланованың гастрольдік сапармен келіп концерт қоюы үлкен әсер бергенін аға буын әлі күнге дейін еске алып отырады.
Міне, Атажұртпен осындай рухани үздіксіз байланыстың арқасында Алтайдың күн бетіндегі аз ғана қазақ өзінің ұлттық рухын, тілін, ділін, мәдениетін, әдебиетін қаз-қалпында таза сақтай алды. Сондықтан да болар, санасы сергек, ұлттық руханияты биік деңгейде дамыған бұл елдегі қазақтар Қазақстан тәуелсіздігі жарияланған тұста алғаш Атажұртқа көшті бастаған болатын.
Қазақстандық педагог маман кадрлардың Моңғолиядағы қазақтар арасында білім беру, ағарту ісіне жасаған игі ықпалы жөнінде арнайы тоқталуды қажет етеді. Және мұны бірнеше кезең бойынша нақты жүйелей зерттеулер арқылы қарастыруға болады деп білеміз.
Алтынбек Құмырзақұлы