Шымкентте отшашудан «шоу» жасаған жігіттер жауапқа тартылды

Жүргізуші қала көшелерінде от шашудан «шоу» жасамақ болған.

Шымкентте отшашудан «шоу» жасаған жігіттер жауапқа тартылды
polisia.kz

Шымкент жолдарында отшашудан «шоу» жасаған жігіттер жауапқа тартылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Қала аумағын патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері Бәйдібек би даңғылында пиротехникалық жарылғыш зат қолданып бара жатқан көлік жолаушысын байқады.

«Тәртіп сақшылары бірден Ваз 21099 автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында көлік салонынан 43 пиротехникалық жарылғыш зат тәркіленді. Белгілі болғандай, 19 жастағы жүргізуші жанына досын ертіп, қала көшелерінде от шашудан «шоу» жасамақ болған», – делінген Polisia.kz сайтының хабарламасында.

Ал оң жақ жолаушы орындығындағы азамат көліктің әйнегіне отырып, пиротехникалық жарылғыш затты аспанға атқан.

Полицейлер заң бұзушылықты дер кезінде тоқтатты. Қызық қуғандарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігі, 593-бабы және 436-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Автокөлік айыптұраққа қойылды.

Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында республика көлемінде «Пиротехника» ЖПІШ өткізіліп жатыр.