Қазақстан азаматы Кореяда алапат өрттің алдын алды
Өрт Сеулдегі ғимараттардың бірінде болған
Сеулдегі Қазақстан елшілігінің қызметкері өртеніп жатқан көлікті сөндіріп, алапат өрттің алдын алды, деп хабарлады turkystan.kz 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Руслан Қайрамбаевтың Кореяға келгеніне бір айдан асқан. Елшілік қызметкері сол күні демалыста еді. Бірақ шұғыл шаруа шығып, елшілікке асығады. Сол кезде жанып жатқан көлікті байқап, ойланбастан өртті сөндіруге ұмтылады. Шұғыл әрекеттің арқасында қызыл жалынды ауыздықтайды.
Тұрақтан өртеніп жатқан көліктің шығып келе жатқанын көрдік. Алдымен бірінші хатшы Байтілеуов Бауыржан көрді. Мен өрт сөндіргішті алып шығып, өртті сөндіруге кірістім, - дейді Қазақстанның Кореядағы елшілігінің қызметкері Руслан Қайрамбаев.
Өрт Сеулдегі ғимараттардың бірінде болған. Жүргізуші жеңіл көлігімен жерасты тұрағынан шыққан кезде қызыл жалын бұрқ етеді.
Русланның ерлігін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Йонсан мөлтек ауданының әкімдігі алғыс хатпен марапаттады.