Нұрсұлтан Асылов: Америкада қазақша сабақ беруіме сондағы профессорым себепші

Сабақ кезінде олар ағылшынша сөйлем айтады, мен оның қазақшасын ай­тамын. Осылайша, тілдің құрылымын тал­даймыз. Режиссер Қанат Бейсекеевтің Моңғолия, Түркиядағы қазақтар туралы деректі фильмін көрсеттім.

Нұрсұлтан Асылов: Америкада қазақша сабақ беруіме сондағы профессорым себепші
turkystan.kz
2069

Ақтөбелік Нұрсұлтан Асылов Массачусетс штатындағы (АҚШ) Массачусетс университетінің докторантура бө­лімінде оқиды. Оқудан тыс уақытта арнайы орталықта им­мигранттарға ағылшын тілін үйретеді. Бір апта бұрын же­ліде америкалық студенттерге қазақша үйретіп, көп­шіліктің ыстық ықыласына бөленген ол бұл бағдарламаны жүр­гізуге америкалық профессор Сэт Кейбл себепкер бол­­­ғанын айтады. Бұл курс бір семестрге жалғасса да, ұмы­тылмас әсер мен мол тәжірибе алған Нұрсұлтанға ха­бар­ласып, әңгімелескен едік.

– Әдетте, шетте оқып жатқан фило­лог мамандардың біразы тек тілдің ай­наласында зерттеу жұмысын жүргізеді. Ал сіздің Массачусетс университетінің док­торантура бөлімінде оқып жатқан ма­мандығыңыз өте қызық екен. Тілдер, мә­дениет және сауаттылық. Бұл үш ба­ғытты бір-біріне байланыстырып зерт­теу жүргізу өзіңізге де қызық болар. Сіз ел­де шет тілдері мамандығы бойынша бі­лім алдыңыз ба?

– Мен – Ақтөбе қаласының тумасымын. Он­­дағы қазақ-түрік лицейін бітірген соң, Қ.Жұ­банов университетінде ағылшын тілі пә­нінің мұғалімі мамандығы бойынша білім ал­дым. Одан соң ҚТЛ-да мұғалім, тәрбиеші бо­лып жұмыс істедім. Жалпы, мен ағылшын ті­­ліне ерте жастан қызықтым. Бала кезімнен ай­­налама «10 тіл білгім келеді» деп айта­тын­мын. Негізі, төрт тілді жетік білемін. Қазір ис­пан тілін үйреніп жүрмін.  17 жасымнан бас­­тап жұмыс істедім. Әйелім «Сен бар біл­ге­­ніңді өзгелерге үйреткенді ұнатасың» деп ай­тады. Расымен тілді үйреніп жүрген адам­ға барынша көмектесіп, жаңа нәрселерге үй­р­еткім келіп тұрады. Ол үшін тек үйренуші емес, өзім де жетіле түсуім керек. Сондықтан Қ.Жұ­банов университетін бітірген соң, Ка­на­даның Оттава университетіне оқуға түс­кен едім. Визадан жауап келмегендіктен, он­­да бара алмадым. Сосын Астанаға қоныс ау­­дарып, Назарбаев зияткерлік мектебіне жұ­мысқа тұрдым. Сол кездері Назарбаев уни­­верситетінде білім бойынша көш­бас­шы­лық деген бағдарлама ашылып жатқан бо­ла­тын. Соған грантқа түсіп, екі жыл ма­гист­ра­тура бөлімінде оқыдым. Онда ғы­лым­мен ай­налысып, тіл саясатын зерттедім. Бұл про­цеске қызыққаным сонша, мұны әрмен қа­­рай докторантурада жалғастырғым келді. Сөй­тіп, 2022 жылы Массачусетс унив­ер­си­те­тіне «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу­­ға түстім. Өзіңіз атап өткендей, оқуым өза­­ра байланысы көп тілдер, мәдениет және сауат­тылық бағытында өрбиді. Бағамдап қа­расақ, бұл үшеуі де – өзекті мәселе. Мұны дәл Америкада оқып жатқанымның да үлесі зор. Мұнда халық саны көп болғандықтан, сауа­­ты төмен адамдар жетерлік. Айта ке­тер­лігі, мен мұнда ағылшын пәні мұғалімі бо­лып шықпаймын. Ересектерге сабақ беру­дің қыр-сырын меңгеремін. Көбіне пе­да­го­ги­ка балалар мен студенттерге арналған ғой. Ал ересек адамдардың білімін же­тілдіру ісі қа­­лыс қалып қояды. Аме­рикада ересек адам­­дардың сауатты болуына көп көңіл бө­леді. Мұнда жазу, сызуды білмейтін им­миг­рант­тар келеді. Оларды үйре­те­тін ар­найы маман ке­рек. Мен қазір им­миг­ранттарға арнал­ған ор­талықта ағылшын тілінен са­бақ беремін.

– Ол орталықта ана тілі ағылшын са­­­­­­налатын америкалықтар емес, дәл сіз­­дің сабақ беретініңіз көңіл қуантады. Уни­­верситеттен тыс жұмыс па сонда?

– Иә, бұл – университеттен тыс жұ­мыс. Мұ­­ны мен өзім тауып алдым. Түйіндемемнен Қа­зақстандағы жұмыс тәжірибем мен бі­лі­мі­ме қызыққан орталық өкілдері мені бірден жұ­мысқа қабылдады. Бас­тап­қыда өзім де таң­ғал­дым. Амери­ка­да ағыл­шын тілінен са­­­бақ беремін деп ойлаған жоқ­пын. Қа­зақ­стан­­да оқы­ған ағылшыншаммен мұнда кімге ке­­рекпін деп ойладым. Біріншіден, бұл ор­та­лықта ағылшын тілін үйрететін мамандар же­тіспейді. Екіншіден, мен де иммигрант бол­ған соң, ағылшын ті­лін жылдар бойы үй­ренген соң, өзге үйренушінің ішкі дү­ние­сін нэтив спикерге қа­рағанда жақсы білемін. Ор­талық басшы­лығы менің осы жағымды баға­лайды. Мен онда аптасына 10 сағат са­бақ беремін. Жа­лақы төленеді. Бұл орталыққа бі­лім басқар­масы демеушілік жасайды. Аме­ри­када әр елден ағылып келіп жатқан им­миг­ранттар көп екенін білетін боларсыз. Әдеп­кіде бұл оларды тек ағылшын тіліне үй­рететін орта­лық болып ашылған. Әрі са­бақ беру ісіне зей­нетке шыққан, үйінде бос отыр­ған ма­мандарды жұмылдырған. Содан соң функ­циясы бірте-бірте арта бастаған соң, заң­герлерді жұмысқа алған. Сөйтіп, са­бақтан бө­лек, көші-қон, пәтер жалдау, аза­маттық алу секілді кезек күттірмейтін мә­се­ле­лерді ше­шумен айналысуды қолға алған. Мұн­да им­м­игранттарға тегін қызмет ұсынылады. Кө­мек сұрап келген адамды құр қол қай­тар­майды. Менде білім алып жатқандар – ересек адам­дар. Олардың көбі – өз елдеріндегі қиын жағ­дайға шыдас бермей, Америкаға жақсы өмір іздеп келгендер. Арасында Ауғанстан, Гаи­тиден келгендер де бар. Әсіресе, Гаитиде бол­ған жойқын жер сілкінісінен кейін ба­с­панасынан айырылып, бас сауғалап кел­ген­дердің қарасы көп. Оларға қарап сөзсіз жаның ашиды. Берілген уақытты барынша тиім­ді пай­да­лану­ға, оларға бар білгенімді үйре­туге тырысамын. Мұнда ағылшын тілін үйренсе, өмір сүруі жеңілдейді ғой. 

– Енді америкалық сту­дент­т­ерге қазақ тілінен сабақ бе­ретін жұмысыңызды сөз етсек. Бір апта бұрын әлеуметтік желідегі же­ке парақшаңызға жүктеген видеода Мас­сачусетс университетінде қазақ ті­лін оқытатын курстың ашылуына он­дағы профессорыңыз Сэт Кейбл түрткі бол­ғанын айтасыз. Сонда ол амери­ка­лық профессор қазақ тіліне бұрыннан қы­зыққан ғой?

– Дәл солай. Ол түркітілді мамандармен ете­не араласады. Оның Фарух атты досы оған қазақ тілі туралы бар білгенін айтса ке­рек. Негізі, ол өзі лингвист болған соң, көп тіл­дің құрылымын жақсы біледі. Мен оған қазақ тілінің құрылымын түсіндіріп отыр­ған­да, ол көп нәрсені мен айтпасам да біле­ті­нін аңғардым. Бастапқыда негізі ол про­фес­сорға басқа мәселемен барғанмын. Кез­десу кезінде ол менің көп тіл білетініме таң­­­­ғалды. Сосын қазақ тілі туралы айтып беруі­м­ді өтінді. Мен оған біздің тіліміздің ерек­шелігін, морфология мен фо­­не­тикасын түсіндіріп бердім. Содан соң маусым айында жеке пош­тама «Маған қазақ тілінен кон­сультант керек. Біз жыл сайын лингвистика фа­культетінің студент­те­ріне бір тілді ғы­лыми тұрғыда зерт­теу ту­ра­лы ұсыныс жа­саймыз. Был­тыр Мекси­ка­дағы майя тайпа­сы­ның тілін зерттеген едік. Сол кезде Мекси­ка­дан арнайы консультант кел­ген болатын. Биыл олар еу­ро­палық емес, бұрын-соңды естіп көрмеген тілді таң­дайды. Соның ішінде қазақ тілін зерттеп көр­мек» деп хат жазды. Сөйтіп, мені кон­суль­тант ретінде таңдап, жұмыс басталып кетті. Аптасына үш рет, бір сағаттан студенттерге қазақ тілі туралы сабақ өткіземіз. Студент­терге көп нәрсе қызық. Бәріне жауап беруге тырысамын. Сабақ кезінде олар ағылшынша сөйлем айтады, мен оның қазақшасын ай­тамын. Осылайша, тілдің құрылымын тал­даймыз. Содан соң мұнда тек тіл емес, фильм­дер көрсетіп, мәдениет туралы қызық деректер келтіруге де тырысамын. Режиссер Қанат Бейсекеевтің Моңғолия, Түркиядағы қазақтар туралы деректі фильмін көрсеттім. Одан бөлек Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» тарихи драмасын да бірге тамашаладық. Бұл туындының профессорыма ұнағаны сонша, ол алған әсерін көпке дейін айтып жүрді. 

– Видеодан байқағанымдай, про­фес­сор барлық тапсырманы тақтаға өзі жа­зып, оқу жоспарын өзі бекітеді екен.

– Екеуіміз сабақ басталмай тұрып екі рет кез­дестік. Ол сол кезде Қазақстан, қазақ ті­лінің тарихы туралы сұрады. Ол кісіге бәрі қы­зық. Сондықтан ол бұл сабақты ерекше жүргізеді. Сабақ сайын тақтаға латын әліп­биімен қазақша сөз жазады. Сосын бәріміз бірге оның мағынасын талдаймыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, тілден өзге мағлұмат­тарды талқыға саламыз. Видеодан байқа­саңыз, сақтарды, Кенесары ханды да сөз еттік. Профессорым «Ақтабан шұбырынды» сөз тіркесі қандай мағына беретінін сұрады. Со­сын бұл тіркесті жеке-жеке талдап, әрқайсысының мағынасын түсіндірдім.

– Ол кісі тіпті «Ақтабан шұбырынды» тіркесін де біле ме?

– Иә. Өзі ғылыми мақалалардан тауып алса керек. Негізі, америкалық ғалымдардың қазақ тілі туралы зерттеулері жетерлік. Про­фессор сол зерттеулерді жасаған біраз адам­дар­мен тілдеседі. Қазақ тілін зерттеген бір тү­рік ағай бар. Оның еңбегін оқыған профес­сор оның жеке поштасына хат жазып, ана тіліміздің бір ережесі дұрыс па, бұрыс па деп сұраған. Айтып тұрмын ғой, ол кісіге бәрі қызық. Мен бір сөз айтып қалсам, сол сөздің мағынасын жете түсінбейінше тыншымайды. Мысалы, сабаққа кіріп келгенде «Қалың қа­лай?» деп қазақша амандасса, мен «Шүкір, өз қалыңыз қалай?» деймін. Ол «Шүкір деген не мағына береді? Түсіндіріп жібер» деп айтады. Ол сөздің араб тілінен шыққанын, ағылшын­ша blessed деп аударылатынын айтып бере­мін.

– Америкада бір күнде ағылшын ті­лінен, содан соң қазақша сабақ өткізе­сіз. Оқуыңыз тағы бар. Бәріне қалай үл­гересіз? 

– Сүйікті ісің болған соң, бәріне үлгеруге ты­рысасың. Таң атпастан ағылшын тілінен са­бақ өткіземін. Содан соң қазақ тілі са­ба­ғына жүгіремін. Үнемі 5-10 минутқа кешігіп бара­мын. Алайда профессор өте мейірімді жан болған соң бәріне түсіністік танытады. Ал докторантурадағы сабағыма түстен соң кірі­семін. 

– Ал студенттер бұл курсқа қанша­лық­ты қызықты?

– Бұл негізі міндетті емес, таңдау сабағы бо­латын. Бірінші күні келгеннен тек бір адам ға­на басқа курс таңдады. Ал қалғандары соңы­на дейін қызығып оқып шықты. Про­фес­­сорымыз екеуіміз де олардың қызығу­шы­лы­ғын ояту үшін қолымыздан келгеннің бә­­рін жасадық. Студенттердің маған алғыс жау­дырып, тілектестік білдіріп жатқан сәті таспаланған бір видео жүктеген едім. Соған қарағанда бағдарлама расымен қызық өткен се­кілді. Айтпақшы, студенттер семестр соңын­да қазақ тілі туралы эссе жазуға тиіс. Бір студент қазақ тіліндегі пассив тіл бір­лік­терін зерттесе, екіншісінің тақырыбы – бо­лым­сыз етістіктер. Осы ретте айта кетейін, бұл курс кезінде олар түгілі өзім де көп нәрсе үйрендім. Қайткенмен де шетелдіктердің зерт­теу тәсілі, амал-әдісі бөлек қой. Олардың тың деректері мен күтпеген сауалдарын тал­дап, қазақ тілі мамандарына жүгіндім. Ин­тернет бетінен де көп мәлімет іздедім. Жал­пы, өте пайдалы тәжірибе болды.

Студенттердің алғысы

– Сонда бұл бағдарлама тек бір се­местр­ге жалғасты ма?

– Иә. Алайда, менің келісімшартым әлі аяқ­талған жоқ. Студенттер қазақ тіліне қа­тыс­ты сұрақтарын менен сұрай алады. Мен сосын уақыт белгілеп олармен кездесемін. Кез­дескен уақытымды профессор жазып ала­ды. Өткен аптада үш рет кездестім. Үшеуін­де де бір сағат бойы айтқан мәселе­ле­рін лингвистикалық тұрғыда талдадық. Жал­пы, бұл бағдарлама профессорға қатты ұна­ды. Ол мұның бір семестрмен шектел­генін қаламайды.

– Ал студенттердің қазақ тілі туралы эс­селерін тексеріп үлгердіңіз бе? Әлде дед­лайн әлі болған жоқ па?

– Қателеспесем, эссені өткізу уақыты бол­ған секілді. Эссе демекші, болымсыз етіс­тік туралы жазған студенттің талдауы өте қы­зық болды. Олай мүмкін екенін тіпті өзім де білмедім. Мысалы, «Әлихан ешкімнің кел­генін білмейді» деген сөзді алып қарайықшы. Бір байқағанда бұлай айтуға болмайтын се­кілді. Біз «ешкім» сөзін болымсыз етістікпен қол­данбаймыз ғой. Бірақ бұлай айтуға бола­ды екен. Мен мұны білген жоқпын. Мұға­лім­дер бұлай айту қате дейді, ал ғалымдар бұлай айтуға болады дейді. Ал бұлай айтуға бола­ты­нын студент ғылыми мақалаларды парақ­тап отырып, тауып алса керек. Сосын қазақ ті­лінде екі пассивті қолдануға болмайды. Мы­салы, «жасалынды» деп айта алмайсыз. Ал түрік тілінде қолдануға болады. Қазақ ті­лін түрік тілімен бірге бір топқа кіретінін бі­л­етін студентке мұның неліктен қол­да­нылмайтыны қызық көрінді. Сөйтіп, олар тіпті қазақстандық студенттер таңдай бер­мейтін тың тақырыптарды зерттеп жатыр. Айта кететін тағы бір жайт, мұнда Қазақстан туралы білетіндер саны өте аз. «-стан» жұр­нағын естіген соң, бәрі Ауғанстан, Пәкіс­тан­мен көршілес ел деп ойлайды. Головкин мен Димаш Құдайбергеннің танымал болуы жеткілікті емес. Сондықтан жүрген жерімде, оқыған жерімде қазақ тілінің мәртебесін асы­руға тырысамын. Мен сізге бір қызық айтайын. Америкалықтар «Сіздер қазақ тілін неліктен кеңінен қолданбайсыздар?» деп сауал тастайды. Ағылшын тілі халықаралық тіл болғасын, елдегі көпшілік, әсіресе, жастар оны үйренуге уақытын, қаражатын сарп ете­тіні анық. Ал бірақ сол ағылшын тілін неге қазақша үйренбеске? Біз университетте оқы­ғанда ұстаздар «Сабақта тек ағылшынша сөй­леңдер. Қазақша немесе орысша қол­данбаңдар» деп талап қоятын. Мұндайда ағыл­шын тілін чемпион қылып, жеңіс тұ­ғырының ең жоғары орнына көтереміз. Негізі, тілдер арасында теңгерім болуы керек. Бала тіл үйрену нұсқаулығын қазақша оқып, сосын ағылшынша сөйлеп жазса да, еш­теңе­ден ұтылмайды. Онда тұрған ештеңе жоқ. Тілдерді бөлудің қажеті жоқ. Қазір транстіл­дес­тік трендке енді. Тілдер арасында бай­ла­ныс көп болған соң, үйретушінің әрі үйрену­шінің лингвистикалық әлеуеті арта түседі. Бала қазақша біліп тұрса, соны пайдаланып неге ағылшынша үйретпеске? Ағылшын тілі са­бағында неліктен тек ағылшынша сөйлеу ке­рек? Бала дәретханаға сұрану үшін «Teacher, may I go to the toilet?» деп неліктен ағылшынша сұрануы керек? Біз жетпіс жыл бойы отар ел бол­дық. Мұның әлі ықпалы бар екені айт­паса да түсінікті. Десе де, қазақ тілін орыс не­месе ағылшын деңгейімен бір деңгейге қой­сақ, мұны ықпалы азая түсетіні хақ. Мен сарап­шы емеспін. Дегенмен біраз тәжірибе жи­надым. Осылайша, тілді дамыту туралы кар­тинам өзгерді. Ересектерге сабақ беру үлгі­сін үйрендім. Сондай-ақ қазақ тілін қол­данып, ағылшын тілін қалай үйренуге бо­латыны туралы тәжірибе жинақтадым. Док­торантурадағы диссертациямның тақы­ры­бы да осы. Құдай қаласа, оқуымды аяқтап, елге оралғанда осы тәжірибемді қолданғым ке­леді.

– Әңгімеңізге рахмет! 
Ісіңіз оңға бассын!

 

Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

 

Серіктес жаңалықтары