Мектепке дейінгі ұйымдар басты назарда

Алдағы 2 жылда бейінді білімі бар тәр­биешілердің үлесін 100 пайызға жет­кізу көзделіп отыр.

Мектепке дейінгі ұйымдар басты назарда
сурет: Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі
668

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту ми­нистр­лігінің қолдауымен Астана қаласының Білім басқармасы білім саласына қа­тысты ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Әсіресе, мектепке дейінгі ұйымдар Білім басқармасының басты назарында. 

Қазіргі кезеңде INDIGO электронды пор­талында 60 971 мектеп жасына дейін­гі бала тіркелген, оның ішінде 2 мен 6 жас аралығындағы бала саны – 41 818. Жыл бойы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және білім берумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізі-леді. 
Бүгінде елордада 525 балабақша жұ­мыс істейді. Мектепке дейінгі білім ұйым­дары өткен жылмен салыстыр­ған­да 113 балабақшаға көбейді. Білім бас­қармасы тек мемлекеттік балабақ­ша­лардың емес, жекеменшік мектепке дейін­гі ұйымдардың да жұмысын бақы­лауда ұстап келеді. 
Барлық балабақша жаңа мемлекет­тік стандартқа және мектепке дейінгі тәр­бие мен оқытудың үлгілік бағдарла­ма­сына көшті.
Жаңа оқу жылынан бастап алғаш рет мектепке дейінгі білім беру ұйым­да­рында тәрбиеленіп жатқан балалар­дың жекелеген санаттарына тегін та­мақтану ұйымдастырылды.
Биыл балаларды мектепке дейінгі тәр­биемен және оқытумен қамтуды ұл­­ғайту мақсатында 2023 жылдың ба­сы­­нан бастап 10 214 орынға мем­лекет­тік тапсырыс орындалды. Айта кет­сек, қаланың мектепке дейінгі мекемеле­­­рінде мемлекеттік тапсырыс өткен жыл­мен салыстырғанда төрт еседен астам өсті. Өйткені елордада жыл сайын мектеп жасына дейінгі балалар саны артып келеді. Оған туу көрсеткіші жә­не көші-қон процесі оң әсер етіп отыр. Бұл деңгей жыл сайын сақталады дейді мамандар. 
Бұдан бөлек, жеке инвестициялар есе­бінен 17 балабақша құрылысы жүр­гізіліп жатыр, сондай-ақ бюджеттік-ин­вестициялық жобалар есебінен 60 мем­лекеттік балабақшаны жобалау бас­талды. Бүгінде 10 балабақшаның жер телімдері белгіленіп,  жобалау жұ­мыс­тары басталып кетті. Осыған дейін Аста­на қаласы Білім басқармасының бас­шысы Қасымхан Сенғазыев қала­дағы балабақшаларды жөндеу жұмыс­та­рын жүргізуге 250 млн теңге қажет еке­нін айтқан болатын. 
Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сы бойынша жаңа оқу жылының ба­сы­нан бастап алғаш рет мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында  тәрбиеленіп жат­­қан жекелеген санаттағы 10 250 ба­ла­­ға тегін тамақтану ұйымдастырыл­ды.
Биыл қыркүйек айында елордадағы 4 балабақшада (№54, №60, №66, №95) және 4 шағын орталықта (№8, №11, №30, №76) эмоционалдық-еріктік жә­не мінез-құлық бұзылыстары бар (ау­тизм) балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Одан өзге, 54 балабақша  жаңартылды. 
Сонымен қатар осы жылы балабақ­ша­лардағы тәрбиешілердің  кәсіби дең­гейін арттыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, 360 педагог қайта даярлау курстарынан жә­не 1 062 педагог біліктілігін арттыру курс­тарынан өтті. 1 қыркүйектен бас­тап балабақша тәрбиешілерінің жала­қы­сы 30 пайызға өсті.
Алдағы 2 жылда бейінді білімі бар тәр­биешілердің үлесін 100 пайызға жет­кізу көзделіп отыр. 

Серіктес жаңалықтары