Елордада ерекше мектептер салынбақ

Астанада жыл соңына дейін тағы 7 мек­теп ашылмақ.

Елордада ерекше мектептер салынбақ
сурет: Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі
748

Бүгінде бас қалада 171 мектеп бар.  Оның 101-і мемлекеттік, 63-і жеке жә­не жетеуі республикалық мектептер. Атал­ған білім ошақтарында бар­лы­ғы 261 128 бала оқиды. 

Астанада жыл соңына дейін тағы 7 мек­теп ашылмақ. Бұл мектептер Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Тұ­ран даңғылы мен №24 көшенің қиы­лы­сын­да орналасқан. Сонымен қатар қолда­ныс­тағы мектептердің аумағында жаңа ғи­мараттар салынады. Олар – Кирпичный тұр­ғын үй ала­бында, Тархан 16, Таха Хусейн 5/1, Қарқабат 17 көшелерінде, Қабанбай ба­тыр 9/1 даң­ғы­лын­да орналасқан. Айта кет­сек, биылғы оқу жы­лының басында қа­ла­да 4 мектеп ашылған болатын.
Астанада 2023-2025 жылдар аралығында «Жай­лы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы ая­сында 88 800 орындық (екі ауысымда) 24 ме­к­­теп пайдалануға берілмек. Ұлттық жоба ор­та білім беру мекемелерінде жайлы және қауіп­сіз оқу жағдайын қалыптастыруды мақ­сат етеді. Түйіндей айтсақ, «Жайлы мек­теп» бағ­дарламасы орын жетіспеушілік мә­­­селесін жүйелі түрде шешуге, апатты жә­не үш ауысым­дағы мектептерді жоюға ба­ғытталған.
Аталған жоба жаңа форматтағы мектеп­тер құруды да қарастырады. Яғни, мектептер бір­­ден дайын зертханалармен, шебер­ха­на­лар, компьютер сыныптарымен және пән ка­бинеттерімен салынады. Заманауи ин­терье­рі, спорт залдары мен асханалары, бас­тауыш жә­не жоғары сыныптарға арнал­ған жеке блок­тары болады. Сондай-ақ мек­теп­тер оқу­лықтарды сақтауға арналған же­ке шкаф­тар­мен жабдықталады. Бұл оқу­шының сөмкесін жеңілдетуге септігін ти­гізеді. Мектептер бейне­бақылау және қауіп­сіздік жүйесімен қам­тамасыз етіледі. Ал блок­тар мен кабинет­тер­дің есіктері террор­лық қауіп төнген жағ­дай­да автоматты түрде құлыпталып қалмақ.
Білім ошақтары 100 Мбит/сек жылдам­дық­­тағы интернетпен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Ал мұғалімдердің өз жұ­мыс орны болуы тиіс. Сонымен қатар бар­лық мектеп ерекше қажеттілігі бар бала­ларға сай жа­салуы керек. Бұл мақсаттарды орындау үшін арнайы лифттер қарастыры­лып отыр.  
Мектептерде зияткерлік ойындарға ар­нал­­ған «Интеллектум» кабинеттері болады. Фи­зика, химия, биология пәндеріне арнал­ған оқу зертханаларымен қатар мектептерді әмбебап зерттеулер жүргізуге болатын STEM-зертханаларымен (Science, Technology, Engineering, Mathematics) қамтамасыз ету жос­пар­лануда. Мысалы, жекеменшік мек­тептердегі осындай зертханаларда бала­лар 3D принтер­лердің, лазерлік гравюра­лар­дың, метеос­тан­саның, тіпті электр тіз­бектерінің жұмысын зерттеп жүр. Сондай-ақ нанотехнология мен биотехнологияны зерттейтін зертханалар да қарастырылған. Одан бөлек, робототехника кабинеттері бо­лады. Әрбір сынып touch/led экранмен жабдықталады. 
Қарапайым кітапханалардан бөлек мек­тептерде цифрлық кітапханалар, әр қабатта кі­­тап оқуға және демалуға арналған коуор­кинг алаңдары болады. Мектептерді «транс­фор­мер» парталармен қамтамасыз ету жос­пар­ланып отыр, яғни олардың көлемін реттеу­ге болады. Бұл – ерекше атап өтуге тұ­рар­лық жай. Сонымен қатар әр қабатта ішуге арналған шағын ауызсу бұрқақтары бо­лады. Шеберханаларда балалардың тігін­шілік, аспаздық, ағаш ұстасы кәсіптерін мең­геруге барлық жағдай жасалмақ. Сон­дай-ақ қыш және бейнелеу өнері бөлмесі ашылады.
Мектеп аумақтары туралы бөлек айтып өт­кен жөн. Ыңғайлы мектептер волейбол, футбол, баскетбол алаңдарымен, теннис кортымен жабдықталмақ. Автотұрақтар мен жол салынады. Бір ерекшелігі, жобалау барысында мектептер бес климаттық ай­маққа бөлінеді.
Тағы да қоса кететіні, мектептердің құры­­лыс жұмысын ел азаматтарына видео­трансля­ция арқылы қадағалауды ұйымдас­тыру жоспарла­нып отыр. Бүгінде қала әкімдігі 2024-2026 жыл­дары мектеп салуға 20 жер телімін бөліп, құ­жаттарын бекітіп қой­ды.
2027 жылға дейін барлығы 200 мыңнан астам оқушы (2 ауысымда) оқитын 80 мек­теп салу жоспарлануда. Бұл шаралар мек­тептердің қазіргі толып кетуін ғана емес, болашақта орын жетіспеушілігі мәселесін де шешуге мүмкіндік береді. Білім ордалары қаланың барлық аудандарында, оның ішін­де тұрғын алаптары қамтылатын болады.
Бүгінгі таңда елорданың барлық мемле­кеттік жалпы білім беретін мектептері 100 мбит/сек жоғары жылдамдықтағы интер­нет­пен жабдықталған.
 

Серіктес жаңалықтары