Қазақ балетін өрге сүйреген тұлға
Қазақтың тұңғыш кәсіби балет әртісі және балетмейстері, қазақтың халықтық сахна биі мен хореографиялық өнерінің негізін салушылардың бірі, Алматы хореографиялық училищесінің түлегі Дәурен Әбіровтің өнері мен шығармашылығы − өмірін өнерге арнаған бүгінгі қазақ жастарына үлкен өнеге.
Ұлт мәдениетінде әр саланың бастауында тұратындардың аты әрдайым құрметпен аталып, даңқы кең жайылады, дегенмен олардың жаңа саланы қалыптастырудағы еңбегі зор, төгетін тері де көп болады. Себебі өнердің бір түрін жаңадан бастау оңай емес. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақтың тұңғыш кәсіби балет әртісі және балетмейстері, қазақтың халықтық сахна биі мен хореографиялық өнерінің негізін салушылардың бірі, Алматы хореографиялық училищесінің түлегі Дәурен Әбіровтің өнері мен шығармашылығы − өмірін өнерге арнаған бүгінгі қазақ жастарына үлкен өнеге.
Дәурен Тастанбекұлы Әбіров 1923 жылғы 6 қазанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылында дүниеге келген. Биші, балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1988), Қазақстанның халық артісі (1984). Ұзақ жылдар бойы Абай атындағы опера және балет театрында бірінші солист болып жұмыс істеп, қазақтың халық билері мен балет өнерін дамытуға үлкен еңбек сіңірді.
Қазақтың «тақыр жерде ештеңе өніп шықпайды» деген тәмсіліне құлақ ассақ, кім-кімнің отбасынан алған өнегесі оның болашақ өмірінде азамат болып қалыптасуына зор пайдасын тигізеді. Дәурен Әбіровтің өз өмірі туралы жазғандарынан да соны байқаймыз. Ол өзі өскен отбасын былай деп еске алады: «Менің әкем Тастанбек ел құрметтейтін адам еді. Бойы ұзын, әдемі сақал-мұрты бар. Біздің қыстауда жеті отбасы тұратын. Әкем таңертең ерте мал қораның төбесіне шығып таң намазын бастар алдында бірнеше рет «Аллаһу акбар» деп даусын қатты шығарып азан шақыратын. Содан төбеден түсіп үйге келіп намазын оқитын.
Әлеуметтік жағынан біздің отбасы орташаға жататын. Әкемнің 150 қойы, 40 сиыры, 70-80 жылқысы болды. Өзі ерекше қарайтын Бурылтай деген тамаша аты болды. Сонымен бірге әкем керемет аңшы еді, үйге қоян, борсық, қасқыр атып әкелетін. Олардың терілерін өзі өңдеп, дайындайтын. Құралайды көзге атқан мерген еді, көптеген жігіт оны ұстазым деп санайтын.
Ол кісіге таңғалатынмын, қолынан бәрі келетін: аттың ер-тұрманын, түрлі ыдыстарды өзі жасайтын. Қажетті оқ-дәріні Тоқмақ қаласындағы базардан сатып алып, мылтығына оқтарды өзі құйып жасап алатын. Сол қаладағы базардан бізге неше түрлі тәттілерді алып келетін. Әкем таңғаларлық жомарт адам еді, ағайын-туғандар түрлі мәселелерді әкеммен ойласып, ақыл-кеңесін тыңдайтын. Үйде ешқашан ұрыс-керіс болған емес.
Анам Рәш орта бойлы, ақ көңіл, жайдары еді. Үйде балалары оның өзі дайындап, қарынға салып қойған майынан білдірмей алып жеп қойса да, анамыз ештеңе білмегендей жүре беретін. Үйде айқай-шу шыққанын қаламаса керек.
Ата-анам өте тату-тәтті өмір сүрді. Жеті баласы болды, мен алтыншысы едім».
Дәурен Әбіровтің бұл естелігінен оның нағыз қазақи отбасында тәрбиеленгенін байқаймыз. Дегенмен кейін саяси өзгерістерге байланысты күштеп ұжымдастыру кезінде оның отбасы да сол кездің қиындығына ұшырайды: отбасының малы ортақ меншікке алынып, өмір сүру қиындайды. Аштық жылдарында ата-анасынан, туыстарынан айырылады. Біраз уақыт балалар үйінде өмір сүреді. Кейін оны аталас туысы, Алматы маңындағы Өжет деген колхоздың басқарма төрағасы Айдабосын деген кісі келіп балалар үйінен алып кетеді. Сөйтіп, Дәуреннің Алматыдағы өмірі басталады. Бірақ кейін әлдебір оқиғаға байланысты ренжіп, туысының үйінен кетіп қалған Дәурен өз еркімен балалар үйіне орналасады. Алдымен бірінші, кейін 15-балалар үйінде болады. Сонда жүргенде тағдыр оны болашақ мамандығына жол ашады. Бұл жайында ол былай деп жазады:
«Бірде балалар үйіне, қасында бір ер адам бар, әдемі бір әйел келіп, балаларды жинап, болашақ музыка-хореография мектебі үшін іріктеу жасады. Сөйтіп, ондаған балалардың ішінен бір қыз бен екі ер баланы таңдап алды. Ол қыздың аты-жөні Зина Әбдірахманова, ал екі ер баланың бірі − Сортай Әбдірахманов және бірі мен болдым. Кейін білдік, бұл іріктеу барлық балалар үйінде өтіпті. Кейінірек 13-балалар үйінде музыка-хореография мектебі ашылды. Әлгі бізді таңдап алған әйелдің аты-жөні Вера Ильинична Лазарева екен, ол Алматыға Ленинград қаласынан келіпті. Ол музыка-драматургия техникумының оқытушысы болды. Бізді оқытқан педагогтердің бәрі де өз ісінің нағыз мамандары еді».
Сөйтіп, Дәурен Әбіровтің би өнеріндегі жолы басталады. Бірақ 12 жасында ауырып қалады. Бүкіл буыны қақсап, құлағынан ірің ағып, қатты науқастанады. Дәрігерлердің емдеуі де оның ауыруынан айықтыра алмайды. Содан соң оны туыстары оқудан алып кетіп, халық емшісі − Тәжібай тәуіпке емдетеді. Соның арқасында ол сауығып, 15 күннен соң қайта оқуына келеді.
1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақтың әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде жас қазақ бишілерімен бірге Мәскеудің Үлкен театрында «Гүлдер вальсі», «Ұйқыдағы ару» балетін орындап, өнер көрсетеді. Кейін көптеген педагогтің ұстаздық балет өнерін терең меңгеріп, шеберлігі толысады. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы өзгелермен қатар Д.Әбіровтің де өнерін одан әрі дамытуына кедергі болады. 1942 жылы армия қатарына алынып, алғашқы үш айда Алматы маңында орналасқан 147-полктің дайындығынан өтеді. Алайда жастарды майданға аттандырар алдында 147-полкта әскери дайындықтан өткен 15 адамын арнайы бұйрықпен соғысқа жібермей алып қалады. Шекара әскері басшылығы оның Алматы хореографиялық училищесінің түлегі екенін біліп, Жаркент шекара отрядының ән-би ансамбліне жібереді. Сөйтіп, ол ансамбль құрамында шекара бойындағы әскерлер алдында өнер көрсетіп, 1946 жылдың 6-желтоқсанына дейін әскери қызметте болады. Әскер қатарынан босаған соң Абай атындағы Опера-балет театрында қызмет етіп, балет училищесін бітіреді. Әскерде жүрген кездерде ҚазМУ-дың Журналистика факультетінің қазақ бөліміне сырттай оқуға түсіп, оны 1947 жылы бітірген Дәурен Әбіровтің білімді кәсіби дәрежеде игеруге ұмтылысы мұнымен тоқтамайды, 1947-1952 жылдары ҚазКСР Министрлер Кеңесінің өнер басқармасының жолдамасымен Мәскеу қаласындағы А.Луначарский атындағы ГИТИС-тің (Мемлекеттік театр өнері институты) балетмейстер бөлімін оқып бітіреді. Міне, осыдан кейін ол Қазақстандағы өз ұлтымыздан шыққан ең ірі балетмейстер ретінде танылып, көптеген опера және балет спектаклінің басты би партияларын орындайды.
Қазақтың алғашқы әрі кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров 25 жыл бойы (1952-1977 жылдарды) Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера-балет театрында табысты еңбек етіп, үлкен балет репертуарын жасайды. М.Чулакидің «Жастық», Ц.Пуньи, Э.Глиэр мен Василенконың «Эсмеральда», сонымен қатар Морозовтың «Айболит», Глазуновтың «Раймонда», Яруллиннің «Шурале», Спадавеккианың «Бақыт жағалауы», Асафьевтің «Бақшасарай фонтаны» (Р.Захаровпен бірге), Великановтың «Қамбар-Назым», А.Зацепиннің «Қарт Хоттабыч», А.Меликовтың «Махаббат туралы аңыз», Ғ.Жұбанованың «Аққанат», Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» балеттерін қойды. Сондай-ақ ол Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларындағы билерді қойып, ұлттық опералық хореографияны қалыптастыруда зор еңбек етіп, қазақ биінің мәнерлеу диапазонын кеңейтті.
Журналистік білімі бар Дәурен Әбіров қазақ би өнері жайында, қазақ бишілері жайында көптеген мақала жариялады. Өз мақалаларында ол қазақ бишілерінің шеберлігін, кәсібилігін насихаттап отырды. Мәселен, оның 1958 жылы «Сталин жолы» (қазіргі «Жетісу» газетінің 1934-1954 жылдардағы атауы) газетінде жарияланған «Би шеберлері» деп аталатын мақаласында өзімен түйдей құрдас, сол кезде 25 жастағы белгілі қазақ бишісі Нұрсұлу Тапалова жайлы былай дейді:
«Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында атақты Совет композиторы Асафьевтің «Бақшасарай фонтаны» өтіп жатты. Залдың іші көрушілерге лық толы. Бәрінің көңілі де, зейіні де сахнадағы жүріп жатқан қимылдар мен оқиғаларда. Әсіресе, татар ханы Герейдің әйелі − Зареманың қимылы мен әрекеті, ішкі ой дүниесі мен жан сезімі оның әрбір биінен айқын көрінеді және сол әрекеті арқылы тарихи белгілі бір дәуірдің оқиғасын алдыңа көлденең тартады. Жұртшылық көз айырмай қарап отырған Зарема рөлін атқарушы − Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Нұрсұлу Тапалова еді.
Ол осы сахнада бүкіл Одақ жұртшылығына белгілі би маманы Г.Улановамен қатар жүрді. Уланова бұл балеттің басты рөлі − Мария болып ойнаса, оған қарсы − Зарема рөлін Нұрсұлу атқарды.
Нұрсұлудың сахна өміріне араласқанына 17 жылдан бері талай-талай жауапты рөлдерді атқарып, елеулі табыстарға жетті. Жұртшылығымыз бүгін Н.Тапалованы театр сахнасынан Зарема рөлінде кездестірсе, ертең «Эсмеральда» балетіндегі негізгі кейіпкер сыган қызының рөлінен көреді. Бұл рөл − халыққа сүйкімді бейне. Нұрсұлу сыган қызының образын, сыртқы түр-пішінін және оның албырт мінез-құлықтарын, жалпы қимылы мен іс-әрекетін музыканың әсем сазымен бере білді. Қазақтың қарапайым қызы Н.Тапалова өзінің өнерімен тек осы айтылғандарда ғана емес, театр сахнасында қойылып жүрген балет спектакльдерінің бәрінде де көрнекті рөлдер атқарады. Сонымен қатар ол қазақ операларында орындалатын билерге қатысады. «Қыз Жібекте» иран биін, «Ер Тарғын» операсында парсы биін билейді.
Біз сөз етіп отырған би өнерінің шебері Нұрсұлу Тапалова арнаулы мектептен өтпесе де, өзінің таланты арқылы өскен актриса».
Бұл жай мадақтау емес, өнерді тану, өзімен бір мезгілде қазақтың би өнерінде жарқын із қалдырған Нұрсұлу Тапаловадай үлкен өнер иесіне деген құрмет. Сөз арасында айта кетсек, кезінде Дәурен Әбіровтей тұлғаның өзі жоғары бағалаған Нұрсұлу Тапалованың биылғы 100 жылдық мерекесі лайықты атап өтілмей қалды. Кезінде «қазақта би өнері болмаған, олар мәдениеттен жырақтау, негізінен далада көшіп-қонып жүре берген» деген өзгелердің шовинистік пиғылдағы пікіріне өз өнерімен соққы беріп, қазақ биін жоғары дәрежеде таныта алған Нұрсұлу Тапалованың ерекше шығармашылығын назардан тыс қалдырып жатқан бүгінгі ұрпаққа Дәурендей тұлғаның сөзі − ұлт өнерін қастерлеу жолында үлгі тұтар лебіз екені есте жүрсін дейміз.
Иә, Дәурен Әбіров бойындағы бар талантын ұлтының мерейін биіктету жолына арнаған, қазақ балетінің деңгейін көтеруге жанкешті еңбек еткен аса ірі өнерпаз тұлға. Ол ісімен ғана үлгі болған жоқ, қазақ өнеріндегі өзі жүрген саланың проблемаларын көтеріп, еліміздегі беделді басылымдарға талай мақала жариялаған өнердің үлкен жанашыры еді. Мәселен, оның Túrkistan газетінде (№33 (2016) 19-25 тамыз, 1998 ж.) басылып шыққан «Жай-күйі болған елдің биі де болады (Қазақ би өнерінің кейбір қалтарыстары хақында)» атты мақаласында қазақ би өнері туралы құнды деректер айтады. Үзінді келтірейік: «Қазақ би өнерінің ерте заманнан бері қазіргі күнге дейін желісі үзілмей келе жатқанына «Таңбалы тас» қойнауындағы, «Шолақтау» тауындағы (Қазақстан археологтарының анықтауынша, біріншісі б.д.д. VIII-V ғасырларға, екіншісі V-III ғасырларға жатады) жартастарда бишілер бейнесінің кескінделуі тәрізді тарихи деректер куә. Бұлар жөніндегі кейінгі деректер белгілі орыс тарихшысы Н.Бичуриннің аудармасындағы б.д.д. ІІ-І ғасырға жататын Қытай тарихи түпнұсқаларында кездеседі.
Мәселен, латын-құмандық «Кодекс-Куманикус» сөздігінде (ХІІІ ғасырда жасалған), «Қазақтың батырлар эпосында» (XIV-ХVII ғ.ғ.), әсіресе, ХІХ-ХХ ғасырларда Қазақстанда болған орыс саяхатшылары мен этнографтарының, журналистері мен топографтарының, геологтары мен ғалымдарының көптеген әңгімесі мен мақаласында би өнеріне қатысты көп дерек ұшырасады. Осы еңбектерден бишілер есімдері мен бидің аты және кейбір би қимылдарының суреттерімен таныс боламыз.
...Көз көргендер мен тікелей орындаушылар сөзіне қарағанда, ертеректе халық билері көп болғанға ұқсайды. Олар: «Қаражорға», «Ұтыс би», «Дауылпаз», «Келіншек», «Қоян би», «Қоян-бүркіт», «Қаз-қатар», «Тырна биі», «Той биі», т.б. Олардың мазмұны мен орындалуын көрермендер толық түсініп, қызу қолдау білдіріп отырған. Бұған дәлел ретінде 1860 жылы орыс топографы Чарадеевтің қолынан шыққан «Дәулеткерей сұлтан киіз үйінің жиһазы» атты акварель-картинаны мысалға келтірсе де жеткілікті. Картинаның сыртқы бетінде суретші «Билеуші Янзак Япасов (яғни, Жанұзақ Жаппасов. − Д.Ә.) деген жазба қалдырған». Бұдан кейін мақала авторы алғышқы қазақ спектакльдерінде би қоюшылар «қазақта би болмаған» деген түсінікте жүргенін, соның кесірінен қазақ билеріне көптеген елдің би қимылдары кіріп кеткенін сынайды. Сырттан келіп би өнерін үйретіп жүргендердің қазақ биінің тарихын білмейтіндіктен, ұлттық би өнеріміздің ақсап жатқанына ашынады. Бұл орайда қазақ би өнерінің болашағы жайлы өз ойларын айтып, қазақ өнеріне шынайы жанашырлық жасаған Өзбекәлі Жәнібековтей тұлғаның еңбегіне жақсы баға берген.
2001 жылы 78 жасында дүние салған Дәурен Әбіров өз өмірі туралы мемуарын жаза бастаған да, толық аяқтай алмай кеткен. Дегенмен атақты қазақ балетмейстері жөнінде жақында шыққан кітапта оның өз жазғандары да, ол туралы өзгелердің жазғандары да жинақталып беріліп, оның шығармашылығы кеңінен қамтылған.
Дәурен Әбіровтің туғанына 100 жыл толуына орай «Алматы» театрында өткен шарада тұсаукесер рәсімі өткен «Дәурен Әбіров − алғашқы қазақстандық балетмейстер» кітабында (Құрастырғандар − Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, өнертану кандидаты, профессор Тойған Оспанқызы Ізім, Кәмила Дәуренқызы Абирова, шығарған белгілі дәрігер-меценат Ғани Смаханұлы) С.Сексенбаева, С.Нурманова, К.Айткалиева, Г.Бейсенова, А.Алишева, Л.Кремер, Г.Саитова, А.Кульбекова, Т.Ізім, Е.Брусиловская, А.Жоранова секілді Дәурен Әбіровтің көзін көрген көптеген автордың естелік-мақалалары және қызы К.Абированың естелігі берілген. Сондай-ақ кітапқа Дәурен Әбіровтің өз жазғандары мен ол туралы баспасөздерде жарияланған материалдар, оның өмір жолы мен шығармашылығын қамтитын көптеген фотодерек, сурет енгізілген. Бұл кітап қазақтың тұңғыш балетмейстерінің өнері мен өмірін, еткен еңбегінің көркем де шынайы баяны. Демек, әбіровтану ғылымының іргетасы қаланды деген сөз.
Қазақтың атақты ақыны Ығылман Шөрековтің «Ел қамын жеген ерлердің сөз білген жанда хақы бар» дегеніндей, қазақ өнері үшін қашанда қадірлі тұлғаны кең түрде тану − болашақта қазақ өнерін биікке шығара берер өнерпаз ұрпақ үшін өрелі өнеге, өрісті үлгі болмақ. Өйткені ұлтының өнеріне өмірін арнаған азаматтардың рух берер ісі кейінгіге қашанда қадірлі.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ