Сирек кітаптар – тарихтың мөрі...
Осы арада көңіл түсіретін бір жайт бар. Реставрация және консервация бөлімінде 4 адам жұмыс істейді. Бәрі де білікті мамандар. Жұмыс көлемі жөнінде жоғарыда айттық. Денсаулыққа зиян келтіретіні тағы бар. Ал сол мамандардың алатын айлық жалақысы – 150-200 мың теңге шамасында. Салыстыру үшін айта кетейік, Түркияда осындай мамандардың жалақысы 1,5 мың доллардан басталады екен.
Елімізде «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің құрылғанына 6 жыл толды. Осы жылдар ішінде орталық қыруар жұмыс атқарып үлгерді. Соның бірі – әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құранын қалпына келтіруі. Бірақ ұлттық орталыққа әлі де мемлекет тарапынан лайықты көңіл бөлінбей отырған сияқты. Біз бұған орталықты аралап, жұмысымен танысқанда көз жеткіздік.
Түркі дәуірінен Қазақ хандығына дейін
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтың көрнекті ақыны Темірхан Медетбек «Көк түркілер сарыны» атты кітап жазды. Оны қазақ жатсынған жоқ, қайта кіндігі бабалардың рухына жалғанғандай дүр сілкінді. Өйткені өлең – оның өзі еді. Ұлттық орталықта VIII-IX ғасырда жазылған «Ырығ бітік» атты кітап тұр. Кітап руникалық графикамен, түркі тілінде жазылған. Бұл қолжазбаны 1907 жылы археолог А.Стейн Дүнхуаң деген жердегі (Қытайдағы Гансу ауданы) «1000 будда үңгірі» храм қызметкерінен басқа қолжазбалармен бірге сатып алып Британ музейіне (Лондон) тапсырған. Дат түркітанушысы Вильгельм Томсен көне жазудың астарына үңіліп, ғылыми талдау жасаған. 1951 жылы С.Малов транскрипциясымен орыс тіліне аударылыпты. Кейбір шығыстанушылар оны «Түс жору» кітабы десе, енді бірі «Болжам» кітабы дейді екен. Яғни, қаған жорыққа аттанарда кітапты ашып, сапарының сәтті не сәтсіз болатыны жайлы ақпар алып отырған.
Жалпы, орталық құрылған сәтінен бастап сирек кітаптарды жинау мәселесімен тыңғылықты айналысқан. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы, шығыстанушы Алмат Абсалықовтың айтуынша, мұндағы дүниелер Ортақ түркі жазба мұрасы, Қарахан мемлекеті, Алтын орда, Қазақ хандығы дәуіріндегі кітаптар болып төртке бөлінеді. Ортақ түрік мұрасына жататын «Ырығ бітік» туралы жоғарыда айттық. Ал Қарахан хандығы дәуірінде тасқа түскен «Оғыз-нама» кітабы, Махмұд Қашқаридың дәйектеуінше, көне түркі тілінде жазылған. Бұл – Оғыз хан туралы кітап. Оның қай ғасырда өмір сүргені белгісіз. Өкінішке қарай, кітаптың түпнұсқасы жоқ. XIII ғасырда тасқа түскен көшірмесі француздың ұлттық кітапханасында сақталған. «Қорқыт ата» да – Қарахан мемлекеті тұсындағы оқиғалар негізінде XV ғасырда араб графикасымен жазылған кітап. Екі түпнұсқасы бар. Бірі – Ватиканда, бірі – Дрезденде. Қорқыттың кесенесі Қызылорда аумағында екені мәлім. Кітаптағы оқиғалар да оғыздардың қазақ даласында өмір сүрген дәуірімен байланысты. Ыстанбұлдағы «Сүлеймание» кітапханасы ұлттық орталыққа сыйға тартқан Әбу Насыр Әл-Фарабидің араб графикасымен жазылып, «Музыкалық салаға кіріспе» және «Саяси очерк» немесе «Саяси күнделік» деп аударылатын қос кітабы, Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білігі», Махмұд Қашқаридың «Диуани Лұғат Ат-Түркі», Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», Ахмет Иасауидің «Диуани хикметі», Әли Хорезмидің «Жүсіп қиссасы» да – сол дәуірдің жауһарлары.
Алтын орда дәуірінде араб графикасымен түрік тілінде тасқа түскен, Гәнжәуи Низамидің атақты шығармасын өзгеше түрленткен Құтбтың «Құсырау-Шырыны» діни емес, зайырлы тақырыпта жазылған тұңғыш дүние. Айта кету керек, бұндай шығармалар Ресейде тек XVIII ғасырда ғана жазыла бастаған. Сәйф Сараидың «Гүлістаны» да араб графикасымен түрік тілінде жарық көрген. Алмат Амантайұлының айтуынша, Құтб пен Сәйф Сараи – қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы ақындар. Демек, қазақ ретінде біздің әдебиетіміздің іргетасы Алтын орда дәуірінде қаланыпты. Түркі тілінде тасқа түскен Рабғузидің «Қысасул Анбийясы», Алтын Орда дәуірінің мистикалық-дидактикалық поэмасы ретінде танылған Әбу Бәкір Қаландаридің «Қаландар-намасы», «Алтын Орданың әдеби тілі мен әдеби мәдениетін құруда да үлкен рөл атқарған» (А.Якубовский) Хорезмидің «Махаббатнамасы», мұсылман құқығының кейбір мәселелері, этика, ерте Исламның тарихи шежіресінен сыр шертетін Махмұд Кердеридің «Наһжи әл Фарадисі», Ғайса пайғамбар мен бас сүйектің әңгімесін оқырман назарына ұсынатын Хұсам Кәтибтің «Жұм-Жұма» сұлтаны», XIV ғасырдың басында Газан ханның бұйрығымен хатқа түскен Рашид Ад Дин Хамданидің «Жамиу Ат Тауарихы», XIII-XV ғасырлардағы Жошы ұрпақтары шежіресінің маңызды дереккөзі саналатын «Муиз әл Ансаб», XIII-XIV ғасырларда жазылған делінетін «Кесік бас» кітабы Алтын Орда дәуірі мен одан кейінгі кезеңдерде түркі әдебиетінің дәуірлеп тұрғанын айғақтайды.
Қасым ханның әйелі Айша Сұлтан ханымға (Бегім) арналған (кейбір деректерде Махмұд Шайбанидың әйелі Айшаға арналған делінеді, – ред.) «Қасым ханның әйелінің қолжазбасы», Ахмед Заки Валиди Тоғанның жеке кітапханасынан алынған Өтеміс-қажы ибн Мәулана Мұхаммед Дости Сұлтанның «Қара Тауарихы», авторы белгісіз «Тауарих-и Ғузида-и Нусрат-нама» (Таңдалған тарихи шежірелер мен жеңістер шежіресі) кітабы, Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Майқы би және басқа да тарихи тұлғалар туралы аңыздар жинақталған «Дафтар Шыңғыс нама» – «Ахвали Шыңғыс хан Уа Ақсақ Темір», шайбани әулетінен шыққан Хиуа ханы, тарихшы және қоғам қайраткері ретінде аты қалған Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі», белгісіз автордың «Шажаратул атрак» (түркілердің шежіресі) кітаптары, оқырман Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романынан жақсы білетін қазақ шежірешісі Қадырғали бек Жалайыридің 1602 жылы Борис Годуновқа сыйлық ретінде ұсынған «Жамиғу ат-тауарих» (Шежірелер жинағы) кітабы Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет!
Бұл кітаптардың бәрін ұлттық орталық «Архив – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлемнің түпкір-түпкіріндегі кітапханалардан алып отыр. Біреуін келіссөз арқылы, біреуін интернеттегі ашық көз деректерінен алған. Кейбіреулерін іргелі мемлекеттердің кітапханалары сыйға тартқан.
Ұлттық орталықтың байлығы тек кітап емес. Мұнда әр дәуірдің суреттері, таңбалары, тулары да бар. Мысалы, Алтын Орданың екі туы болыпты. Бірі – ақ, екіншісі – қара. Ақ туда Бату хан әулетінің таңбасы бейнеленген. Кейін мұсылман дінін қабылдаған кезден бастап айшық қосылыпты. Қара тудың ортасында ақ квадрат бар. Қазақ ордасының да екі Туы болған – ақ, қызыл. Ағын бейбіт заманда, қызылын соғыс кезінде көтерген. Абылай заманында жасыл туға ауысқан. Кенесары жасыл ту ұстапты.
Тағы бір назарыңды аударатын дүние – карталар. XI ғасырда Махмұд Қашқари құрастырған «Әлем картасында». Тараз, Шаш, Баласағұн, Испиджаб қалалары бар. 1367 жылғы «Ағайынды Пицигани» картасында Жошы ұлысына назар аударылып, Алтын Орданың 40-тан астам қаласы көрсетілген. Ал XVII ғасырда жазылған Ремезов картасында еліміз «Казачья орда» деп таңбаланыпты. Былтыр ұлттық орталық қызметкерлері Санкт-Петербургтегі «Русское географическое общество» орталығына іссапармен барғанда, картаның көшірмесін берген. Түпнұсқа өте көлемді, 3 метр екен. Алмат Амантайұлы мынадай бір қызық деректі еске алды. Картадағы «Казачья орда» деген тұста тесік бар екен. Орыс ғалымдарының дәйектеуінше, I Петр картаны қарап отырғанда Қазақ ордасын бағындыра алмағанына намыстанып, қолындағы таяғын (указка – ред) сілтеп қалған көрінеді. Тесік содан қалған. Мына әңгімені естігенде бабаларымыз-дың ешкімге бас ие қоймаған асқақ кезі есіңе түсіп, рухың көтеріледі екен.
Кенесарының Құраны қалпына келтірілді
Орталықтағы реставрация және консервация бөлімінде жұмыс қайнап жатыр. Бөлім басшысы Сырым Ботабековтің айтуынша, бұнда әкелінген көне қолжазбалар мен сирек кітаптарға әуелі дезинфекция және дезинсекция жасалады. Өйткені ескі кітапта міндетті түрде зиянды дүние болады. Әдетте, жарық көргеніне бірнеше жыл болған кітаптың өзін шаң басады ғой, ал бірнеше ғасырдан бері келе жатқан жәдігердің «бойында» не барын шамалай беріңіз. Ал ол орталықтағы басқа кітаптарға «жұғуы» мүмкін. Бұл – бір жағы. Екінші жағынан, «бойдағы кесел» кітаптың өзін де әрі қарай құрта береді. Соны тоқтату керек. Үшіншіден, реставратордың денсаулығына зиян келмеуге тиіс.
Көне кітаптардың мұқабасы табиғи былғарыдан жасалғаны мәлім. Ал онда құрт-құмырсқа, басқа да зиянды жәндіктер өріп жүреді. Сондықтан бөлімге келген кітап әуелі арнаулы жастыққа салынып, жастықтың ішіне арнаулы генератордың көмегімен азот енгізіледі. Солай 3-4 апта тұрады. 99,6 пайыз азот енгізілген, ауа жоқ жастық ішіндегі зиянкестердің, микробтардың бәрі өледі. Енді реставратор кітаптың әрбір бетін төменнен жоғары қарай «сыпыра» отырып, щеткамен тазалайды. Қажет болған жағдайда биоцидпен өңдейді.
Әрине, әр кітап әртүрлі жағдайда келеді. Сондықтан барлық кітапты бірдей қалпына келтіретін ортақ реставрациялық тәсіл жоқ. Кейбір кітаптың жағдайы мүлде нашар болады. Үлбіреп тұрған дүниені қалпына келтіру дегеніңіз оңай жұмыс емес. Бұл жерде қамырдан қыл суырғандай ептілік, темірдей төзім керек. Өйткені кейде кітапты сөгіп, әр парақпен жеке жұмыс істейсіз. Мұндайда шатасып кетпеу үшін кітаптың әр беті нөмірленеді. Шыққанына бірнеше ғасыр болған жәдігердің «бойындағы» қышқыл міндетті түрде артады. Ол оқырманға зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан бөлім қызметкерлері арнаулы құрылғының көмегімен қышқылдың мөлшерін анықтап, оны бейтараптандыру үшін сілтілі сұйықтықпен жуады. Иә, жуады! Сілтілі сұйықтықты арнаулы құрылғының көмегімен өздері әзірлейді. Баспадан шыққан кітап болмаса, қолжазба жууға келмейді. Бұны да ескеру керек. Ондай жағдайда арнайы спрейлер қолданылады.
Міне, кітаптың әрбір парағы жуылып әзірленді, енді оны қайта құрастыру керек. Әрбір парақ астынан күшті жарық түсіріліп тұратын арнаулы үстел-құрылғының үстіне қойылады. Реставратор осы жерде тағы да мұқият қарауға тиіс. Әуелі әр парақтың нөмірін ауыстырып алмауы керек. Сосын өзі әбден үлбіреп тұрған беттің тағы бірнеше миллиметрі жоғарыдағы процестің бірінде желініп қалуы әбден мүмкін. Солай екен деп бір беттің екінші беттен қысқа болуына жол беруге әсте болмайды. Мұндайда Жапониядан арнайы алдырылған қағаз «көмекке келеді». Бір парақ пен екінші парақтың кем-кетігін толтырып, бір-біріне «жалғап жіберетін» жапон қағазы кітаптың түсіне байланысты өзгертіліп отырады. Айтпақшы, бұлар қолданатын желім де бөлек. Қажетіне қарай, ұннан, крахмалдан жасалады.
Осылайша, әрбір парақ кептірілгеннен кейін, кітап қайта тігіледі. Желім Алманиядан, кітап түптейтін тері мен форзац қағаздары Италиядан, қылқаламдар Франциядан, тіпті картонның өзі Голландиядан алынатындықтан, реставрациядан шыққан кітаптың жаңа кітаптан айырмашылығы болмайды. Тапсырыс берушінің көңілінен шығады.
Бүгінде бөлім 50-ден астам кітапты толық қалпына келтірген. Атақты Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы да осында қалпына келтірілді.
Ұлттық орталықта кітапты реставрация жасаудың тиімділігі неде?
Біріншіден, сапасы өте жоғары, ешбір елдегіден кем емес. Екіншіден, анағұрлым арзанға түседі. Мысалы, сіз Ресейге немесе Иранға апаратын болсаңыз, ондағы кітапты қалпына келтіру құны біздегіден бірнеше есе қымбат. Оған жолпұлын қосыңыз. Әрі мемлекетаралық келісім жасағанда, баға тіпті шығандап кетуі мүмкін. Үшіншіден, әр көне кітап – құнды жәдігер. Көшірмесі жоқ дүние. Барып-келіп жүргенде жоғалтып не ұрлатып алсаңыз, орны толмас өкініш болады. Ұлттық орталықта жеке тапсырыспен реставрация жасау қызметі бар, кітаптың көлеміне қарай, шамамен 400-500 мың теңгеге шығады.
«Өкінішке қарай, реставрация мамандарының саны аз болғандықтан көп кітаптарды қабылдай алмаймыз. Жақында Egemen Qazaqstan газетінен Мәшһүр Жүсіптің кітабы туралы мақала оқыдым. Өкінішке қарай, кітап өте нашар күйде. Әттең, бізге әкелсе ғой. Бабамыздың кітабы жайнап сала берер еді», – дейді Сырым.
Бөлімдегі зертхана АҚШ, Ұлыбритания, Корея, Италия, Жапония, Алмания сияқты мемлекеттерде шығарылған озық технологиямен жабдықталған. Зертханада микроскоп бар. Ноутбукке жалғанады. Кейде көзің жетпей тұрған дүние туралы әлемнің кез келген түпкіріндегі ғалыммен онлайн байланысып, анықтап алуға немесе бір жиынға қатысып, ғалымдардың талқысына салуға мүмкіндік бар.
Қалай дегенде де қағаз кітапты сақтау оңай емес. Электронды түрде сақтаудың да өз проблемасы бар. Аяқ астынан вирус түссе, айырылып қалу қаупі бар. Қазір ғылым дамыды. Өркениетті елдер микрофишада сақтауға кірісіпті. Микрофишаңыз – бір қарағанда, кәдуілгі пленка. Бір микрофишаға 108 бет сияды. Арнаулы сейфте 500 жыл сақтауға болады екен. Ұлттық орталық қазір осындай игілікке ие.
Осы арада көңіл түсіретін бір жайт бар. Реставрация және консервация бөлімінде 4 адам жұмыс істейді. Бәрі де білікті мамандар. Жұмыс көлемі жөнінде жоғарыда айттық. Денсаулыққа зиян келтіретіні тағы бар. Ал сол мамандардың алатын айлық жалақысы – 150-200 мың теңге шамасында. Салыстыру үшін айта кетейік, Түркияда осындай мамандардың жалақысы 1,5 мың доллардан басталады екен.
Жалпы Қазақстанда жазба мұралармен жұмыс істейтін 30-ға жуық кәсіби реставратор-маман бар. Олар өз бетімен үйреніп, шетелде қысқамерзімді курстарда оқып келді. Реставратор мамандардың деңгейін көтеру үшін 2022 жылдан бастап орталықта арнайы 5 күндік оқыту курсы ашылған. Өкініштісі сол, елімізде маман даярлайтын оқу орны жоқ. Ал арнаулы мамансыз зертхана ашу – қауіпті. Ал енді бір жерде зертхана құрылды делік. Маман жоқ, біреу отыр. Оған «жанашыр біреулер» өте қымбат тұратын, бірақ сол зертханаға түк қажеті жоқ дүниені «тығып» жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан да маман даярлау мәселесін шұғыл қолға алу керек.
Мемлекеттің көмегі қажет!
«Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Жандос Болдықовтың айтуынша, 2017 жылы Үкімет қаулысымен құрылғалы бері орталық қыруар шаруа атқарған. Қазір мұнда 9 мың қор бар. Оның ішінде сирек кітап қорының үлесі – 2 мың. Қазақстан әлі де сирек кітаптар жеке қолда қалып отыр. Оларды сатып алу мәселесі шешілмеген. Дамыған мемлекеттерді былай қойғанда, іргедегі Өзбекстан бұл мәселені әлдеқашан реттеп алыпты. Президент жарлығымен бірнеше орталық ашылған. Оларға сирек кітаптар мен көне қолжазбаларды сатып алуға қыруар қаржы бөлінген. Мысалы, бір құнды кітапты сатып алуға 20 мың долларға дейін бере алады. Ал бізде сатып алуға қаражат қарастырылмаған. Орталыққа көне кітапты құшақтап келетіндер көп. Бірақ ешкім атасынан қалған мұраны тегін өткізгісі келмейді. Қазір делдалдар арқылы құнды кітаптардың сыртқа кетіп жатқаны туралы деректер бар. Оның арасында өте құнды дүниелердің болуы әбден мүмкін. Сондықтан ақшасын төлей отырып, елімізде қолдағы сирек кітаптар мен көне қолжазбаларды жинап алу керек. Әлемде бұндай тәжірибе бар. Мысалы, Ресей арнайы экспедиция ұйымдастырып, ауыл-ауылды аралап, кітап жинады.
Осы бағытта халықаралық тәжірибені зерттей отырып, әсіресе, Түркия, Өзбекстан және Татарстан елдерінің көне қолжазба қорларын қалыптастыру үрдісін қолдануға болады. Аталған елдер өзінің мәдени мұрасын, оның ішінде жазба мұраларына айырықша көңіл аударады.
Жандос Болдықовтың пайымынша, еліміздегі кітапханалар, мұражайлар, архивтер мен жоғары оқу орындарында сирек кітаптар мен құнды қолжазбалардың барлығын бір орталыққа жинап, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, сандық форматқа ауыстырып, ғылыми айналымға енгізу қажет. Өйткені бұндай дүниелер арнаулы жерде сақталуы керек. Кітаптардың күтіміне баса назар аударылуға тиіс. Белгілі бір температура болуы керек т.б. Сондықтан да қолжазбалар мен сирек кітаптарға арналған жеке ғимарат салынуы қажет. Қазір орталықта 23 маман істейді. Барлық кітап бір орталыққа жинақталса, әрине, штат саны әлдеқайда көбеюі керек. Сосын жинақталған дүниені өзімізде реставрациялау қажет. Оған қазір орталықта барлық мүмкіндік бар!
Біздің тарихымыз – кітапта. Әйгілі Отырар кітапханасы арқылы даңқы күллі әлемге тараған қазаққа тағы бір сондай мүмкіндік туып тұр. Ол үшін дүниенің түпкір-түпкіріндегі, өз еліміздегі қазаққа қатысты дүниелердің бәрін жинап алып, дүние жүзіне жарқырата ұсына білуіміз керек. Ол үшін мемлекеттің ықыласы қажет. «Азаулының Стамбулдан несі кем?» дегендей Астанадағы бір кітапхана әйгілі «Сүлеймание» кітапханасымен иық тірестіріп жатса, несі бар? Ол да бір күнде құрылған жоқ қой...