Динара ӘБІЛДА: Қазақ туысына сеніп той жасайды

Біз тойды көп сынаймыз, бірақ құда­лық­ты дәріптей бермейміз. Құда­лық­тағы салт-дәстүрлер, жоралғыларды неге жар­намаламасқа? Әр аймақта құдалық әр­түрлі өтеді. Маған қазақтың құдалығы қатты ұнайды. Құдалық – кішігірім салт-жора­л­ғылар арқылы адамдарды біріктіретін, бір-бі­ріне таныстыратын символдық маңызы жо­ғары рәсім.

Динара ӘБІЛДА: Қазақ туысына сеніп той жасайды
Динара ӘБІЛДА, мәдениеттанушы, антрополог
1613

Бүгінде қазақта не көп той көп. Той жа­са­маған және тойға бармаған қазақ жоқ шығар, сірә. Баланың шыр етіп дүниеге келген сә­ті­нен бастап, қырқынан шығару, тұсаукесер, ті­­­лашар, үйлену той, ары қарайғы мерей­той­лар өміріміздің маңызды бөлігіне айналғалы қа­шан. Бұрын тек сенбі, жексенбі күні кешке жиын-тойға баратын қазақ бүгінде аптаның әр күнінде, тіпті тал түсте тойға барады. Бірі­нен-бірі асып түсетін салтанат сарайлары, құс­­тың сүтінен басқаның бәрі табылатын ас­та-төк дастарқан, сан түрлі мерекелік шоу-бағ­дарламалардың бәрі – тойда. Тікұшақпен шашу шашатын, биіктігі бірнеше метр тұра­тын тортты шетелден тапсырыс беріп ал­дыр­татын да – біз. Мейрамханаға лимузин кіргізіп, ән­ші, биші, күйші, оператор, мобилограф, фо­­тографтардың да қалтасын қампайтатын өзіміз. Өйткені соңғы жылдары қазақтың тойы мәнсіз жиынға, бәсекеге айналды деген пі­кірлер жиі естіліп, той индустриясын жүйе­леу керек деген ұсыныстар айтылып жүр. Осы ретте қазақтың үйлену тойы бойынша док­торлық диссертациясын Швейцарияның Цю­рих университетінде қорғап келген антро­по­лог, мәдениеттанушы Динара Әбділдамен әң­гі­мелескен едік.

– Қазақтың той мәдениеті туралы зерт­теуіңізге не себеп болды? 

– Менің ғылыми жетекшім Орталық Азия бойынша зерттеулерге қызығатын. Ал мен оның көмекшісі болып қызмет атқардым. Ел­ге келген сайын тойдың халық өмірінде өте маңызды рөл атқаратынын және жиі тал­қыланатынын түсіндім. Қазақта той көп бол­ғандықтан, тақырыптан ауа жайылмас үшін үйлену тойын ғана зерттеуді жөн көр­дім. Өйткені бір жыл ішінде қазақтың барлық тойын зерттеп шығу мүмкін емес. Оның үс­тіне үйлену тойының өзі – құдалық, қыз ұзату сын­ды бірнеше кезеңнен тұратын про­цесс. Өзі­ме тойдың маңызын, әлеуметтік нор­ма­лары мен өзгеру себебін зерттеу қы­зықты бол­ды. 
Негізі той дегеніміз – салт-дәстүр жиын­­­­­­тығы, халықтың қазынасы. Ғы­­лыми тілмен айтсақ, той – жаңа туыстық қа­­рым-қатынас орнататын бейресми инс­ти­тут. Адамдар әдетте әрбір маңызды уақыт бө­лігіндегі бір рөлден екінші рөлге ауысатын ке­зеңді тойлайды. Ол той немесе жоралғы болуы мүмкін. Әркезде әрқалай атайды. Мә­се­лен, көп адам шақырса, той болады деген­дей. Заманына қарай, тойдың форматы да өз­герді. Қазіргі форматтағы тойлар нарықтың та­лаптарына сай пайда болды. Олар бір жа­ғы­нан үлкен жиын-той болса, екінші жағы­нан халық өміріндегі маңызды бір іс-шара. Мы­салы, қыз ұзатуды алсақ. Бойжеткеннің тұр­мысқа шығуы, басқа отбасына келін бо­лып түсуі – қыздың статусын салт-дәстүрге сай заңдастыру. Бұл процесс қоғамның келі­сі­мімен, көпшілікті мақұлдауымен өтеді. 

– Зерттеуді туыс-таныстарыңыздың то­йында жүргіздіңіз бе, әлде шақырыл­ма­ған құтты қонақ болып бара бердіңіз бе? 

– Антропологияда зерттеудің этикасы бойынша той иесінен рұқсат сұрауымыз ке­рек. Жиынға қатысуға, суретке түсіруге, қо­нақ­тардан интервью алуға, айтылған тілектер мен сөздерді жазып алуға рұқсат сұраймыз. Бірақ диссертация жазу барысында интер­вьюерлердің аттары өзгертіледі. 

– Бүгінгі тойға сын көп. «Адам көп ша­­қы­рылады», «Той уақытылы бастал­май­ды», «Той кредитке жасалады», «2-3 аса­ба басқаратын тойлар – дарақылық», «Қа­зіргі той бәсекелестіктің құралы» де­ген көңілтолмаушылықтар жиі ай­ты­ла­ды. Жастардың ұятсыз билері мен қы­лықтары да әлеуметтік желіде жиі тал­қы­ланады. Асабалардың әзілдері де тым шек­тен шығып жатады. Осы ретте за­ма­науи қазақтың тойы қалай өтуі керек деп ойлайсыз?

– Ғалым ретінде қазақтың тойы былай өтуі керек деп айта алмаймыз. Біздің мақ­са­ты­мыз – тойдың неге солай өткенін түсін­ді­ріп беру және оған адамдардың өздері қалай қарайтынын анықтау. Сондай-ақ адамдардың әрекеттері қандай екенін сипаттап, анализ жасаймыз. 

– Жақсы, онда сіз қазақтың тойында қай­таланатын бір дәстүрді сипаттап бе­ріңізші. 

– Біздің елімізде «жаңа дәстүрді» бай-бағ­лан­дар қалыптастырады. Мәселен, үйлену тойын­да мейрамханаға автокөлік айдап кіру не­месе сүндет тойға тойханаға атпен кіруді алайық. Бұл «дәстүр» – еліктеуден туған қай­та­лау. Бұған халықтың экономикалық жағ­дайы­ның жақсаруы әсер етті. Ауқаттылар өз­дері ерекше деп тапқан «дәстүрді» тойға ен­гізсе, қарапайым халық оны іле-шала қай­та­лайды, соңында бәрі мұны бұрыннан бар дәстүр деп ойлайды. 
Кей жағдайда адамдар «Мына той мінсіз өтті» деп ойлайды, алайда шын мәнінде қа­­лай өткенін біз бақылау арқылы көріп оты­ра­мыз. Өйткені біз 1 тойға қатысып, ой түйіп, са­раптамаймыз. Зерттеу жасау үшін 15-20 тойға қатысамыз. Осылайша, бір жылға со­зыл­ған құбылыс, қайталанған іс-әрекеттер жиын­тығы тойдағы белгілі бір шаблондарды, үлгілерді көрсетеді. 
Тойдың қалай өтетініне сыртқы фак­тор­лар, оның ішінде саясат, экономика да әсер етеді. Біреу үшін кредитке той жасау қалыпты бол­са, екінші адамға қолындағы бар ақша­сы­на той жасай салу қиын емес. Той қалталы жан­дарға шығын емес, керісінше пайда, та­быс алып келіп жатады. 

– Тойда асабалардың ұятсыз әзілін тың­даған үлкендер көзімен жер шұқып ұялып жа­тады. Ал жастар тойда барынша көңіл кө­­тер­гісі келеді. Қоғамда «Үлкен­дер­ді мей­рам­­ханада өтетін тойға шақыр­мау керек, жас­тар тойы бөлек өтсін» дей­тіндер де бар. Осы орайда тек жас­тар­дың өздері тойлаған той­ға қатыс­тыңыз ба деп сұрағым келіп отыр. Ондай той несімен ерекшеленеді екен? 

– Менің зерттеу аймағым Алматы облысы бол­ды. Аталған 1 жыл ішінде мен қатысқан той­лардың ішінде жастар өздері жеке той­ла­ған жиын-той болмады. Той жасамаймыз де­ген бір жұп болды. Жастар екі жақ көмек­те­сіп, үй сатып алсақ деп ойлады. Бірақ қыз жа­ғы мен жігіт жағы келісіп, бір шешімге келе ал­мады. Соңында жігіт жақ той жасаймыз деп шық­ты, қыз жақ та қалыспай ұзату жасады. Ақы­рында жастардың үй алсақ деген арманы аяқ асты қалды. Өйткені қоғамның бірін-бірі бақылауы, «Неге той жасамадыңдар?» деген жай сөзбен болсын айтуы, бұл үлкен қысым. Мұн­дай сөздер ата-анаға қатты әсер етеді. Со­сын амалсыз, қарызданып-қауғаланып, ты­­­­раш­­танып, елден қалмау үшін той жа­сайды. 
Ал жастардың бөлек тойы көбіне қалалы жерде, туыстары азырақ отбасыларда болады. Сонымен қатар кейбір дінді қатты ұстанатын отбасылар да той жасамайды. 
Біз тойды көп сынаймыз, бірақ құда­лық­ты дәріптей бермейміз. Құда­лық­тағы салт-дәстүрлер, жоралғыларды неге жар­намаламасқа? Әр аймақта құдалық әр­түрлі өтеді. Маған қазақтың құдалығы қатты ұнайды. Құдалық – кішігірім салт-жора­л­ғылар арқылы адамдарды біріктіретін, бір-бі­ріне таныстыратын символдық маңызы жо­ғары рәсім. Ауызекі айтылатын, ел есінен ұмыт болған небір әндер құдалықта жанды дауыста шырқалады. 
Басқа елдерде екі жастың бірге өмір сүре­міз деп шешім қабылдап, үйден бөлек шығуы үйлену болып саналады. Ортақ балалары бар, бірақ некесін заңдастырмаған отбасылар да кей мемлекет үшін үйленудің бір формасы. Алайда бізде құдалық екі жастың үйленгенін нақтылайтын, бекітетін салт-дәстүр. Байыр­ғы қазақ салт-дәстүрінде құдалықтың мұра­ты біреу ғана болған – ұлды үйлендіріп, келін тү­сіру және қызды күйеуге беріп, құтты ор­ны­на қондыру. 

– Зерттеу барысында Орталық Азия ел­дерінен басқа қазақтың тойы қай ел­дің тойына ұқсайтынын байқадыңыз? 

– Әлем халықтарының той тақырыбын зерт­теген ғалымдар өз арамызда біршама ұқ­састық байқадық. Менің жетекшім Аф­риканың тойларын зерттеген болатын. Сол жақ­тың дәстүрлері бізге ұқсас екен. Мысалы, сырға салу, тойда сақина, сағат сыйлау, тойға арнап сиыр сою секілді дәстүрлер ұқсастығын біл­дік. Ал біздің қыз ұзату, беташар секілді дәс­түрлерге олар таңғалды. 
Шетелдіктерді тойдағы дәстүр ғана емес, адам­дардың той жасаудағы мотивтері қы­зық­тырады. «Қазіргі той ысырап» деп біржақ­ты қарауға болмайды. Шын мәнінде әр той­дың өз стратегиясы бар. Адамдар біраз ақша тауып, қымбат сыйлықтарға ие болу үшін де той жасайды. Қалыңмалға не берілетіні, жа­сауға қандай дүние қосатыны да шетелдік­тер­ге қызық болды. Өйткені мұның бәрі ком­муникация. 

– Сіздің бакалавр және магистратура бойынша мамандығыңыз мәдениет­тану­шы екен. Қазіргі қазақтың той мә­де­ниеті қандай? Дұрыс қалыптасып жа­тыр ма? Той саласы жүйелеуді, ретке кел­тіру­ді қажет ете ме? 

– Антрополог болсын, мәдениеттанушы бол­сын, сыртқы күш той мәдениетін ешқа­шан реттей алмайды. Бұл өзін-өзі реттейтін жүйе. Ол үшін алдымен саясатты, экономи­ка­ны реттеуіміз керек. Ал басқа дәстүрлер за­манына ілесіп, қажетіне сай өзгеріп оты­ра­ды. Бұл қатып қалған нәрсе емес. 

 – Жеке басыңызға қатысты сұрағым ке­ліп отыр, өздеріңіз той жасадыңыздар ма? 

– Зерттеу барысында адамдардың тойды не­ге жасайтынын, кім шешім қабылдайтынын білгендіктен той жасаған жоқпын. Әрине, үл­кендерді көндіру оңай болған жоқ. Өйткені тойды қаржыландыратын ата-ана болған­дық­тан, шешімді де солар қабылдайды. Әдет­­­те, ерте үйленген жастардың өз тойын жа­сау­ға қаржысы болмайды, той жасау туралы ше­шім қабылдай алмайды. Әке-шешесі жа­сай­мын десе, жастар қарсы тұра алмайды. Үлкен­дердің сөзін аттап кетпейді. Біз күйеуім екеу­міз бірлесіп шешім қабылдадық. Ата-ана­мызға нақты қадамдарды түсіндірдік. Қа­лыңмал берілмейді, жасау жасалмайды деп анық­тап алдық. Ешқандай жоралғы жасама­дық, екі жақты кездестіріп, отбасымызбен атап өттік. 

– Бұл шешіміңізге уақыт өте келе өкін­ген жоқсыз ба? 

– Жоқ, тойдың не үшін жасалатынын біл­гендіктен өкініш сезімі болмады. Негізі, өзім жас қыздар үшін той жасалуы керек деп ой­лаймын. Өйткені той – қоғам алдында қыз­ды қорғаудың бір түрі. Қызыңызға елдің ал­дында сырға салынып, ұзатасыз. Өйткені бү­гінде құдалық жасағанмен, некесін заң­дас­тырғысы келмейтіндер де табылады. Ол жұп ажырасқан жағдайда, алимент кезінде олар­дың некеде болған-болмағанын ешкім дәлел­дей алмай қалады. Сондықтан той жасау әлі аяғына нық тұрмаған қызды және болашақ ба­ланы заңмен қорғауға мүмкіндік береді. 

– Той жасаудың түбінде халықтың елік­теушілігінен бөлек қаржылық сауа­тының төмендігі жатыр деп айта аламыз ба? 

– Еуропа елдері өз жиған-тергенін басқа жол­мен «шашады». Олар аста-төк дастарқан жайып, той жасамайды, бірақ жиған ақшасын бренд киімге, автокөлікке, саяхатқа, әшекейге жұмсайды. Тарихқа қарасақ, олар да әртүрлі ке­зеңдерден өтті. Тіпті, қазірдің өзінде олар жап­пай тұтынуға қызығады. Мысалы, жаңа iPhone шықса, еуропалықтар бірден сатып алады. Өйткені олардың жалақылары соған мүм­кіндік береді. Бізде керісінше жағдай, жаңа iPhone-ды алдағы жылдарда әлі қолы­мызға алмаған жалақымыздан кредит арқы­лы төлеуге аламыз. 
Той жасайтын адам бәрін алдын-ала есеп­тейді. Бірақ қауіп-қатерге мән бермей, қо­лында бар ақшасының мейрамхана шығы­нын жабатынына көзі жетпей жатып қорық­пай той жасайтындар да бар. Олар туыстар мен өзге де қонақтардың тойға әкелетін сый-сияпаты мен ақшасына үміт артады. Яғни, қазақ туысына сеніп той жасайды. Алай­да нарықтық экономикада барлық туыстың экономикалық статусы бірдей емес, олар тойға бірдей үлес қоса алмайды. Оны біз сырттай зерттеуші ретінде түсінеміз, бірақ халық өздерінің арасында оны түсінбей қалуы мүмкін. Адамдар «Мен көп көмектестім, ма­ған да қайтымы болады» деп ойлайды. Бірақ көбінесе мұндай есептер дұрыс болмай шығады. Бұл да қазіргі туыстық қарым-қа­ты­насқа сызат түсіріп отырғанын жоққа шы­ғара алмаймыз. Одан бөлек, әр отбасы бір апта­да бірнеше тойға баруы мүмкін. Бұл шы­ғын қалтаға салмақ. Нарықтық экономика әр тойға көп сомада сый жасауға мүмкіндік бер­мей отырғанын халық түсініп отыр. Алай­да қоғам бұл кезеңнен де өтуі тиіс. Оны тү­сіну үшін әлі біраз жыл керек. 

– Той кикілжіңсіз, төбелессіз өт­пей­ді. Бұл мәселені шешудің жолдарын зерт­теуіңізге қостыңыз ба?

– Тойдағы кикілжіңдер – келіссөз жүр­гі­зу­дің бір түрі. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, мұндай келіссөздер көбіне той­дан бұрын жүреді. Кикілжіңдердің бір­не­ше себебі бар. Біріншісі – кім қандай үлес қо­сады, қалай көмек береді, екінші – шақы­рыл­ған қонақтар мен туыстарға сыйлықтар­дың дұрыс үлестірілмеуі. Яғни, сый-сияпат пен құрмет көрсетпеуден де жанжал шығып жа­тады. Тойға келген халық өзінің статусын дұрыстап көрсетуін талап етеді. «Төрге отыруым керек», «Маған шапан жабылуы ке­рек» деген сынды көкейдегі ойы орын­дал­ма­са, көңілі толмай, қоңылтақсып жүреді. Туыс­тардан бөлек, достар арасында да ки­кіл­жің болып жатады. Оларды дұрыс шешу – тойдың жақсы өтуіне тікелей әсер етері анық.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан 
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ 

Серіктес жаңалықтары