Алматы облысында 381 адам жеке кәсібін ашты

Олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысып отыр.

Алматы облысында 381 адам жеке кәсібін ашты

Өңірде «Ауыл аманаты» жобасы аясында 380-нен аса шағын несие берілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев мәлімдеді.

«Бас-аяғы 1337 өтінім келіп түсті. Оның жалпы сомасы 9,4 млрд теңгені құрайды. Бүгінде 381 адам 2,7 млрд теңге сомасына шағын несие алды. Ең көп өтінім Еңбекшіқазақ, Ұйғыр және Балқаш аудандарының тұрғындарынан келіп түсті», – деді Қуат Байғоджаев.

Олардың басым бөлігі мал шараушылығымен айналысып отыр. Жалпақ жұрттың жағдайын көтеруге бағытталған жобаға қатысуға тілек білдіргендер аз болған жоқ. Соның бірі -  Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Билал Ахметов.

«Металл прокатын ұйымдастыру бойынша бизнес-жоспарды қорғап, 2,5 пайызбен шағын несие алдым. Керек жабдықтарды сатып алып, өз үйімнің ауласында шифер шығаратын цех салдым. Өндіріс технологиясы өте қарапайым, желіге металл парақты салады да, ол механизм арқылы өтеді. Шығу кезінде дайын металдан шифер алынады. Қазір мен жақын маңдағы 8 ауылды металл шифермен қамтамасыз етемін», – дейді Билал Ахметов.

Оның айтуынша, өнімді үйлердің шатырын немесе сол сарайларды, мал қораларын қаптау үшін қолданылады.

«Бұрын адамдар қытай тауарларын сатып алатын. Енді ауданда менің отандық тауарларым пайда болды. Сапасы жағынан басқа шиферлардан кем түспейді, бірақ бағасы екі есе арзан. Импортталған тауардың метрі 4 мың теңге, ал менікі – 2 мың теңге. Жалпы, оларды жақсы сатып алып жатыр. Енді бұл менің негізгі жұмысым», – дейді ол.

Айта кетейік, азаматтардан түскен өтінімдердегі жалпы қаражат сомасының облысқа берілген қаражаттан асып кетуіне байланысты күні бүгін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау тоқтатылды.