«Әкем ғашық болды»: Сейфуллин Жолбарыс алғаш рет екінші жары туралы айтты
Әнші ата-анасына қарайтын адам керек болғанын айтты.
Әнші, композитор Сейфуллин Жолбарыс екінші жары туралы «Менің өмірім» бағдарламасында айтты, деп хабарлады turkystan.kz smartnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Өнер иесінің бірінші жары ата-анасына ұнамаған көрінеді.
«Менен бұрын менің әкем ғашық болды. Қатямен танысқан кезімде бірінші әке-шешеме көрсеттім. Өтірік айтпаймын, әкем Катяны көрген кезде бірден құлады. Әкем «сенің әйелің осы, саған пысық әйел керек» деді. Шынымды айтсам, бірінші әйелім ата-анама басынан ұнаған жоқ. Ал, Катя оларға бірден ұнады. Кейде «әкем өзі ғашық саған» деп әзілдеймін. Әкем екінші келініне батасын беріп, 92 жасқа келіп қайтты. Оның ұзақ өмір сүруінің себебі, мүмкін келінінің жақсы қарағанынан да шығар деп ойлаймын. Анам 94 жасқа келді, оған да келіні жақсы қарап отыр», – дейді композитор.
Әншінің айтуынша, бірінші әйелімен ажырасуына Катяның еш қатысы жоқ екен. Ондай өсекке сене беруге болмайтынын айтты.
«Бірінші жеңгелеріңмен ажырасудың себебі басқа. Жылдар бойы жіпке тізілген себеп. Екінші рет үйленгенде тұрған ешнәрсе жоқ, мысалы, менің анам әкемнің төртінші әйелі. Сонымен қатар, ата-анама қарайтын адам керек болды. Олар екеуі ғана тұрды, сондықтан Алматыға көшіріп алып келдім. Оларға күтуші алып қоймаймын ғой, ақшаға жұмыс істейтін адам дұрыс қарамайды, үйді жинап, тамағын істеп кетеді. Жаны ашымайды. Оны алған себебім де осы, ата-анама қарайтын адам керек болды. Осындай жағдайға көнетін жар іздедім, Катя көнді, сол үшін оған алғысымды білдіремін. Әкемнің көп жасағаны, анамның қазіргі жағдайы – Катяның арқасы. Мен үшін ата-анамның көңілі бәрінен биік болды, олардың өмірден риза болып кеткенін қаладым. Ата-ананың ризалығын алмай, басқа істеген ісің мен дұғаң, тіпті, қажылыққа бес рет барып келсең де ол қабыл болмайды», – деп түсіндірді әнші.