Атажұрттан жеткен ән шашу: «Отандастар қоры» Ташкент төрінде концерт ұйымдастырды

Бұл – «Отандастар қорының» шеттегі қазақтар үшін биыл ұйымдастырған 8-концерті.

Атажұрттан жеткен ән шашу: «Отандастар қоры» Ташкент төрінде концерт ұйымдастырды

Кеше Өзбекстан астанасы - Ташкент төрінде «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті. «Туркистон» өнер сарайындағы концерттік шарада жастар сүйіп тыңдайтын қазақстандық эстрада жұлдыздары мен жергілікті әншілер өнер көрсетті. 

Концерттің басты мақсаты – ағайынды екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту, қандастарымызға, соның ішінде жас буын өкілдеріне ұлттық руханиятты дәріптеу.

Концерт шымылдығын Өзбекстан Республикасындағы «Қазақ ұлттық мәдениет орталығының» төрағасы Үсенов Серікбай мырза ашып, іс-шараны ұйымдастырып отырған «Отандастар қорына» шексіз алғысын білдірді. Қазақстан Үкіметінің «Отандастар қоры» арқылы шеттегі қазаққа көрсетіп отырған жан-жақты қолдауы үшін шынайы ризашылықтарын білдіріп, жастарға арналған түрлі білім және мәдени жобаларды көптеп қолға алуды сұрады. Сөз соңында, іс-шараның сәтті өтуіне тілектестік білдіріп, жастарға ақ батасын берді. 

Кеш қонақтары Мархаба Сәби мен Yenlik ерекше репертуарымен көрермендерді таңғалдырса, бірнеше халықаралық байқаудың жүлдегері Madistation мен Мұса Марат талантымен талайды тамсандырды. Сонымен қатар, 300-ден аса композицияның авторлары, ағайынды Ғаламат пен Нұрәли Бейсеқожа кеш қонақтарының ыстық ықыласына бөленді.

«Құлақтан кіріп, бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй» демекші, концерттің жабылу салтанатында жиналған көрермен «Атамекен» әнін қосыла шырқады. Қазақ әндеріне сусаған халық көзіне жас алып, шеттегі қандастарды іздеп, арнайы келген қонақтарға алғысын айтып, қимастықпен қоштасты. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан жалауларын қатар ұстап, екі елдің достығы мәңгілік болуына тілек білдірді. 

Еске сала кетейік, бұл – «Отандастар қорының» шеттегі қазақтар үшін биыл ұйымдастырған 8-концерті. Бұдан бұрын Германияның Кельн қаласы, Моңғолияның Баян-өлгей, Қобда және Ресей Федерациясында Мәскеу, Қосағаш, Барнауыл секілді бірнеше қалада концерттер ұйымдастырылған болатын.