Желтоқсан айына арналған ауа райы болжамы жарияланды
Синоптиктердің болжамынша, биыл Қазақстанда қыс біртіндеп өз құзырына енеді.
Қазгидромет желтоқсан айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлады turkystan.kz.
Синоптиктердің болжамынша, биыл Қазақстанда қыс біртіндеп өз құзырына енеді.
Желтоқсанның таяу күндерінде және бір айдың ішінде республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Солтүстік жартысында қар, кейде боран соғады, оңтүстік өңірлерде жауын-шашын жауады (жаңбыр, қар). Республика бойынша тұман, көктайғақ болып, жел 15-28 м/с дейін күшейеді. Желтоқсанның бірінші онкүндігінің екінші жартысында арктикалық суық ауа массаларының ығысуымен бүкіл елде ауа температурасы айтарлықтай төмендейді:
елдің батысында түнде -10-20°C дейін, күндіз -3-13°C дейін;
солтүстікте, солтүстік-батыста, шығыста және орталықта түнде -20-30°C дейін, күндіз -10-20°C дейін;
республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -10-20°С дейін, күндіз -2-10°С дейін.
Желтоқсанның екінші және үшінші онкүндіктерінде циклондардың әсерінен қарқынды жылу толқындары күтіледі:
Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы түнде -5-10°С дейін, күндіз 0,-5°С дейін жоғарылайды;
Қазақстанның оңтүстік жартысында түнде -3+3°С дейін, күндіз +5+13°С дейін.
Алайда, жекелеген күндері солтүстік-батыстан енетін суық антициклондардың әсерінен температураның төмендеуі болжанады:
Қазақстанның солтүстік жартысында түнде -20-30°С дейін, күндіз -8-15°С дейін;
Қазақстанның оңтүстік жартысында түнде -10-17°С дейін, күндіз -3-10°С дейін.
Жалпы болжам бойынша желтоқсан айында ел аумағындағы ауаның орташа температурасы нормадан 1-2°жоғары болады.
Желтоқсанда жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, республиканың солтүстігінде нормадан көп болады деп болжанып отыр.