Қазақстан Германияға 154 мың тонна мұнай жеткізеді

«ҚазТрансОйл» жүк жөнелтушілер алдындағы міндеттемесін орындап отыр.

Қазақстан Германияға 154 мың тонна мұнай жеткізеді
ашық дереккөз

«ҚазТрансОйл» АҚ тасымалдау департаментінің директоры Абай Бейсембаев Қазақстан Германияға жеткізетін мұнай көлемін арттыратынын айтты, деп хабарлайды Turkystan.kz.

Департамент директорының дерегінше, Германияға «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдау көлемі 100 мың тоннадан 154 мың тоннаға дейін ұлғаяды.

«Қара теңіз суындағы күрделі метеорологиялық жағдайға қарамастан, «ҚазТрансОйл» АҚ жүк жөнелтушілер алдындағы міндеттемесін толық орындап отыр. «Транснефть» ЖАҚ тарапынан ешқандай шектеу жоқ. «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ жүйесі бойынша мұнайды тасымалдаудың шектеуіне байланысты «ҚазТрансОйл АҚ мұнайды біздің жүйе арқылы тасымалдауды  жүзеге асырғысы келетін бірқатар жүк жөнелтушілер жүгінді. «Транснефть» ЖАҚ-пен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» ресурстарын қосымша тасымалдау бойынша жедел жұмыс жүргізілді. Қараша айында Германияға 100 мың тонна жеткізу жоспарланған болатын. «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша Германияға «Адамова застава» мұнай тапсыру пунктінің бағыты бойынша қазақстандық мұнайды тасымалдау көлемі 154 мың тоннаға ұлғайтылды», – деп хабарлады Абай Бейсембаев.