«Біреуі келіп «апа, кешір» деген жоқ»: АЛЖИР мұражайында лифтіден құлаған қария жүре алмай қалған

Қарияға бірнеше рет ота жасалғанымен, аяққа тұра алмаған.

«Біреуі келіп «апа, кешір» деген жоқ»: АЛЖИР мұражайында лифтіден құлаған қария жүре алмай қалған
Фото: видеодан алынды

Ақмола облысындағы АЛЖИР музейінде лифтіден құлап, жарақат алған қария төрт айдан бері төсек тартып жатыр. Turkystan.kz бұл туралы КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қарияға бірнеше рет ота жасалғанымен, аяққа тұра алмаған. Ал жауапты мекеме басшылығы көмек тұрмақ, кешірім де сұрамады деп өкпелі 83 жастағы әжей.

Науқастың жақындары да тергеудің тым созылып кеткенін айтады. АЛЖИР музей кешенін көруге барған Еркіндік Арықтаева шілдеден бері тұра алмай төсек тартып жатыр. 

«Музейге бардым, дұға жасайын, қанша кісі құрбан болды деп. Екінші қабатта әйелдер бар деген соң,сонда шығайын деп лифтіге отырдық. Бірдеңе дүрілдеді, жоғары кеткеннен кейін бір уақытта тарс етіп құладық. Басыма да түсті, топырақ, тас, есімді бірде білемін,бірде білмеймін. Әйтеуір жедел жәрдеммен ауруханаға әкелді. Біреуі келіп «апа, кешір» деген жоқ қой», – дейді Еркіндік Арықтаева.

Ал музей басшылығы барлығына лифтке қызмет көрсететін компанияны айыптап отыр. Сондай-ақ қарияның жақындарымен де бірнеше рет кездескендерін атап өтті.

«Біз ол кісілермен неше рет кездестік, неше рет сөйлестік. Содан кейін біз апаға төсек алып берейік, жағдайы қандай, дәрі-дәрмекке көмектесейік дедік. Бірақ арамызда түсіністік болмады. Біз сотқа жеткізбей, мынау нені жабуға мүдделіміз. Қаражат сұрап жатыр ма, әлде? Ол жағын айта алмаймын енді. Ол енді біздің арамыздағы нәрселер ғой», – деді қала бойынша бірлескен музейлер дирекциясы директорының орынбасары Самат Тергембаев.

Жалпы істен шыққан лифт 2009 жылы пайдалуға беріліпті. Олқылықтары бола тұра, сол кездің жөнделген жоқ деп отыр мекеме басшылығы. Сондай-ақ лифтке қызмет көрсету үшін жылына 350 мың бөлінетіндіктен, компаниялар құлшыныс танытпайтын көрінеді. Ақыры лифттен қайыр болмаған соң, келесі жылы күрделі жөндеу аясында пандустар орнатылмақ. Ал қарияның жақындары тергеудің созылып кеткенін айтып, жауаптылардың жазаға тартылғанын қалайды.