Маңғыстау облысында метан газымен жүретін көлік саны артады

Автомобиль жолдары өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды сала екенін атап көрсеткен әкім биыл 250 шақырымды қамтитын 15 жобаның жұмыстары жалғасын тапқанын жеткізді.

Маңғыстау облысында метан газымен жүретін көлік саны артады
Фото: kolesa.kz
736

Маңғыстау облысының көліктік-логистикалық мүмкіншілігін толығымен пайдалану бағытында орталық мемлекеттік органдармен  және Үкіметпен бірігіп қызмет атқарылып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасаған өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлады  turkystan.kz ortcom.kz-ға сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Ақтау және Құрық порттарын кеңейту, контейнерлік, сұйық және басқа да жүктерді жөнелту әлеуетін арттыру және қажет материалдық-техникалық базаны жетілдіру мәселелеріне ден қойылып отыр. 

«Күні кеше Ақтау портынан Бакуге мұнай таситын екі танкерді іске қостық. Бұл да өз кезегінде артылатын жүктің көлемін арттыруға мүмкіншілік береді», – деді Нұрлан Ноғаев. 

Автомобиль жолдары өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды сала екенін атап көрсеткен әкім биыл 250 шақырымды қамтитын 15 жобаның жұмыстары жалғасын тапқанын жеткізді. Оның айтуынша, жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының жағдайы қазір 95% құрайды. 

«Қазір Үкімет, Көлік министрлігі «Бейнеу-Шалқар» жолын салу жөніндегі жұмыстарымен айналысып жатыр. Техника-экономикалық негіздемесі жасақталып жатыр. Ол жол Бейнеу  ауданындағы 3 елді мекеннің жанынан өтеді. Бұл сол елді мекен тұрғындарына кәсібін ашуға үлкен ықпал етеді», – деп атап көрсетті облыс басшысы. 

Нұрлан Ноғаев тұрғындар тарапынан сынға ұшыраған қоғамдық көлік мәселесіне де тоқталды. Көбінесе көліктің жетіспеушілігіне немесе көліктің сапасына қатысты сын айтылғанын жеткізді. Бұл мәселені шешу мақсатында 140 автобус сатып алу жоспарланған. 

«Қазіргі таңда 54-і келіп отыр. 140-тың 120-сы метан отынын пайдаланатын автобустар болады. Бұл дизель отынына немесе бензинге қарағанда бағасы әлдеқайда төмен. Және экологияға әсері өте төмен болады. Алдағы уақытта Жаңаөзен қаласында, Маңғыстау ауданында, басқа да қажет жерлерде қойып, облыста  метан газымен жүретін көліктің  саны арттыруға ықпал етеміз. Және де коммуналдық  меншіктегі техникаларды метанға ауыстыру жөніндегі мәселелермен айналысып жатырмыз», – деді спикер.

Ол жылдың аяғына дейін 120 автобус іске қосылып, Ақтау қаласындағы, Мұнайлы ауданыдағы жолаушыларды тасымалдау мәселесі оңтайлы шешілетінін айтты. Сонымен бірге, Жаңаөзен, Форт Шевченко, басқа аудан орталықтарына, қалаларға маршруттар ұйымдастыру жоспарланған.  Кәсіпкерлер дайын, олардың шығындарын бөлісетін субсидиялау мәселесі де назарда екенін жеткізді.

 

Серіктес жаңалықтары