Жеті жылға жоспар: әлеуметтің әл-ауқаты қалай?
Жалпы, үш қағидат негізінде құрылады деген жаңа саясаттың үш тармағында да әлеуметтік мәселелер қамтылған.
Президент сайлауы өткеніне бір жыл толды. Сайлау алдында Президент өзінің 7 жылға жоспарын жариялаған болатын. "Ең алдымен экономика, әлеуметтік сала мен өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер туралы бастама көтермекпін. Алдағы реформалар халықтың мұң-мұқтажына тиімді жауап болмақ, сонымен бірге сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұрақтылығымызды күшейтпек", – деген болатын Президент сайлауалды Үндеуінде.
Жалпы, үш қағидат негізінде құрылады деген жаңа саясаттың үш тармағында да әлеуметтік мәселелер қамтылған болатын. Сонымен, әлеуметтік мәслелер қаншалықты шешімін тауып жатыр?
– Дамыған әлеуметтік инфрақұрылым жасауды және адам әлеуетін іске асыру үшін жан-жақты мүмкіндік беруді көздейді. Біз саламатты, білімді, еңбексүйгіш, әлеуметтік қорғалған және отаншыл қоғам қалыптастырамыз. Бұл – Үндеудегі үшінші қағидат.
Қазақстан азаматтарының жақсы өмір сүргенін қалайтынын айтқан Президент халықтың қолдауының маңызы туралы да айтты.
– Аталған өзгерістің бәрін жақын арада жүзеге асыруға ниеттімін. Халық қолдауы осы мақсаттарға жетудің басты кепілі болады. Көзделген игі өзгерістерді іске асыруға неғұрлым көп азамат қатысса, нәтижеге соғұрлым тезірек жетеміз, – деп сол кезде Президент сайлауалды бағдарламада айтылған жоспарлар мен көзделген нәтижелер жақын арада жүзеге асатынын айтқан.
2023 жылғы 20 сәуірде жаңа Әлеуметтік кодекс қабылданып, 1 шілдеден бастап заңды күшіне енді. Жаңа кодекстің басты міндеті – мемлекеттен кім, қандай жағдайда және нендей көмек ала алатынын нақты бекіту, әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту ісінің негізін қалыптастыру. Сондай-ақ, осы мақсатқа жету үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісім-шарт жасау. Бұл өзгерістердің негізі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау. Әлеуметтік кодексті әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, Еуроодақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынған. Мұнда өз еліміздің ерекшеліктері жан-жақты ескерілді. Кодекс 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады.
Кодекстің бірінші жаңалығы – Отбасының цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылып жатыр.
Кодекстің екінші жаңалығы – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы. Оған сәйкес мемлекеттік қолдау алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатын атаулы шара, одан кейін ғана атаулы әлеуметтік көмек ретінде қарастырылатын болады.
Кодекстің үшінші жаңалығы – әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің трансфомациялауға қатысты. Мұндағы негізгі мақсат мүгедектігі бар азаматтардың көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін, әсіресе ауылдық округтерде, арттыру.
Кодекстің төртінші жаңалығы – әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне қатысты болды.
Ал бесінші жаңалығы – халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері төңірегінде.
Одан бөлек, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық түрі өсті. Бұл 4,4 млн зейнетақы мен жәрдемақы алушыға әсер етті. Осы мақсатқа республикалық бюджетте 4,6 трлн теңге қарастырылған.
– Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 477,6 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 760,1 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 717,5 млрд теңге қарастырылды, – деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты мүгедектік және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақылардың мөлшері де артты.
Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өсуіне байланысты тағы да бірқатар жәрдемақының мөлшері өсті.
Мәселен, жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де әйелдерге бала тууға байланысты төленетін мемлекеттік қолдаудың мөлшері енді: бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңге (2022 жылы – 120 840 теңге), төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңгені (2022 жылы – 200 340 теңге) құрайды.
Республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады, оның мөлшері АЕК өсуін ескере отырып, биылдан бастап 8,5%-ға өсті.
Жұмыс істейтін ата-аналар бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алады. 2023 жылдан бастап Президент тапсырмасымен бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.
Президент Жолдауында балалар кәмелет жасына толғанға дейін Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын арнайы жинақтаушы шоттарға аудару туралы бастама көтерген болатын. 18 қарашада Парламент заңды қабылдап, Президентке жіберді.
Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылатын болды.
Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық табысының 50 пайызы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ал 2024 жылы 18 жасқа толатын балалардың шотына 1 ақпаннан кейін қаражат аударылады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Жобаға қатысуға 9 банк өтініш берген, олардың барлығы арқылы ақша алуға болады. Ақшаны балалар шешіп алғанға дейін доллармен сақталып, Ұлттық қор шешімімен инвестицияланып, табыс әкеліп отыруға тиіс. Жоба аясында алған қаржыны оқу ақысын төлеуге немесе тұрғын үй алуға жұмсауға болады. Ата-аналар баласының шотына түсетін қаржыны БЖЗҚ немесе еGov арқылы тексеріп отыра алады.
1 қыркүйектегі Жолдауында мемлекет басшысы су ресурсына, оны үнемдеу қажет екеніне ерекше тоқталып, әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұрғанын айтқан еді. Осылайша, Мемлекет басшысының жарлығымен елімізде Су мәселесімен айналысатын жаңа министрлік – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Жаңа министрлік Экология және табиғи ресурстар министрлігінен бөлініп шықты.
Бұл – атқарылған жұмыстардың негізгі, бастылары. «Қазақстан азаматтарының жақсы өмір сүргенін қалаймын» деген еді Президент сайлауалды бағдарламасында. Жалпы, қай бастаманы алсақ та, түбі халықтың, әлеуметтің өмір сүру сапасын көтеруге бағытталуы керек.