Таразда газ жарылысынан төрт жұмысшы зардап шекті

Болжам бойынша, жұмысшылар техникалық қауіпсіздікті сақтамаған болуы мүмкін

Таразда газ жарылысынан төрт жұмысшы зардап шекті
КТК телеарнасы
957

Таразда газ құбыры жарылып, ауыр жарақат алған төрт адам ауруханаға жеткізілді. Жұмысшылар жылыту қазандығын орнатып жатқан кезде жаңа салынып жатқан дүкеннің күлі көкке ұшқан, деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Оқыс жағдай халық тығыз орналасқан мөлтекаудандардың бірінде болды. Жарылыстан кейін өрт шығып, ол тез арада сөндірілген. Ал жансақтау бөліміне жеткізілген жұмысшылардың жағдайы ауыр. Науқастардың денесі мен тыныс алу жолдарын күйік шалған дейді дәрігерлер. Қазір жарылысқа не себеп болғаны анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, жұмысшылар техникалық қауіпсіздікті сақтамаған болуы мүмкін. Өйткені дәнекерлеу жұмысы газ құбырына тым жақын қашықта жүргізілген.

«Тыныс алу жолдарының күюіне байланысты ауыр жағдайда күйік бөліміне жатқызылды. Төртеуінің жағдайы түзеліп келе жатыр. Науқастар өз-өзіне келіп, ауырғаны басылып, барлық ем домы жасалып, медициналық тексеруден өткізіліп жатыр», - деді Тараз көпбейінді аурухананың бөлім меңгерушісі Әбілсейіт Сыдықов.

Серіктес жаңалықтары