Дархан Ермаханұлы: Құндылықтарға негізделген білім ғана пайдалы болмақ
Ұлт болашағы жолында «мектеп, оқушы, ата-ана» атты алтын үштіктің ынтымақтастығының үлесі орасан.
Ел тәуелсіздігімен үзеңгілес келе жатқан отандық білім ошағының бірі – «Білім-Инновация» лицейлері. Тарихы терең, бағыты айқын білім ордасының 30 жылы олжалы, тағылымға толы болды. Асыл мұратты серт еткен, татулық пен ізгіліктің жаршысы болған «Білім-Инновация» лицейлеріне сұраныстың жоғары болуы да сондықтан болар. Осы орайда «Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Ермаханұлымен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.
– Халықаралық деңгейде 4 558 медаль, республикалық деңгейде 5 142 медаль, жалпы саны 27 593 медаль жеңіп алған, ал өңірлердегі оқу орны бірнеше рет Гиннестің рекордтар кітабына енген лицейдің негізгі миссиясы қандай?
– 1993 жылы негізі қаланған «Білім-инновация» қорының құрамында бүгінде еліміз бойынша 32 лицей бар. Қазақстанға алғаш рет білім саласы бойынша халықаралық тәжірибе біз арқылы келді. Ол жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту жүйесі болатын. Негізгі миссиямыз – оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру. Шәкірттеріміз ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып, заманауи білімді игереді. Лицейлерімізден мақсаты мен бағыт-бағдары айқындалған, ұстанымдары мен қағидаттары қалыптасқан, заманауи білім мазмұны орныққан түлектер ұшып шығады. Бұл – білім берудің экожүйесі. Жалпы, біздің лицейлерде үш тілде білім беру моделінің мазмұны толық қалыптасқан. Жаратылыстану бағытындағы бес пән бізде ағылшын тілінде жүреді. Ағылшын тілінде жаратылыстану бағытындағы пәндерді игерген бала ертең Қазақстанның ғана емес, әлемнің үздік жоғарғы оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болады. Мысалы, биыл бір оқушымыз Стэнфорд Университетіне оқуға түсті. Біз шәкірттерімізді тек қана Қазақстан нарығына емес, әлемдік халықаралық нарыққа дайындаймыз. Facebook, Amazon, Google компанияларында жұмыс істейтін шәкірттеріміз көп. 30 жыл ішінде «Білім-Инновация» лицейлерінен тәжірибе жинақтап, бүгінде иық тіресе отандық білім саласына үлес қосып жатқан әріптестерімізді көріп қуанамыз.
Басты миссиямыз – білім мен тәрбие саласында отандық және халықаралық озық тәжірибелерге сүйене отырып, бәсекеге қабілетті және үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыруға жағдай жасау арқылы еліміздің адами капиталының дамуына үлес қосу.
– Ақыл-ойдың заңғар биігі – білім. Осы орайда «Білім-инновация» лицейлерінің білім берудегі заманауи инновациялық ерекшелігі неде?
– Басты ерекшеліктің бірі оқулықты өзіміздің мұғалімдеріміз жазады. Алғаш ашылған жылдары оқулықты шетелдік мұғалімдер жасады, ал 2000 жылдардан бастап өзіміз жаза бастадық. Бір пәнді жақсы игерген баланы мұғалімдікке бағыттап, өзіміз жетілдіріп, лицейлерімізде ұстаз болуға жетелейміз. Осы 30 жылдың ішінде өз орталығымызда
4 000-ға жуық ұстаздың білімін жетілдірдік. Олардың 75 пайызы – ер мұғалімдер. Өйткені бізде 32 лицейдің 22-сінде ұлдар оқиды. Білім беруде негізінен 2 инновациялық әдістеме қолданамыз. Оның бірі – CLIL. Бұл өзге ұлттар үшін ағылшын тілде пән оқыту әдістемесі. Бұл – қазір әлемде ең көп қолданып жатқан тәсіл. Оқулықтарымыз осы әдістеме негізінде жазылған. Екінші әдістеме – EMI, бұл сабақ 100 пайыз ағылшын тілінде өтеді деген сөз. Қазір 150-ден астам мектеп осы әдістемемен оқытып жатыр. Әр мектеп әртүрлі, мұғалімдерінің әлеуетіне қарай бір пәнді, кейде 5 пәнді ағылшын тілінде оқытып отыр. Министрліктің тікелей тапсырмасымен жаратылыстану пәндерінен сабақ беретін 25 мың мұғалімнің ағылшын тілін жетілдірдік.
Жалпы, ағылшын тіліне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Қазір ақпараттық соғыстың кезеңі. Кім ақпаратты көп білсе, билік соның қолында. Тіл білсеңіз, ойыңызды, пікіріңізді, көзқарасыңызды, біліміңізді әлемге дәлелдей аласыз, түсіндіре аласыз. Ал осының негізі орта мектепте қалыптасуы керек. Бұл бағытта біз Қор қаражатына оқулық жаздыртып, мұғалімдердің білімін жетілдіруді тұрақты түрде жүзеге асырып келеміз.
– Финляндияда «Ең жақсы мектеп – үйге жақын мектеп» деген сөз бар. Яғни, олар мектепті рейтингіне қарай емес, жақындығына қарай таңдайды. Өйткені бәрінің сапасы қарайлас. Біз мұндай деңгейге қашан жетеміз?
– Финляндия – білімсіз адамның болашағы бұлыңғыр екенін саналы түрде түсінген ел. Финдіктер ХХ ғасырдың ортасында білімге қатты көңіл бөле бастады. Өйткені оларда жерасты қазба байлығы жоқ. Елдің білім жүйесін дер кезінде реформалады, нәтижесінде экономикасы күрт өсті. Осылайша, бүгінде әлемнің ең озық өркениетті елдеріне қосылып отыр.
Өзім Финляндияда болдым, білім жүйесімен жақсы таныспын. Біріншіден, олар мұғалім даярлау ісіне ерекше мән береді. Магистр дәрежесі жоқ мұғалімді жұмысқа алмайды. Олардың мұғалімдері біздегідей «жұмыс таппағандықтан», «айлығы тұрақты ғой, бола салайыншы» деп мұғалім болмайды. Екіншіден, фин мұғалімдері заманауи әдіс-тәсілдермен мықты қаруланған және білім беруде соны пайдаланады. Үшіншіден, оқушылар тек бірауысымды мектепте оқиды. Оқушылар таңертең 9-да сабаққа кіргеннен 16:00-ге дейін еркін оқиды. Мектеп бағдарламасы, сабақтан тыс қосымша білім беру мәселелері де осы уақытта шешіледі. Бала таңертең мектепке кіргеннен бастап назары тек білім алуда болады. Бізде де жеке мектептер бар бір ауысыммен оқитын. Бірақ ондай мектептер халыққа бірдей қолжетімді емес. Алайда біз де осыған жетуге тырысуымыз керек. Өйткені бір ауысымды мектеп баланың жетістікке жетуі үшін өте маңызды.
Президентіміздің бастамасымен биылдан бастап салына бастаған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуге бағытталып отыр. Біздегі ендігі мәселе мұғалімдерімізді дұрыс жетілдіру. Бұл бағытта қазір университеттер мұғалім мамандығын таңдаған түлектерге шекті балды жоғарылатып отыр. Бұл дегеніміз алдағы 10 жыл шамасында өте сапалы мұғалімдер еңбек нарығына шығады деген сөз.
Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақшы» деген сөзі дәл айтылған. Егер мұғалім мазмұнды жақсы игерген, әдіс-тәсілмен қаруланған, өзінің мақсат-мұратын, бағыт-бағдарын нақты түсінген, сезінген болса, онда мәселе шешіледі деген сөз.
– «Білім-Инновация» лицейлері сапалы біліммен қатар, саналы тәрбиені дұрыс жолға қойған білім ошақтарының бірі. Жасөспірімдер арасында вейп, есірткі, синтетикалық заттар, ішімдік пен құмар ойындарға қызығушылық көп тараған кезеңде балалардың тәрбие жұмысы қалай жүргізіліп отыр?
– Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Білім мен тәрбиені қарлығаштың қос қанатындай қатар ұстап, оқушыларға құндылықтарға негізделген білім беру – басты мақсатымыз. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт мұраты. Ұлтқа, мемлекетке өлшеусіз үлес қосатын ең мықты жол – білім жолы. Осы ретте біз мұғалімдердің тәрбиеге қатысты ой-түсінігіне, қарым-қатынасына, көзқарасына, түйсігіне қозғау салуды ойладық. Біліммен мықты қаруланған мұғалімдерді даярлау жолында бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына арнап оқу-әдістемелік құрал шығардық. «Білім-Инновация» лицейлері адамзатқа ортақ 18 құндылық (жауапкершілік, отансүйгіштік, адалдық, т.б.) бойынша тәрбие жұмысын жүргізеді. Әрбір құндылық оқушыларға бір ай бойы насихатталады. Директор, мұғалім, оқушылар, ата-ана мен қызметкерлерден құрылған команда осы құндылықтарды насихаттауға басымдық береді. Мысалы, құрмет құндылығын тәжірибелік тұрғыдан бір ай бойы қалай насихаттаймыз деген сауалға команда мүшелерінің бәрі жауап беріп, ортақ шешім қабылданады. Бір ай бір құндылықты ұжым болып насихаттау өз жемісін бермей қоймайды. Бұл – өз тәжірибемізде дәлелденген жүйе. Сондай-ақ бұл жерде бәрі келісіліп жасалады, қатып қалған ештеңе жоқ. Тіпті, құндылықтардың тақырыптары да жергілікті жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін. Вертикальды жүйе жоқ, «Біз айттық, сендер жасаңдар» деп төбеден төніп тұрған ешкім жоқ. Қазір біздегі көп істің шешілмей жатқанына осы жүйе кері әсер етіп отыр. Тәрбие мәселесінде вертикальды жүйе «жүрмейді».
Оқушының ақылын ұштай бергеннің пайдасынан зияны көбірек байқалуы мүмкін кейде. Шәкірт білімді, ақылды болғанымен өзімшіл болса ше? Қазір әлемде соғыс бастап отырған мемлекет басшыларын ақымақ, білімсіз дей алмайсыз. Олар жоғары оқу орнын бітірген, тіпті бірнеше тіл меңгергендер. Қабілеттері де жоғары. Алайда олардың бойына мейірімділік, сүйіспеншілік қасиеттері аз. Сондықтан олар адамзатқа қиянат жасап, қастандық істей алады. Міне, тәрбиесіз, құндылықсыз берілген білімнің бір көрінісі осы.
Құндылықтарға негізделген білім алған бала өзінің мақсатын, өмірдегі орнын, тіпті кемшілігін де біледі. Және сол кемшілігін жөндеуге саналы түрде талпынып, өзін жан-жақты дамытады.
Әдетте, жат қылықтарға қолы бос, ата-ана назарынан тыс қалған балалар әуес келеді. Баланы жақсы істерге қызықтырып, шабыттандырып отыру керек. Мектеп екі мың, үш мың баланы бір жерге тығып қойып, білім беріп, сыныптан сыныпқа көшіріп оқытсақ болды деп отырса, бұл жарамайды. Мектеп жайлы болса, мұғалім баланың бейімін байқап, арқасынан қағып қолдаса, үйде ата-анасы қанаттандырса, оқушы алға ұмтылады. Бала өзіне жасалған қамқорлықты да, немқұрайлылықты да сезеді.
– Бүгінгі ата-ана бала тәрбиесіндегі өздерінің орнын жете түсінбейтіндей көрінеді. Жауапкершілікті мектепке, мұғалімге сілтеп отырады. Осы ретте бүгінгі ата-ана баласымен қалай қарым-қатынас жасауы керек деген сұраққа жауап берсеңіз.
– Ұлт болашағы жолында «мектеп, оқушы, ата-ана» атты алтын үштіктің ынтымақтастығының үлесі орасан. Ата-ана, мектеп, мұғалім үштігі – баланың білім алу, тәрбие ісіндегі негізгі үштаған. Ата-ана баланың өміріне белсенді араласуы керек. Баланың білімін бақылап, тәрбиесін қадағалап, тоқсан сайын мұғалімдермен сөйлесіп отырған ата-ана ұтылмайды. Осыған уақыт табу керек. Мектеп пен ата-ана арасында қарым-қатынас үзілмеу керек, ол үшін білім ошағы да диалогқа ашық болуы тиіс. Педагог пен ата-ана бір-бірін түсінбесе, бағыт-бағдарын, жоспарларын бөлісе алмаса, ол мектеп ұзаққа «бара алмайды». Осы ретте ата-аналар да өз бетінше ізденіп, дамып, кітап оқып, баласының психологиясын зерттеп, мінезін «тануы» керек. Өйткені бала ең бірінші ата-анаға қажет. Баласын мектепке беріп қойып, жауапкершілігі менде емес деп отыратын ата-аналар да бар. Олар кейін осы әрекеттерінен опық жеп жатады.
– Мектептерге арналған PISA зерттеуіне Қазақстан мектептері тұрақты қатысады. Зерттеу нәтижелері біздің қоғамымызға, орта білім беруді жетілдіруге қаншалықты әсер етеді?
– PISA зерттеуінің өте үлкен пайдасы бар. Біз Қазақстанның білім беру жүйесінің қай деңгейде тұрғанын көреміз. Былайынша айтқанда, ол біздің диагностикамыз. «Біздің қай жеріміз «ауырып» жатыр? Қандай мәселелер бар? Мақсатқа жетудегі кедергілер қандай?» деген сұрақтарға жауап аламыз. Мұндай зерттеулер – стратегиялық дамуымызға қозғаушы күш. Сол себепті халықаралық сарапшылармен бірлесе жұмыс істеу маңызды. Бұл білім беру саласын алға жылжытады. Оңтүстік Корея қалай дамыды? Олар Американың даму үлгісін өздеріне көшіріп алды. Оны өздері де мойындайды. «Біз ештеңе ойлап тапқан жоқпыз, тек дайынды іске асырдық» дейді. Сондықтан халықаралық жарыстарға, конференцияларға қатысу, тәжірибе алмасу өзекті. Мұндай тәжірибелер Қазақстан үшін өте керек. Біз халықаралық тәжірибе сүйенбесек, дами алмаймыз. Білім – бүкіл адамзаттың ортақ қазынасы. Ресейден де, Америкадан да, Еуропадан да, Қытайдан да үйренеріміз көп. Білім жаһандық, тәрбие ұлттық болған кезде ұтамыз, дамудың жаңғыл жолына түсеміз.
– Директорлардың бір мектепті ұзақ жылдар басқаруы қаншалықты тиімді?
– «Білім-Инновация» халықаралық қоры мұғалімдерді 3-4 жылда бір рет басқа лицейге ауыстырып отырады. Мектеп директорларын да жиі ауыстырады. Өйткені білім беруде бір жерде тұрып қалуға болмайды. Бұл – тоқтаусыз процесс. Мектеп директоры 20 жыл бір жерде тапжылмай отырса, ол жерде білім беру тоқтады деген сөз. Мысалы, өзім «Білім-Инновация» лицейінің түлегімін, осыған дейін 5 мектепте директор болдым. Әр барған мектебіме өз тәжірибемді апардым. Білесіз бе, үйрету мен үйренудің ең басты жауы – жалығу. Адам бір істі қайталай берген кезде жалығуы басым болып, керісінше аңғарымпаздығы жоғалады. Мәселен, Мона Лиза картинасы кабинетіңізде тұрса, бірінші күні қарап таңғаласыз, екінші күні тамсанасыз, үшінші күні қуанасыз, ары қарайғы күндерде ол кәдімгі картина болып қалады. Сол сияқты директор да бірінші жылы жаңа жерде өзін дәлелдеуге тырысады. Екінші жылы терлеп жұмыс істейді. Өйткені өзін мойындатып, қабылдатуы керек. Үшінші жылы еткен еңбегінің жемісін көре бастайды. Төртінші жылы директордың беделі өзіне «жұмыс істейді». Бесінші жылы кабинетінен шықпайды. Алтыншы жылы тіпті кабинетіне келмейтін болады. Міне, мектептегі білімнің тоқырауының бір ұшы осында жатыр.
Білімге үстірт қарау – үлкен дұшпандық. Білім процесінде ұстап көру, үйрену, сезіну өте маңызды. Гарвард университетінде 4 жыл оқысаңыз, сізді магистратураға қабылдамайды. Магистратураны басқа жерде оқып келіңіз, докторантураға бізге кел дейді. Неге? Өйткені адам бір жерде тұра берсе, жалығу пайда болады. Қазақ мұны «Тұра берсе, су сасиды» дейді. Сондықтан сапалы білім беру үздіксіз білім берумен тығыз байланысты.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ