Тісімізді дұрыс жуып жүрміз бе? – стоматолог жауабы

Қазақстанда халықтың 70-80 пайызы тісін дұрыс тазаламайды. Өйткені әр тісті щеткамен 10-15 рет жуу керек. Ал бізде тіс жуу процесі 1-2 минутқа ғана созылады.

Тісімізді дұрыс жуып жүрміз бе? – стоматолог жауабы
1730

Бүтін әрі сау тістер – адам денсаулығының басты кепілі. Тісті сау қалпында сақтау үшін әрбір тамақтанғаннан кейін ауызды шайып, тісті тазалау қажет екенін бәрі біледі. Ал бірақ біз тісімізді дұрыс тазалап жүрміз бе? Жалпы тісті қалай тазалаған дұрыс? Тіс ауруларын қалай алдын аламыз? Осы және өзге сұрақтарды стоматолог-дәрігер Әлібек Титановқа қойған едік.

Маман тіс тазалаудан бұрын алдымен ауыздан жағымсыз иіс шығудың себептерін анықтап алған дұрыс дейді.

«Адамның аузынан жағымсыз иіс шығуның себебі көп. Мысалы, тіс жиегінің пайда болуы. Бұл – шіру процесі. Тіс шіріп бастағаннан кейін адамның аузынан жағымсыз иіс шығады. Одан бөлек тістің айналасында тас жиналған кезде де ауыздан жағымсыз иіс шығады. Бұл жағдайда пастамен тісті жуып, артынша бальзаммен шаю жеткілікті. Адамдар көбінесе алдыңғы тістердің бетін ғана тазалайды да, тілге жақын аймақты, азу тістің қуыстарын дұрыс тазаламайды. Тісте тұрып қалған тамақ қалдықтарынан түрлі зиян бактерия пайда болатынын біле жүріңіз», – дейді ол.

Маманның айтуынша, Қазақстанда халықтың 70-80 пайызы тісін дұрыс тазаламайтын көрінеді. Өйткені әр тісті щеткамен 10-15 рет жуу керек. Ал бізде тіс жуу процесі 1-2 минутқа ғана созылады. Бұл – дұрыс емес. Тіс жуғанда щеткамен 320 қимыл жасау керек. Яғни тісті 3-4 минут жуған дұрыс. Сондай-ақ тісті күніне 2 рет, ұйықтайтын кезде және таңғы астан кейін жуу маңызды. Ал бізде таңертең оянғаннан кейін тісті жуады да, таңғы астан кейін жумайды. Бұл бекерге кеткен іс болып есептеледі.

«Әркімнің жеке өз тіс пастасы мен щеткасы болуға тиіс. Тістің жай-күйі әртүрлі. Мысалы, бірінің тісі тым сезімтал болса, енді бірінің тісінде тас жиі жиналады. Яғни әрбір адам тісінің жай-күйін білу үшін стоматолог-дәрігерге қаралып, маманның кеңесін тындағаннан кейін тіс пастасы мен щеткасын таңдай алады.

Тіс пастасының бір түрін ғана қолданбаған дұрыс. Өйткені ауыз қуысындағы әртүрлі микроорганизмдер сіз қолданып жүрген пастаға үйренісіп, қарсы тұра алатын болады. Соның нәтижесінде пастаның ешқандай көмегі болмай қалады. Сол үшін де щетка секілді тіс пастасын да ауыстырып тұрған жөн», – дейді Титанов.

Стоматолог щеткамен тісті тазалаған кезде тілді де тазалау маңызды екенін айтады. Өйткені ауыз қуысында жиналған микроорганизмдердің бәрі тілде де болады. Сол үшін оны тіс щеткасының артқы бөлігі арқылы тазалаған жөн.

«Тіс ауруларын алдын алу үшін ауыз қуысы гигиенасын сақтауымыз керек. Одан бөлек жылына кемінде 2 рет стоматолог маманға қаралып тұру маңызды.

Тіс ауыратын кезден алдын адамға 1-2 рет белгі береді. Сол кезде стоматологқа барған дұрыс. Сонда сіз қаражатыңызды үнемдейсіз және тісіңіздің бұзылуына жол бермейсіз», – дейді маман.

Серіктес жаңалықтары