Самат Смақовтың анасы Құдайдан не тілейтінін жариялады

«Елімай» Самат Смақовқа бас бапкердің көмекшісі қызметін ұсынды.

Самат Смақовтың анасы Құдайдан не тілейтінін жариялады
Алексей Сисенбин
1180

Өткен аптада Самат Смақов семейлік «Елімай» футбол клубы бас бапкерінің міндетін атқарушы қызметінен кетті, деп хабарлады Turkystan.kz.

Бұл туралы «Елімай» футбол клубы әлеуметтік парақшасына: «Осыдан 1 жыл бұрын Абай облысының айтулы жаңалығы аты аңызға айналған «Елімай» футбол клубының қайта құрылғаны жайлы еді. Бүгінде бірінші лигадағы жорығын бірінші орынмен тәмәмдады. Келер жылы клуб КПЛ-де өнер көрсететіндіктен Самат Смақов жаттықтырушы қызметін атқара алмайды. Себебі футбол ережесіне сәйкес бас жаттықтырушыда болуы тиіс PRO лицензиясы жоқ, оны алу үшін ұзақ уақыт қажет. Ал КПЛ маусымы оны күтіп тұра алмайды. Самат Қабирұлының жасаған жұмыстарына зор алғыс білдіреміз! Бас бапкер болып кім келеді?  Оны алдағы уақытта жариялайтын боламыз!» деп жазды.

Бұл жазбаны Самат Смақовтың анасы ауыр қабылдады.

Ол жоғарыдағы жазбаға: «Бұл менің ұлыма «Елімайды» көтергені үшін айтқан рахметтері. Спартак стадионы 19 жыл бойы тыныш жатқан еді. Саматтың арқасында оған жан бітті. Семейлік жанкүйерлер оянды және қуанды. Ұлым сол үшін маңдайтерін төкті. Бірақ біреулерге оның адал көңілі жақпай қалған сияқты. Біреуге оның кетуі керек болды. Мейлі, енді клубтың келер маусымда қалай ойнайтынын көрейік. Құдай куә. Бір Аллаға тапсырдым. Алланың көзі дұрыс болсын. Шыншыл адамдар көп жағдайда көпке жақпайды», – деген пікір қалдырды.

Осы жазбада С. Смақовтың анасы Құдайдан не тілейтінін жариялады.

«Мен өз ұлымның адал және әділ екеніне кепіл болам. Осыны жасаған кісінің Алла жазасын берсін. Бір Құдайдан тілейтінім сол», – деді футболшының анасы.

Бұл пікірге С. Смақов: «Анашым, биік болыңыз!», – деп тіл қатты.

«Елімай» ФК Самат Смақовқа келесі футбол маусымында бас бапкердің көмекшісі лауазымын ұсынғанын мәлімдеді. С.Смақов бұл қызметті 2023 жылы клуб Бірінші лигада ойнаған кезде атқарған. Бұл жолы ол ұсыныстан бас тартты. Алайда себебін түсіндірген жоқ.

«Биыл Самат Смақов клубтың қатарына бас бапкердің көмекшісі ретінде енгізілді, өйткені оның PRO лицензиясы жоқ. Бас бапкер Владимир Никитенко болды», – деді клубтың БАҚ-пен байланысқа жауапты қызметкері Елдар Ермеков.

Айта кетейік, С. Смақов жаттықтырған семейлік клуб биыл бірінші лигада ел чемпионы атанып, Қазақстан чемпионатының жоғарғы дивизионына шықты.

Бұған дейін түрлі ақпарат көздері «Елімай» футбол клубын «Ақтөбеден» кететін Андрей Карпович басқаруы мүмкін екенін хабарлады.

Серіктес жаңалықтары