Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті басталды

Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер қатысып жатыр.

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті басталды
Akorda
1283

Бүгін елордада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммиті басталды.

Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ТМҰ-ға бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысып жатыр.

«Түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға қош келдіңіздер! Ең алдымен, бауырым Реджеп Тайип Ердоған мырзаға және барша түрік ағайындарға Түркияның 100 жылдық мерейтойы құтты болсын дегім келеді. Анадолының ғасырлық шежіресі биік белеске, зор жетістікке толы. Ұлы тұлғаларының арқасында бүгінде Түркия бүкіл әлемге ықпалы бар қуатты мемлекетке айналды.

Сондай-ақ қадірлі Ильхам Гейдароғлы Әлиев мырзаны және Әзербайжан халқын ел іргесін бекемдеуімен құттықтаймын! Сіздің еліңіз аумақтық тұтастығын қалпына келтіріп, дамудың жаңа тарихи дәуіріне қадам басты. Осы тарихи қадам Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына және Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес жүзеге асты.

Сонымен қатар, Ұйымның қазіргі төрағасы Өзбекстан Президенті, құрметті Шавкат Миромонович Мирзиёевке түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосқаны үшін ерекше алғысымды айтамын», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

2021 жылғы 12 қарашада Ыстанбұлда өткен Түркі тілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі саммитінде Түркі кеңесінің атауы Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып өзгертілгенін еске сала кетейік.

Серіктес жаңалықтары